«Әділ ойын» және ынтымақтастық. Дене шынықтыру, 6 сынып, қосымша материал. 78 сабақ.
Әдістемелік нұсқаулық
6 бөлім: Шытырман оқиғалы ойындар
Сабақтың тақырыбы: «Әділ ойын» және ынтымақтастық.
Оқу мақсаты: 6.2.6.1. Жарыс іс-әрекеттерін және төрелік ету ережелерін түсіне білу.
Сабақтың мақсаты: Жарыс іс-әрекеттерін және төрелік ету ережелерін түсіне білуге үйрету.
- Сабақтың басы.
Сабақтың басында өтетін тақырыппен таныстырып, білім алушылармен бірге оқу мақсаты және сабақтың соңында күтілетін нәтиже анықталады. Осыдан кейін білім алушылар сабақтағы бағалау критерийлері және дескрипторлармен танысады.
Білім алушылар волейболмен айналысу кезіндегі қауіпсіздік ережелері бойынша жалпы талаптармен таныстырылады. Білім алушылар жүру, жүгіру кезіндегі жаттығуларын орындағаннан кейін, демдерін қалпына келтіріп, дененің барлық бұлшық еттеріне дене қыздыру жаттығуларын орындайды.
I.Жалпы қауіпсіздік ережелері
1.Бұл нұсқауды сақтау спорт залында дайындалатын барлық оқушылар үшін міндетті.
2.Дене шынықтыру сабағына дәрігерлік тексеруден және қауіпсіздік техникасы нұсқамалығынан өткен оқушылар жіберіледі.
3.Спорт залында тек спорт киімі мен табаны таймайтын аяқкиімде ғана дайындалуға болады.
4.Спорт залына сырт киіммен кіруге болмайды.
5.Жеке гигиена талаптарын сақтау керек (дене таза болуы, тырнақ қысқа етіп алынуы тиіс).
6.Спорт залына портфель мен сөмке алып кіруге болмайды.
7.Спорт залындағы жарақат алу қаупі:
-электр жарығын қосқан кезде (электр тогынан зақымдану);
-ҚТ сақтамаудан (қолдарды, буындарды жарақаттау, соғып алу);
-бұзық немесе даындалмаған спорт снарядтарында жұмыс істеу кезінде.
8.Сүлгі мен сабын салынған жеке дорбаша болуы тиіс.
II.Сабақ басталар алдындағы қауіпсіздік талаптары
1.Спорт киімнін киім шешетін орында ауыстырып кию керек.
2.Мұғалімнің рұқсатынсыз немесе кезекшінің бұйрығынсыз спорт залына кіруге болмайды.
3.Спорт залына сабырмен, асықпай, тәртіп пен реттілікті сақтап кіреді.
4.Электр жарығын өз бетінше қосуға болмайды.
5.Мұғалім рұқсат бермей тұрып желдету үшін есікті ашуға болмайды.
6.Мұғалімнің нұсқауынсыз спорт құралдары мен снарядтарының орындарын ауыстыруға болмайды.
7.Осы сабаққа арналған ҚТ бойынша нұсқамалықты мұқият тыңдау керек.
III.Сабақ кезіндегі қауіпсіздік талаптары
1.Мұғалімнің бұйрығынсыз жаттығуларды және оқу тапсырмаларын орындауға кірісуге болмайды.
2.Төсеніш төселмеген жағдайда спорттық снарядтарда жаттығу орындауға болмайды.
3.Снарядтарда жұмыс істердің алдында оларды құрғақ,таза шүберекпен сүртіп алу керек.
4.Жаттығуларды орындау кезінде бір-біріңе сақтық етуді естеріңнен шығармаңдар.
5.Доптарды бір-біріне қарма-қарсы лақтыруға болмайды,жұп-жұп болып жұмыс істегінде бір ғана доп болуы тиіс.
6.Мұғалімнің тапсырмасында көрсетілмеген жаттығуларды орындамаңдар.
7.Сабақта тәртіп пен реттілікті сақтаңдар.
8.Сабақтан мұғалімнің рұқсатынсыз кетпеңдер.
9. Жаттығу жасар алдында снарядқа жақын тұрған оқұшының жоқтығына көз жеткізіп алыңдар.
IV.Апатты жағдайлардағы қауіпсіздік талаптары
1.Өз-өзіңді нашар сезінген жағдайда сабақты тоқтатып, бұл туралы мұғалімге хабарлау керек.
2.Жарақат алған жағдайда мұғалімге хабарлаңдар, ол сендерге алғашқы көмек көрсетеді.
3.Кабинетте апатты жағдай орын алғанда, өрт шыға қалған жағдайда мұғалімнің нұсқауымен ұйымдасқан түрде,жылдам,абыржымай,спорт залын тастап шығыңдар.
V.Сабақ біткеннен кейінгі қауіпсіздік талаптары
1.Спорт залынан мұғалімнің командасымен, асығып-үсікпей, сабырмен шығыңдар.
2.Беті-қолдарыңды сабындап жуыңдар.
3.Спорт киімдеріңді, аяқ киімдерінді шешіндер, оны тек спортпен айналысуға ғана пайдаланындар.
4.Сабақ кезінде өздерің байқаған барлық кемшіліктер туралы мұғалімге хабарлаңда.
Волейбол ойынының қауіпсіздік ережелері:
Дене тәрбиесі сабағына сай спорттық киім кию.
Тізеге, шынтаққа киетін арнайы киім кию.
Мұғалімнің ұйымдастырған сабағын бұзбауы керек.
Белсенді дене қыздыру жаттығуларын жасау керек.
Допты дұрыс үрленгенін қарау, қатты үрленген доппен ойнамау.
Доптың сыртқы бөлігін мұқият тексеру.
Жыртылған доппен ойнамау
Техникалық әдіс-тәсілдер кезінде мұқият болу.
Допты қабылдау кезінде бас бармақты алға тоспау.
Допты ойынға қосу кезінде жұдырықпен допты ұрмау.
Секіріп доп қабылдағаннан кейін тізеге құламау керек. Ойын кезінде доптардың тиіп кетпеуінен сақтану керек.
- Сабақтың ортасы.
Білім алушылар волейболдағы допты тура жоғарыдан ойынға қосу техникасымен таныстырылады.
1. Допты ойынға қосу кезінде ойыншы торға бетін бағыттап тұрады.
2. Допты ойынға қосарда сызықты баспайды.
3. Сермеу кезінде түзу оң(сол) қолды артқа апарады.
4. Допты 40-50 см жоғары лақтырады.
5. Соққыны қарсы бағыттағы оң(сол) қолдың(қолдың буынын қатайтып ұстап) қимылымен алға-жоғары орындайды.
6. Доптың ұшу күші жоғалмау үшін соққыдан кейін қолын жоғары-алға қарай бағыттайды.
Осыдан кейін допты жоғарыдан ойынға қосу әдісін үйрену үшін білім алушыларды екі топқа бөліп, волейбол алаңының 3 м сызығының сыртына тұрғызып, тор арқылы келесі тапсырмалар беріледі:
1)допсыз қимылын (имитация) орындайды;
2)доппен орындайды.
Топтар тордан 3м сызық артындағы сапта орналасады. Екі топ ойыншылары кезекпен алты рет допты тура жоғарыдан ойынға қосады. Цифрлы шаршыға түсіруге және көп ұпай жинауға тырысады. Допты лақтыруда қате орындаған жағдайда қайта орындауға рұқсат берілмейді және ұпайлар есептелмейді. Ең көп ұпай жинаған топ жеңіске жетеді.
Спорт және қимыл ойындары – дене тәрбиесінің сезімталдыққа негізделген тәсілі, олар денсаулықты сақтауға және нығайтуға өте тиімді, сірә, спорт ойындарының ең қолайлы, кең тараған түрі волейбол болса керек. Волейбол еңбекші бұқараны дене шынықтыру және спортпен тиянақты айналысуға, белсенді демалуға, Президенттік сынақ тапсыруға тартудың күшті жолдарының бірі. Енді осы ойынның адам организміне әсері туралы қысқаша тоқталайық.
Ойын тактикасының қарапайымдылығы және доп үшін тікелей тартыстың жоқтығы волейболмен көпшіліктің жаппай айналысуына жол ашады. Ал волейболшылардың организміне түсетін салмақ мөлшері орташа деңгейде. Денеге аса күшті әсер ететін қимыл-жүгіру мұнда аз қолданылады
Волейбол ойнау реакция жылдамдығын, ептілікті, төзімділікті калыптастыруға көмектеседі, тыныс жүрек-тамыр, бұлшық ет жүйелерін нығайтады, ой шаршауынан арылтады, жалпы алғанда организмге игі әсер етеді.
Волейбол адамды ұжымдық қимылға, жеке бас мүддесін команда мүддесіне бағындыра білуге, тәртіпті, болуға, өзгелерге дер кезінде көмекке келуге үйретеді.
Дәрігерлер мен дене шынықтыру, спорт мамандарының бір ауызды пікірінше, волейболдың емдеу-сауықтыру мүмкіндіктері орасан зор. Сондықтан осынау тамаша ойын әрбір мекеме, жоғары оқу орны, мектеп, демалыс орындарында берік орын алса, нұр үстіне нұр болар еді.
Волейбол ойыны аумағы 9×18м алаңда өткізіледі. Ортадағы сызық алаңды екіге бөліп тұрады. Ортаңғы сызықтың үстіне екі бағанға керілген волейбол торы орантылады. Тордың биіктігі ойыншылардың жасына немесе ұл не қыздар командасы болып ойнауына қарай әртүрлі болады. Жасөспірім ер балаларға арналған тордың биіктігі-220см, қыздар үшін 210см болады. Ойынға әрқайсысында 6 ойыншысы бар екі команда қатысады. Әр команданың ойыншылары өз алаңына ораналасады. Ойынға диаметрі 65-68см, салмағы 250г-дық доп пайдаланылады. Бір команданың ойыншылары допқа үштен артық қол тигізуіне болмайды. Осыдан кейін доп тордан асырылуға тиіс. Сондай-ақ бір ойыншы допқа қатарынан екі рет қолын тигізуіне рұқсат етілмейді.
Ойынның барысында доп қай алаңға түссе, сол командада осы жолы ұпайдан ұтылған болып есептеледі. Допты ойынға қосу құқына ие болған қарсыластары сағат тілі бағытымен қозғалып, орын ауыстырады. Ойын осылайша жалғаса береді.
Қарсыласынан екі ұпай артықшылықпен жоғары ұпай жинаған команда жеңіске жетеді.
Жасөспірімдердің ойыны 3 кезеңнен тұрады. Екі кезеңде ұтқан команда жеңген болып есептеледі. Әр кезеңнен кейін командалар алаңдарын алмастырады. Шешуші кезеңдерде бір команда 8 ұпай жинағаннан кейін екі команда алаңдарын алмастырады.
- Сабақтың соңы.
Сабақ соңында білім алушылар демді қалыпқа келтіру жаттығуларын орындап, рефлексия жүргізеді:
- нені білдім, нені үйрендім?
- нені толық түсінбедім?
- немен жұмысты жалғастыру қажет?- деген сұрақтары бар парақшаға жауап береді.
Сабақ уақытында орындаған жұмыстарын бағалау үшін білім алушыларға дескрипторлар арқылы бірін-бірі бағалауды жүргізуді ұсыныңыз.
Ресурстар: Үлкен бос кеңістік.Волейбол доптары. Алаңды белгілеу үшін фишкалар, конустар, бор.Қозғалмалы ойындар мен спорттық ойындар кезіндегі қауіпсіздік ережелеріне сілтеме:http://nashyfizkultura.ru/tekhnika-bezopasnosti-2/bezopasnost-pri-zanyatiyakh-sportivnymi-i-podvizhnymi-igrami/bezopasnosti-pri-zanyatiyakh-sportivnymi-i-podvizhnymi-igrami Волейбол элементтері бар ойынға сілтеме::http://pedlib.ru/Books/6/0301/6_0301-126.shtml Допты жоғарыдан тура ойынға қосу әдісі интернет ресурстарына сілтеме:https://www.youtube.com/watch?v=OrkKl7TC-zg https://www.youtube.com/watch?v=xsbBlA_5Mk4 https://www.youtube.com/watch?v=Ix-udQuObVk&t=1s
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?