Шығыстағы Ренессанс әлемдік мәдениетті қалай байытты? (Ұлықбек, Әлішер Науаи, Бабыр). Дүние жүзі тарихы, 6 сынып, дидактикалық материал.
Фото: Ұларбек ДәлейұлыҚосымша1ьььҚотт
Қосымша 1
Тапсырма: Мәтінді жеке оқып, топта сұрақтар төңірегінде талдау жасаңдар.
- Неліктен Ұлықбектің ғылыми еңбектері сол замандағы діни өкілдердің қоғамдық сана-сезіміне ықпал етті?
- Ұлықбек обсерваториясының бүгінгі күнгі маңыздылығы неде?
Ұлықбек, толық есімі Мұхаммед Тарағай бин Шахрух – 1394 жылы 22 наурыз күні дүниеге келіпті. (Кейінірек оған Ұлықбек есімі берілген). Оның әкесі Шахрух атақты Әмір Темірдің үшінші ұлы. Шахрух біраз жылдар бойы тахқа отырып, өз дәуірінде ғылымның күшейіп, өркендеуіне үлкен үлес қосқан адам.
Ұлықбек жастайынан өлеңге, тарихи білімге, астрономия мен математикаға қызығып өсті. Ұлықбектің ғалымдығының қалыптасуына оның атасы Темірге ілесіп мәдени, ғылыми дәстүрлері бай елдерді аралауы үлкен әсер етеді. Ұлықбек жас шағында осылай Армения, Әзербайжан, Грузия, Иран, Түркия және Ауғанстандарды аралап көреді. Бұған қосымша, Ұлықбектің ғалым болып шығуына әкесі Шахрух жиыстырған Самарқандағы аса бай кітапхана да зор себепші болады. Ұлықбек Аплатун, Аристотел, Гиппарх, Птолемей сияқты ежелгі грек ғалымдарының классикалық еңбектерімен жақсы таныс болады. Сонымен қатар, ол өзінен бұрын өмір сүрген Орта Азияның көрнекті оқымыстылары Хорезми, Фараби, Ферғани, Бируни, Ибн Сина, Насыреддин әт-Тусилердің негізгі еңбектерін жете білген.
Ұлықбек обсерваториясы одан бұрынғы батыс және шығыс елдерінің обсерваторияларының бай дәстүрлері негізінде салынады. Ұлықбек обсерваторисының негізгі мақсаты – дәлдігі өте жоғары бақылаулар жасай отырып, Марага обсерваториясында жасалған астрономиялық таблицалардың қателерін түзету болды. Мұнда телескоп ойлап табылғанға дейінгі негізгі астрономиялық аспап-құралдардың барлаға да – горизонталь дөңгелек, биіктігі 50 метрге жуық алып квадрант. Күн және астрономия сағаттары, сан түрлі бұрыш өлшегіш нәзік құралдар болды.Міне, осылардың көмегімен обсерваторияда көптеген сындарлы астрономиялық бақылаулар мен зерттеулер жүргізіледі.Ұлықбек өз дәуірінің алдынғы қатарлы, озат ойлы адам болды. Ол жан-жағына ілім шарапатын мол шашуға тырысты. Ғылым мен мәдениетті дамыту мүддесін ескеріп, Ұлықбек бірнеше жерде (Бухарада, Ғиждуанда, Самарқанда) жаңа типті оқу орындарын ашты. Бұларда сабақ беру үшін мұғалімдері діни дәрежесіне емес, білім дәрежесіне қарай іріктеп алды.
Ұлықбек обсерваториясының ең басты еңбегі – «Зидж Гурганидың» («Ұлықбек зиджі») жасалуы болып табылады. Бұл Ұлықбектің басшылығымен жүргізілген көп оқымыстылардың коллективтік еңбегі болып табылады. «Зидж» деген парсы сөзі, ол астрономдар мен географтар үшін жасалған таблицалар жинағы дегенді білдіреді.Ұлықбектің босерваториясында түрлі елдердің байырғы астрономиялық білім-дағдылары жинақталып, “Ұлықбектің баяндауындағы Қытайдың, Сирияның, гректің, арабтың, парсының, Хорезмның атақты астрономдары” деген атпен жеке кітап болып жарыққа шығады. “Зидж Гургани” төрт бөлімнен тұрады:
1. Календарьлар туралы.
2. Уақыт өлшеу жөнінде.
3. Планеталардың қозғалымын анықтау жайында.
4. Астрономиялық басқа мағлұматтар туралы.
Мұнда астрономияның теориляық негіздерімен қатар 1019 жұлдыздың орнын көрсететін каталог жасалған.
Бұл каталог дәлдігі жөнінен Тихо Брагенің бақылауларына дейінгі барлық каталогтардан тәуір болды. Ол Лондонда 1650-65 жылдардың өзінде қатарынан үш рет басылып шықты. XIX ғасырдың орта кезінде Ұлықбек таблицаларының Лондондағы астронмиялық қоғам қайта бастырады. «Кіріспенің» толық аудармасы жарияланады. Салыстыра зерттеу үшін ол таблицалардың маңызы келешекте де еш төмендемек емес.
Ұлықбек өлгеннен кейін мұсылман фанатиктері обсерватоияны талқандап, кітап-құралдарды шашып, талан таржға салады. Ұлықбек мектебінің белсенді өкілі әл – Құсшы Меккеге тауап қылуды сылтау етіп, ең басты ғылыми еңбектерді шет елге алып кетпегенде, Ұлықбектің астрономиялық мектебінің тамаша жетістіктері жайлы тарих еш нәрсе білмей қалған болар еді. Алғаш әл-Құсшы, кейіннен Қазы-Заденің немересі Мариям Шелеби ол еңбектерді іріктеп, түсініктемелер жазып, Стамбулда жарыққа шығарады. Осылар арқылы Ұлықбек обсерваториясының негеізгі жетістіктері Европада кейіннен ғылымның дамуына белгілі дәрежеде ықпалын тигізеді. Ұлықбек мектебінен шығып жатқан ғылыми жаңалықтар ислам дініне қайшы келетіндігін, шариғат ережелерін мансұқ ететіндігін аңғарған дін қызметшілері «обсерваторияны жою және Ұлықбекті өлтіру жөнінде фәтуаға келген» (ескілікті жазбалардан). Бұған Ұлықбектің бейбітшіл және прогрестік саясатын ұнатпаған, атасы Ақсақ Темірдің шапқыншылық жолын қумады деп наразы болған соғысқұмар феодалдар мен тахқа таласқан туыстары қосылған. Ақыры қара ниет топастардың сілімтік тобыры хиджраның 853-жылы рамазан айының 10 күні (1449-жылғы 27-қазанда) Самарқан мен Термез аралығындағы қара жолдың бойында Ұлықбекті қылышпен шауып өлтірген. Оның сүйегі алты айдан кейін ғана жиналып, Самарқанда жерленген.Ұлықбекті өлтірген зұлымдар обсерваторияны да талқандап, ойларына келгенін істеген. Кейбір ғалымдар өлтірілген, кейбіреулері қашып құтылған. Обсерваторияның кірпіштері таланып кеткен, орнына қоқыс пен күл тегіліп, үстінен мал айдалып, жермен жексен етілген. Соның салдарынан Ұлықбек обсерваториясының орны 450 жыл бойы белгісіз болып келді. Оның орнын археолог В.Л.Вяткин тек 1908-жылы ғана тапты. Обсерватория Самарқаннан 4 километр жерде, Шопан-ата адырының оңтүстігінде, Көкек дейтін төбенің басында болған екен.Ұлықбектің обсерваториясын тапқан археолог В.Л.Вяткиннің қабірі өсиеті бойынша осында жерленген. Оның есімі астрономия ғылым тарихында Птоломейдің, Насыреддин әт-Тусидің, Николай Копениктің, Галилео Галилейдің, Джордано Брунолардың есімдерімен занды түрде қатар тұр. Ал оны дүние жүзінің ғылыми жұртшылығына әйгілі болған көптеген мұралары күні бүгінге дейін ғылыми құнын жоймай келеді.
(Деректер үшін: Исқақов М.Ө., Биболаев Қ. Жәмшид Кәши. Орта Азия мен Қазақстанның ұлы ғалымдары (ІХ-ХІх ғасырлары). Құраст: Исқақов Б. -Алматы, 1964. 210-224 б және bigox.kz сайтындағы деректер пайдаланылды)
Қосымша 2
Тапсырма: Мәтінді жеке оқып, топта сұрақтар төңірегінде талдау жасаңдар.
- Бабыр өзінің танымал еңбегі «Бабырнама» арқылы орта ғасырлық мәдениеттің дамуына қандай үлес қосты?
- «Бабырнама» еңбегінің қазақ халқы үшін маңыздылығы неде?
Захир әд-дин Мұхаммед Бабырдың әкесі Ферғананың әмірі Омар Шейх – Ақсақ Темірдің шөбересі, ал анасы Құтлық Нигар ханым – Шыңғыс хан әулетінен тарайтын Жүністің қызы. Омар Шейх кенеттен қайтыс болғаннан кейін 11 жастағы Захир әд-дин Мұхаммед Бабыр мұрагерлік заңымен Ферғананың тағына отырады. Бабыр билік басына Әмір Темірдің ұрпақтары өзара жауласып, империяны әбден құлдыратқан кезде келеді.Осындай жағдайда билік тізгінін ұстаған бала Бабыр көп майданда күрес жүргізіп, сабақты тікелей өмірдің өзінен алады. Өзбектің ханы Шайбанимен хандық үшін талай тартысқа түсіп, жеңіліс тауып, отаны Самарқанды тастап қашуға мәжбүр болған ол, 1504 жылы Кабул бектерінің көмегімен үкімет билігін өз қолына алып, жақсы жарақтанған әскер құрады. Дегенмен елін, туған жерін аңсап жүрген Бабыр Шайбани ханның өлгенін естіп, Самарқанға қарай бет алады. Бабырдың қасында жүрген туған бөлесі, тарихшы ғалым Мұхаммед-Хайдар Дулатидің жазбасына сүйенсек, 1511 жылы өзбектерді жеңіп шыққан Бабырды Самарқан халқы салтанатпен қарсы алғанымен, Иран шахы Исмаилмен одақтас болғанын ұнатпайды. Осыны пайдаланған өзбектер соғыс ашып, Бабырды Хисарға қарай ығысуға мәжбүр етеді. Кабулда билік құрған Бабыр Үндістанды жаулап алу жоспарын жасайды. Жастайынан соғыс алаңында жүріп шыңдалған Бабыр өзінің өмірлік тәжірибесін, өзбектермен ұрыста алған сабақтарын саралай отырып, жорыққа әзірленеді. Үндістанға жиналған 14 жыл ішінде ол әскерін қайта жасақтап, зеңбіректер құйғызып, соғыс тактикасын жетілдіреді. Үндістанға қайта-қайта үлкен жорықтар жасап, ақыры оны өз иелігіне айналдырады. Сөйтіп, қазіргі Ауғанстан мен Үндістан жерінде «Ұлы моғолдар империясы» (Аспан адамдары) аталған үлкен мемлекет құрады және оны үлкен мәдени ортаға айналдырады. Ел ішіндегі ең таңдаулы ақын, шайыр, суретші, әнші, музыканттар мен тарихшы ғалымдарды өз маңына топтап, көркейіп келе жатқан мемлекеттің күйін жырлатады. Сол заманның шеберлерін жинап, медреселер салдырып, көркіне көз тоймайтындай ғимараттар тұрғызады. Сәулетіне аса мән беріп салғызған қалаларының кейбірі осы күнге жеткен.Захир әд-дин Мұхаммед Бабыр «Бабырнаманы» жазғандағы мақсатын: «Үшбу сөзді шағым жазайын немесе қайырымдылығымды білдірейін деп емес немесе мақтан үшін жазбадым, шындықты, болған оқиғаны ешбір қоспасыз сол қалпында қағазға түсіріп отырмын. Сондықтан тумаларымның, бауырларымның жақсы-жаман істерін, алыс-жақын адамдардың кемшілігін де, артықшылығын да бүкпесіз айтып отырмын. Оқырман да, оқырманды құлақ салып тыңдаушы да кешірім етер деймін!» деп түсіндіреді.«Бабырнамада» қазақтың алғашқы хандары Жәнібек, Қасым туралы, Хасен, Әли сияқты ақындары, тарихшы бөлесі Хайдар Дулати жөнінде тарихи деректер бар. Сол сияқты қыпшақ, дулат, жалайыр, арғын руларынан шыққан қолбасыларға, Ұлықбек сияқты қоғам қайраткеріне Бабыр нақты мінездеме берген. Оның әскери іс, музыка, заң ғылымы, тәлім-тәрбие жөнінде жазған көптеген туындылары бар екенін білемізСонымен қатар «Бабырнамада» Темір әулетінің билік құрған кезеңі сипатталады. XV-XVI ғасырлардағы Ферғана, Хиндустан аймағындағы халықтардың тарихы, хандар арасындағы билікке, жерге, таққа таласып жүргізген соғыстары жайлы егжей-тегжейлі баяндайды. Жаңа қалалардың салынуы, архитектурасы, қирауы туралы жазады. Үндістан және Орталық Азия халықтарының тарихын, әдет-ғұрпы мен этнографиясын, мәдениетін толық қамтыған еңбек.Өмірбай БЕКМАҒАМБЕТОВ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ұстазы, тарих ғылымының кандидаты http://alashainasy.kz/kazak_tarihy/on-br-jasta-el-bilegen-er-babyir-71182/
Қосымша 3
Тапсырма: Мәтінді жеке оқып, топта сұрақтар төңірегінде талдау жасаңдар.
- Әлішер Науаи өз еңбектері арқылы халыққа қандай идеяларды жеткізгісі келді?
- Әлішер Науаи еңбектерінің бүгінгі күнгі маңыздылығы қандай?
Әлішер Науаи, толық аты – Әмір Низамуддин Әлішер Науаи. Атына Әмір сөзінің қосылуы тегін емес, барлас руынан шыққан, өз заманында билеуші тапқа кірген адам болған. Әлішер Науаи сарайда қызмет істегенімен сарай ақындарының қатарына қоса алмаймыз. Ол билікті жақтап, патшаны дәріптемеді. Ол адамдықты алдыңғы орынға қойды. Ең биік әрі ең құнды, сұлу тіршілік иесі адам деп танып, адам мен адамшылықтан жоғары тұрар еш нәрсе жоқ деп есептеді. Билік, мүлік, өнер, білім, байлықты адам мен адамшылықтан кейін қарастырылатын дүниелер деп санаған. Өйткені, оның бәрін адамның қолымен жасалады деп білді. Билікте жүріп Әлішер Науаи өнер, ағарту, білім саласында көп қызмет етті. Өнер-білімнің дамуына көп күш салды. Билеушіге үлгі бола білген ойшыл сан ғасыр өтсе де, бірнеше ғасыр адамзатына өнегелі тұлға ретінде танымал. Науаидың айтқан ойлары, саяси көзқарастарының өміршеңдігі осы күні де маңыздылығын жоғалтпағынан білеміз
Науаи өз дәуірінің әдеби дәстүрі бойынша бірқатар өлеңдерін парсы тілінде де жазған. Науаи түркі тілі әдеби тіл бола алатынын іс жүзінде дәлелдеу үшін ескі өзбек тілінде көлемді еңбектер жазған. Ол түркі-шағатай тілінде «хәмсә» жырлар тобына енетін «Жақсылардың таңдануы» (1483), «Фархад пен Шырын», «Ләйлі мен Мәжнүн», «Жеті әлем» (1484), «Ескендір дуалы» (1485) атты шығармаларын жазды. Әлішер Науаи суретшілер, ақындар, ғалымдар мен тарихшыларға қолдау көрсеткен, әміршінің өзін өнер адамдарының сүйікті жұмысымен айналысуына жағдай жасау сауапты іс екендігіне сендіре білген ақын ретінде де әлем әдебиетінен ғана емес әлем мәдениетінен, әсіресе шығыс мәдениеті мен өркениетінен алатын орны ерекше тұлған. Сондай-ақ Науаи тұңғыш рет Орталық Азия, Ауғаныстан мен Иран елдерінде қайырымдылық қорларының ашылуына себепкер болған адам және көптеген медреселер, мектептер, емханалар, көпірлер, қоғамдық моншалардың әсіресе өз қаласы Гератта көптеп салынған кезі де осы Науаидың өмір сүрген тұсы. Сондықтан да Науаи қай қырынан болмасын, өзі өмір сүрген ортасына пайдалы жұмыс жасаған, қоғамның жақсы дамуына бар күшін, ғылымын, білімін жұмасаған ақын. Ал қоғамдық қайраткер ретінде әлемдегі шығыс мәдениеті мен әдебиетінің дамуына ерекше үлес қосқан адам. https://qazaquni.kz/2014/02/09/21473.html
Қосымша 4
Тапсырма: Топтардың жариялаған ақпараттарын топтастыру үшін жеке «Үш жақты күнделік» толтыр.
Тарихи тұлғалар | Еңбектері | Қоғам туралы көзқарасы |
Ұлықбек | ||
Бабыр | ||
Әлішер Науаи |
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?