Неліктен адамдар егіншілік және мал шаруашылығымен айналыса бастады? Дүние жүзі тарихы, 5 сынып, дидактикалық материал.
Ежелгі адамдардың отты пайдалануы және садақ пен жебені ойлап табуы оларды суық пен жыртқыш аңдардан қорғануға үйретті. Алайда адамдар өздерінің тұрақтарын ауыстырып отыруға тура келді. Еңбек құралдарын жасауға қолайлы тастарды табу қиындық тудырды.
Адамдар жабайы дақылдар, жеміс-жидекті жинау кезінде олардың жерге түскендерінен өнім шығатынын байқады. Енді олар дақылдарды қопсытылған топырыққа еге бастады. Басқа аймақтарға қарағанда, Алдыңғы Азияда егіншілік ерте қалыптасты. Одан әрі қарай көрші аймақтарға тарала бастады. Сонымен, осыдан 10 мың жыл бұрын терімшіліктен егін шаруашылығы шықты.
Аңшылықтан оралған ер адамдар өтірген жануарлардың балаларын үйлеріне әкеп отырды. Оларды қолдан тамақтандырып, қолға үйретті. Ең алғаш итті, содан кейін шошқа, ешкі, қой, сиыр, қолға үйретті. Кейінірек қолға үйретілген жанауарларға жылқы мен түйе жатады. Осылайша аңшылықтан мал шаруашылығы қалыптасты. Алдымен адамдар үй жануарларының ет, тері, жүн, сүтін пайдаланды. Кейіннен оларды көлік ретінде пайдаланған. Табиғаттың дайын өнімдерінен алшақтаған адамдардың өмірі ендігі уақытта оның еңбегі мен қабілет-дағдысына тәуелді болды.
Ежелгі адамдар біртіндеп терімшілік пен аңшылықтан егіншілік пен мал шаруашылығына өте бастады, яғни иемденуші шаруашылықтан өндіруші шаруашылық түрлеріне көшті. Тарихтағы бұл өзгерісті «жаңа тас ғасырының төңкерісі» деп атайды, төңкеріс ежелгі адамдардың өміріне ірі өзгерістер алып келді.
Ежелгі адамдар дәнді дақылдар егіп, мал бағып, өздерін тұрақты азықпен қамтамасыз ете алды. Олардың табиғаттан тәуелділігі, аштықтан көз жұму қауіптері азайды. Адамдар бір жерден екінші жерге көшіп жүрді, бірақ олардың кейбіреулері бір жерді тұрақты қоныстады. Бұл тұрақты тұрғын үйлердің және шаруашылық құрылыстардың пайда болуына әкелді.
Адамдар әр түрлі қолөнер түрлерін меңгерді. Адамдар тастан жасалған еңбек құралдарын дамытты. Адамдар тасты бөліп, қайрау әдістерінен басқа оны бұрғылау, ұсақтау және қиюды меңгерді. Егіншілер жер қазу үшін басында иілген таяқшасы бар тесені қолданды. Астықты орақпен жинаған. Ұн өндіру үшін беті жалпақ тастар – дәнүккіштерді пайдаланған.
Тұрмыста азықты дайындап, сақтау үшін ыдыстар қажет болды. Ыдыс ретінде жануарлардың бас сүйегін, ағаш пен тастан жасалған қауашақтарды қолданды. Кейінірек олар жаңа материал – саз балшықты пайдалана бастады. Саз балшықтан жасалған ыдысты күнге кептірді, алайда күйдірілген саздан жасалған бұйымдардың сапасы жақсы болатынын түсінді. Осылайша күйдірілген саздан жасалған заттар, яғни қыш құмыралар пайда болды.
Әйелдер жібек пен өсімдік талшықтарынан жіп иіріп, жіптен мата өндірген. Тоқыма ісінен тоқу станогын ойлап тапты.
Бірлесіп еңбек ету үшін өзара туыс отбасылар рулық қауымға бірікті. Руды ру ақсақалдары басқарды. Ол бірлескен жұмысты орындау барысындағы тәртіп пен өзара астық бөлу кезін қадағалап отырды. Тайпа бірнеше рулық қауымдардан құралды. Тайпаның басында ақсақалдар кеңесі тұрды.
Ақсақалдар кеңесі тайпа арасындағы дау-дамайды шешіп, жазалар тағайындады. Ең үлкен жаза – тайпадан шығару болды. Осылайша қоғамдағы адамдардың тәртіп ережелері қалыптасып, ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырды.
Шаруашылықтың өндіруші түріне көшу тұрғындар санының көбеюіне алып келді. Тайпалар мен қауымдар отырықшылыққа көшті.
Еңбек құралдарын жасау, жер өңдеу үшін адамдардың қажетті материалдары үнемі табыла бермеді. Қажетті заттарды дайындау үшін олардың дағдылары да жетіспеді. Осылайша, тайпалар өздерінде бар дайын зат-бұйымдары, материалдарын, еңбек құралдарын айырбастады. Малшылар мен егіншілер ет, сүт, жүн, дақыл және жемістермен айырбас жасады. Бұл сауданың қалыптасуына алғашқы жасалған қадам болды.
Ежелгі адамдар табиғаттан тыс күштерге сеніп, пұттарға табынды. Олар бұл рәсімдер құрғақшылық пен жануарлардың жаппай қырылуы кезінде көмектеседі деп сенген.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?