Халық айтса – қалып айтпайды. Дүниетану, 3 сынып, қосымша материал.
Сабақты ұйымдастырудағы әдістемелік нұсқаулар
- Ауа-райына байланысты халық болжамдары жазылған қима қағаздар таратылады.
Болжамдар:
- Жәндіктер, ұсақ шыбындар, қоңыздар кешке қарай айналып ұшса ауа-райы жақсы болады.
- Күндіз және кешке қарай балықтар суда шоршыса жауын-шашынсыз тұрақты ауа-райы болады.
- Желсіз күні орман іші шулы болса , құбылмалы ауа-райы болады.
- Қарлығаштар су үстін бауырлай, төмен ұшса, жел соғып, жаңбыр жауады.
- Орман іші тыныштала қалса, күн күркіреп жаңбыр жауады.
- Қыс мезгіліндегі ауа-райының қолайсыз жағдайлары туралы бейнекөрініс қысқы ауа-райының ерекше жағдайларын тереңірек сезінуге жағдай жасайды. Оқушылардың назарын бұрынғы уақытта ауа-райын алдын –ала болжайтын құралдар, оны хабарлап отыратын радио, теледидардың болмағандықтан, адамдар табиғат белгілеріне қарап болжағандығына аударту керек.
- «Қолайсыз ауа-райы жағдайындағы өзін-өзі ұстау ережесі» туралы жаднама құрастыру тапсырмасының таратпа парағында сыртқы шеңберге топтағы әр оқушы өз ережелерін жазады. Жұппен қасына жазылған ережелерді талдай отыра ортаңғы шеңберге біріктіріп жазады. Топ барлық жұптар ұсынған ережелерді оқи отыра, ішкі шеңберге ортақ ережелерді ұсынады. Оқушылардың «Қолайсыз ауа-райы жағдайдағы өзін-өзі ұстау» жаднамасын өзіндік ерекшелігіне, мазмұндылығына, ұғынықтылығына, безендірілуіне қарап бағалауға болады.
- «Қос жазба күнделігін» толтыру барысында оқушылардың тақырыпты меңгеру деңгейі бағаланады.
Қосымша сілтемелер:
- КӨКТЕМГІ АУА РАЙЫН ҚАЗАҚ ҚАЛАЙ БОЛЖАҒАН? (ВИДЕО)
қайнар көз: https://kaztrk.kz/news/portal/koktemgi-aua-raiyn-kazak-kalai-bolzhagan-video-58072Кез келген материалды қолданған жағдайда мына сілтеме көрсетілуі тиіс https://kaztrk.kz
- НАЙЗАҒАЙДАН ҚОРҒАНУДЫҢ ӘДІСТЕРІ
https://www.youtube.com/watch?v=Gk9Yub6xbnM
- Халық болжамдары
http://imya-sonnik.ru/primeta/narodnie-primeti-o-pogode.html
Қосымша ақпарат:
Қазақ ауа райын қалай болжаған?
Қазақ халқы ерте заманнан-ақ табиғатқа етене жақын өскендіктен ауа райын сол табиғат құбылыстары мен жан-жануарлардың тыныс-тіршілігіне қарап болжағаны белгілі. Олар ерте кезден ауа райын алдын ала бақылап, мал-жанның түрлі апаттардан аман сақтау үшін ерте қамданып отырған. Ауа райын болжаушылар табиғат құбылыстарын бақылап, күн есептеудің дәстүрлі әдістерін құпия ұстаған. Оны атадан балаға мұра етіп қалдырып отырған. Сонымен де олар аспан денелері мен табиғат құбылыстарын бақылап, естелікке алып отыруымен бірге, өз кезегінде мал-жанға қолайлы жаңа өріс, ел-жұртқа жайлы құтты қоныс таңдауда да шешуші рөл атқарып келген. Бүгінде сол игі дәстүр ұмытылып бара жатқаны жасырын емес. Себебі интернет дамыған заманда әлемнің кез келген түкпірінде қандай ауа райы екенін немесе алдағы аптада күн райы қандай болатынын үйде отырып та білетін болдық. Әйтсе де бұл болжамдар табиғи апаттар мен зілзалалардан кейде сақтап, кейде бармақ тістетіп жататыны да бар. Ал ертедегі қазақ халқы ауа райын қалай болжаған? Академик-ғалым Ақселеу Сейдімбек «Қазақ әлемі» ғылыми-зерттеу еңбегінде осы ауа райы болжамдарын да жазып кеткен. Ендеше, назарларыңызға ата-бабаларымыздың ауа райы жайындағы жорамалдары мен ырымдарын ұсынып көрмекпіз.
***
Құр мен шіл қар астын қорғаласа, кешікпей-ақ боран болады. Бозторғай ұясын ойпаңға салса, жаз қуаң болады. Бозторғай ұясын қыраңға салса, жаз жауынды болады. Дуадақ қыстап қалса, қыс жайлы болады. Қамыс торғайы ұясын биікке салса, жаз жаңбырлы болып, су көтеріледі. Қызыл қаз саздан соғатын ұясының іргесін биік етсе, жаз жаңбырлы болып, су көтеріледі. Жыл құстары топтасып ұшса, жылымық күз созыла түседі. Жыл құстары қайтқанда төмен ұшса, қыс қатты болады. Жарқабақтағы ұя биікке салынса, су тасқыны болады. Саңырау құр бұтаққа қонақтаса, тұман түседі. Қарға топтасып қарқылдаса, ауа райы бұзылады. Шіл үйірін молайтса, қыс суық болады. Көк жасыл шегіртке молайса, жаз қуаң болады. Суыр ініне ерте жатса, қыс қатты болады. Суыр інінің аузын қораласа, көктемде су тасқыны болады. Суыр інінен ерте шықса, кешікпей күн жылынады. Суыр мезгілсіз жайылса, ауа райы бұзылады. Жаңбыр жауып тұрғанда ала тышқан шақырса, кешікпей жауын басылады. Сұр тышқан шақыруын қойып, інге тығылса, кешікпей қар жауады. Дала тышқандары шұбырып шөп жинаса, кешікпей жауын-шашын болады. Ала тышқан қырға шығып шақырса, ауа райы бұзылады. Көртышқан ін қазғанда топырағын жақын үйсе, қыс қатты болады. Топырақты алыстау үйсе, қыс жайлы болады. Көртышқан інін өзен жағасына жақын жерден қазса, жаз қуаң болады. Егер өзеннен алыстау қазса, жаз жауынды болады. Су бетінде шабақ шоршып ойнаса, жаңбыр жауады. Көлбақа жағаға шығып, сазға бауыр басса, жаңбыр жауады. Көлбақа қыста құрқылдаса, қыс жайлы болады. Көлбақа жазда құрқылдаса, күн ыстығы көтеріледі. Шегіртке шырылын тоқтатса, жауын болады. Бүгелік жылқы бауырында болса, қыс жайлы болады, егер жылқы басына шығып ұшса, қыс қатты болады. Көбелек паналы жерге жабысып қонақтаса, жауын-шашын болады. Жылан жиі-жиі бой көрсетсе, жауын-шашын болады. Арқар ойға түссе, қыс қатты болады. Түздің қоңыр аңы күзде бұлақ сағаласа, қыста қар жұқа түседі. Түздің қоңыр аңы үйір құрып, сай саланы паналаса, ауа райы бұзылады. Түздің қоңыр аңының бүйрек майы бітеу болса, қыста қар қалың түседі. Бұғы мүйізін шайқаса, ауа райы бұзылады. Бұғы кеш шақырса, қыс жайлы болады. Аю апанын биікке салса, көктем ерте шығып, су тасқыны болады. Қыста киік, қарақұйрық өзеннің мұзын басып, солтүстік қапталына шықса, кешікпей күн жылынып, сең жүреді. Қыста киік, қарақұйрық сексеуілді паналаса, боран болады. Қоянның бүйрегі майлы болса, қыс аязды болады. Жылқы жазда ыққа қарап жусаса, қыс қатты болады. Жылқы ішін тартса, ауа райы бұзылады. Жылқы оқыранып жусаса, боран соғады. Жылқы қыста оқыранып, ерінін жыбырлатса, кешікпей күн жылынып, қар суын ішеді. Жылқы жазда қырға шығып үйездесе, қыс қатты болады. Қотандағы қой бір бағытқа қарап жусаса, кешікпей ту сыртынан боран соғады. Өрістен қайтқан қойдың езуінде шөп келсе, қыс қытымыр болады. Қой қораға еркін кірсе, қыс жайлы болады. Қой тұяғымен төсін қасыса, қар қалың түседі. Қой тісін қайраса, кешікпей боран соғады. Түйе пысқырса, боран соғады. Түйе ерінін жыбырлатса, жылымық болады. Түйе сары ала күзден ықтаса, қыс қатты болады. Ит пен мысық иіріліп жатса немесе тұмсығын бауырына тығып ұйықтаса, жауын-шашын болады.Мысық үйден шықпай бұйыға берсе, күн суытады. Тауық қораланып, жерді қопсытса, күн суытады. Күн құлақтанып батса, ауа райы оңалуға тиіс. Күн құлақтанып шықса, ауа райы суытып, жауын-шашын болуға тиіс. Күн қораланса, қар қалың түседі. Күн көзін бұлт шалса, қыс қарлы, жаз жаңбырлы болады. Күн батарда көк жиек ашық болып, қызыл шапақ шашса, ауа-райы жылынады. Күн көзі мұнартып шықса, ыстық көтеріледі. Күн қызыл шапаққа оранып батса, ертеңінде ыстық болады. Ай қораланса, қыс қатты болады. Ай шалқалап туса, ауарайы мал-жанға жайсыз болады. Ай мен Үркер тоғыс кезінде бір-біріне алшақ болса, ауа райы мал-жанға жайсыз болады. Ай мен Үркер тоғыс кезінде бір-біріне жақын болса, ауа райы мал-жанға жайлы болады. Үркер суға түссе, ауа райы жауынды болады. Үркер қырға түссе, құрғақшылық болады. Жаз айларында көк жүзі бозаң тартса, қыс қатты болады. Қыста бұлт желге қарсы көшсе, көп кешікпей қар жауады. Бұлт ортасынан ыдыраса, ауа райы күрт бұзылады. Бұлт шет пұшпақтап ыдыраса, ауа райы оңалуға бет алғаны. Көк жиектен будақ бұлт шығып, өркештене көтерілген кезде ыдырап кетсе, қатты жел тұрып, үскірік аяз болуға тиіс. Көк жиектен көтерілген будақ бұлт көк жүзін жапса, аттың қара қапталынан келетін қар жауады. Ұзақ уақыт оңтүстіктен соққан жел бағытын өзгертіп, шығыс жақтан соғатын болса, ауа райы оңалады. Егер ұзақ уақыт оңтүстіктен соққан жел бағытын өзгертіп, батыстан соқса, ауа райы бүлінеді. Онда жаз болса аңызақ жел соғып, қыста ызғырық соғады. Шық қалың түссе, шөп қалың бітеді. Көктемнің алғашқы жаңбырында күн күркіресе, шөп шүйгін шығады. Жаздың желтеңі қыстың боранына сай келеді. Жаз құйынды болса, қыс қатал болады. Қазан айында күн күркіресе, қыс қысқа болады. Жаз найзағайлы болса, қыс жұмсақ өтеді. Шөп буыны ерте қатса, қыс жайсыз болады. Сарымсақ қабығы қалың бітсе, қыс қатты болады.
https://www.inform.kz/kz/kazak-aua-rayyn-kalay-bolzhagan_a2863253
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?