Орталық жүйке жүйесінің құрылысы. Мидың құрылысы және қызметтері. Жұлынның құрылысы және қызметтері. Биология, 10 сынып, дидактикалық материал.


Орталық жүйке жүйесі.Ми мен жұлынның құрылысы және қызметтері .

Бас миы

Ми.

Орталық нерв жүйесінің негізгі бөлігі – ми. Ол ми сауытында орналасқан. Ересек адамда мидың салмағы 1400-1450 грамм құрайды. Мидан 12 жұп жүйкелер тарап, миды көптеген ішкі мүшелермен, беттің, мойынның еттерімен, тілмен, көзбен байланыстырады және сезім мүшелерінен келген ақпаратты миға жеткізеді. Бұларға I - иіс, II - көру, III - көз қимылдатқыш, IV - шығыршық, V – үшкіл, VI – бұру, VII – бет, VIII – дыбыс, IX – тіл-жұтқыншақ, X – кезеген, XI – қосымша, XII – тіласты жүйкелері жатады. Ми артқы ми, (сопақша ми мен варолий көпірі), мишық, ортаңғы ми, аралық ми жєне екі ми сыңарларынан тұрады.[1]

Артқы ми

Артқы мидың құрамына сопақша ми және Варолий көпірі кiредi. Артқы мидың тiршiлiктегi маңызы өте зор. Мидан шығатын 12 жұп нepвтepдiң сегiзi артқы мидан тарайды. Олар мыналар: үштармақты, көз алмасын кейін тартатын, бет, есту, жұтқыншақ, кезеген, қосымша және тiл асты нepвтеpi. Осы жүйкелердің қатысуымен тыныс алу, журек соғу, қан айналымы, тамақтану, түшкiру, құсу, терлеу, жылау, кiрпiк қағу, жөтелу сияқты тiршiлiкте маңызды рефлекстер орталықтары бар

Сопақша ми

Сопақша ми жұлынмен тікелей байланысқан және екі түрлі қызмет өткізгіштік және рефлекторлық қызмет атқарады. Сопақша ми мидың сұр заты жұлындағыдай бiр ғана жерге топтаспай, ақ зат аралықтарында жеке-жеке шоғырлар құрып, көптеген ядроларға, кызметi әр түрлi орталықтарға айнaлған. Ақ зат жүйке тaлшықтарынан тұрады. Бұл талшықтар қозуды жоғары және төмен қарай өткiзетiн жұлын жолдарының жалғасы және жұлынды мидың басқа бөлiмдерiмен, сопақша мимен байланыстырып тұрады. Сопақша ми арқылы өтетін кейбiр жұлын жолдары осы мида бiр-бiрiмен айқасып оң жақтан келген тaлшықтар сол жаққа, сол жақтан келген талшықтар оң жаққа шығады. Бас сүйектен шығатын 12 жұп ми нepвтepiнiң. соңғы бесеуiнiң (VIII, IX, Х, XI, ХII) ядролары мен бiрқатар аса маңызды рефлекстердi icкe асыратын орталықтар және жұлын қызметiн реттеуде маңызды торлы құрылымның бiр бөлігi сопақша мида орналасқан. Сопақша мидың жүйке орталықтары адамның өмірiн қамтамасыз етуде үлкен мән атқарады. Сопақша мида тыныс, ас қорытуға қатысы бар (шайнау, жұту, сiлекей шығару, қарын сөлi мен ұйқы безi сөлiн шығаратын және құсу), қан тамырларын тарылтып, кеңейтетiн (қозғалтатын), жүректiң соғуын баяулатып, сирететiн (тежейтiн) және көптеген қорғаныс (көз жасын шығару, кipпiк қағу, жөтелу, түшкiру, тер шығару) рефлекс орталықтары бар.

Сопақша мидың мойын және көз еттерiнiң тонусын өзгертетiн көптеген қозғалтқыш ядролары көпір және ортаңғы мимен бiрге статикалық және статокинетикалық (вестибұлярлық) рефлекстердің жүзеге асуын қамтамасыз етеді. Сопақша мида демдi iшке алу және сыртқа шығару рефлекстерiнiң орталықтары бар. Олар үздiксiз кезектесiп, бiрi серпiлгенде екiншici тоқырайды. Бұлардың ауыспалы кезектесуi тыныс алу ырғағын үйлестіредi.

Сопақша мидың рефлекстерi туа бiткeн рефлскстер болғанымен бұлардың орталықтарына ми қыртысы әсер ете алады. Әpтicтep сахнада жүрiп, қажет болса,көз жасын төгіп жылай алады. Бұл айтылғандар сопақша мидын қызметiн ми қыртысы реттейтiнiн керсетедi. Варолий көпірінiң қызметi осы күнге дейiн толық анықталмаған. Ми көпiрінiң құрамында ақ зат көп. Ақ заты жоғары бағытталған және мидың жұлынға қарай (төмен) бағытталған жолдарын құрады.

Ақ заттар аралығында бөлек-бөлек нейрон шоғырлары жайылған Бұлардың iшiнде бас сүйек, ми жүйкелерiнiң V,VI,VII жұптарының ядролары, көлденең жолақ еттердi ширықтыруға қатысатын рефлекс орталықтары, ұйықтау және ұйықтамау (сергек болу) тәртiбiн реттейтiн торлы құрылым нейрондары бар. Бұлармен қатар көпiрде дем алуды дем шығарумен алмастырып отыратын пневмотаксикалық орталық пен тыныс орталығында зат алмасуын реттейтiн орталық орналасқан.

Артқы мидың бүкіл бойында көптеген талшықтары бар жүйке жиынтықтары орналасқан. Осы жүйке пен жасушалар жиынтығын – тор тәрізіді (ретикульді) туындылар деп атайды. Торлы құрылым екi түрлi кызмет атқарады:

а) жұлынның қызметiн күшейтiп, не әлсiрететiн төмен қарай бағытталған әсер; б) ортаңғы мидың торлы құрылымымен бiрге мидың басқа бөлiмдерiнiң қызметiн күшейтетiн жоғары жаққа қарай бағытталған әсер. Торлы құрылымды ми «аккумуляторы» деп атауға болады. Сонымен қатар, ол ағзаның ұйқы-сергек күйінің көрініс беруіне де қатысады.[1]

Варолий көпiрi және сопақша мимен бiрге ортаңғы ми ми діңінің негiзiн құрады. Оның сырт жағындa ми қақпағы, iшкi жағында ми аяқшалары орналасқан. Opтaңғы мидың негізгі құрлымдарына төрт төмпешiк, қара зат(субстанция), қызыл ядро, III және IV жұп ми жүйкелерiнiң түйiнiсi мен торлы құрылым болады. Ортаңғы ми арқылы жоғары қарай таламусқа, мишыққа баратын жолдар, ми қыртысынаң жолақ денеден гипоталамустан төмен қарай бағытталған ортаңғы миға, сопақша миға, жұлынға баратын жолдар өтедi.[1]

Төрт төмпешiк пен көз алмасын қозғайтын ІІІ жұп жүйкелер түйiндерi ортаңғы мидың сырт жағына, ал iшкi жағында қара зат, қызыл ядро және IV жұп шиыршық жүйкенің нейрондары орналасқан.

Көз алмасын қозғайтын ІІІ жұп жүйке аралас жүйке тармақтары арасында көздiң қиғаш eттеpiнен басқа еттердi жиырылтатын талшықтармен қатар көз еттерінен орталыққа тебетiн сезгiш талшықтары бар. Мұнымен қатар, бұл жүйке арасында ортаңғы мида орналасқан парасимпатиқалық түйiндердiң прегaнглиялық талшықтары бар. Бұл жүйке серпiлiстерiн кірпіктік түйiннен екiншi нейронға жеткiзедi. Бұл түйiннен басталған постганглиялық талшықтар көздiң қарашығын тарылтатын еттi жиырылтатын эфференттiк жүйке. Ми жүйке терінің IV жұп жүйкесi де аралас жүйке. Талшықтар арасында көздiң жоғарғы қиғаш eтiн жиырылтатын қозғалтқыш талшықтармен қатар еттiң сезгiш талшықтар да бар.

Төрт төмпешiктiң алдыңғы екі төбешігі көрудің алғашқы рефлекторлық орталығы. Осы орталықтың арқасында көздiң, бастың, дененiң жарық түскен жаққа қарай бұрылуы, көз қарашығының тарылуы және аккомодация рефлекстерi пайда болады. Көру орталығында орналасқан ми сыңарын алып тастағанда да аталған рефлекстер жойылмайды.

Артқы төмпешiктер естудің алғашқы рефлекторлық орталығы. Бұлардың қатысуымен eң алдымен есту, соған орай жөн табу рефлeкстepi, яғни құлақ жарғағы, бастың қатты дыбыс шыққан бағытқа бұрылуы. Бұл рефлекстер үлкен ми жарты шарын алып тастағанда жойылмайды.

Төрт төмпешiк кенеттен әсер еткен тiтiркендiргiшке жауап ретiнде қорғаныс рефлекстерiн тудырады, осыған байланысты олар сақтық рефлекстерi деп аталдаы. Мысалы, ыдыстағы сұйықтық байқаусызда төгiлгенде адам оның қayiптi eкeнiн түciніп үлгермей-ақ лезде бiр жаққа қарай ығысады.

Қызыл ядро

Қызыл ядро орталық жүйке жүйесiнiң барлық бөлiмдерiмен және ми қыртысымен тығыз байланыста болады. Ол бұлшық еттердiң тонусын реттейтiн қозғалыс орталығы. Мысалы, мысықтың ми бағанасын қызыл ядродан жоғарырақ жерден көлденең тiлiп жiберсе, оның жүріс-тұрысында айтарлықтай өзгерiстер пайда болмайды. Ал миды қызыл ядродан төмeнipeк тiлгенде мелшию пайда болады. Барлық бұлшық еттер, әcipece жазылу еттерi ширығып, қатаяды. Сондықтан, мысықтың басы қақиып, шалқаяды, жотасы созылып, сирақтарының буындары жазылып тiкiрейе cipecіп, қатаяды, құйрығы тiк көтерiледi. Мысықта мұндай құбылыс қызыл түйiн мен жұлынды қосатын жол - Монаков буданы бұзылғанда байқалады[1]

Қызыл ядро мен артқы мидағы Дейтерс түйiнiнiң жұлынға әcеpi бiр-бiрiне қарама-қарсы. Қызыл ядродан басталатын Монаков буданы жұлынның бүгу орталығының a және б мотонейрондарын қоздырады немесе жазылу орталығын тежейдi. Ал Дейтерс түйiнiнен шығатын кiреберiс жұлындық жол жазылу орталығын қоздырады да бүгу орталығын тежейдi. Сондықтан, Монаков түйiнi зақымдалғанда Дейтерс түйiнi ғана әсер етедi. Дейтерс түйiнiн зақымдаса, мелшию жойылады. Қара зат - нейрондарында қара пигмент көп болғандықтан солай деп аталады. Қызметi, қыртыс және қыртыс асты түйiндерiмен торлы құрылыммен бiрге, бұлшық еттердiң әcipece, нәзiк және нақты қимыл-қозғалыстарды реттеу.

Мишық

Мишық үш бөлімнен тұрады: мишықтың құрты деп аталатын ортаңғы бөлімнен және мишықтың екі жарты шарларынан. Мишықтың бетінде толып жатқан иректер болады. Сондықтан ол өте үлкен болып келеді және сұр заттан немесе қыртыстан тұрады. Қыртыста үш қабат бар беткі немесе молекулалық, аралық немесе Пуркинье жасушаларының қабаты; терең я дәнді қабат.[1]

Мишық барлық қозғалу актыларының орындалуына қатысады: оған өзгерістер енгізеді, сөйтіп әрбір жеке қимылдардың нақты дұрыс орындалуын қамтамасыз етеді. Мишық – тонустық рефлекстердің жоғары дєрежелі реттеушісі болып табылады. Сонымен қатар, мишық тыныс алуды, жүректің жиырылуын қимылдың түріне байланысты лайықтап отырады.

Адамда мишықтың қызметі бұзылса қозғалу қызметінің реті бұзылады, теңдік жоғалады. Мишықты толығымен алып тастағанда атония байқалады – еттер тонусын жоғалтады. Астазия туады – бір орында басын, денесін теңселтпей тұра алмайды. Дизметрия – еттің жиырылуы күші мен орындалатын қызметтің арасында сәйкестік жоғалады.

Аралық ми

Ортаңғы ми мен ми сыңарларының арасында аралық ми орналасқан. Аралық ми төмпешіктен - таламус және төмпешік асты аймақтан – гипоталамустан тұрады.

Төмпешіктің құрамына шығу тегі және функционалдық жағынан өзгеше бірнеше ядролар кіреді. Төмпешік ми қыртысымен екі жақты байланыста болады. Ядроларда барлық эфференттік жұйелерден үлкен жарты шарлар қыртысына баратын өткізгіш жолдардың ақырғы звеносының нейрондары орналасады. Таламус арқылы мидың барлық сезгіш жолдары (иіс сезуден басқа) өтеді. Бірақ, оны жай ғана өткізгіш қақпа ретінде қарастыруға болмайды. Таламуста импульстер өзгеріп, жаңа, түрлі комбинацияға түседі. Таламус төменгі түйсік пен эмоцияны жасауға қатысады.

Төмпешік астындағы аймақта-гипоталамуста екі бөлімді айырады. Дорзальдық бөлім – субталамикалық (Люис ядросы) ядродан және сұр заттың басқа майда жиынтықтарынан тұрады. Вентральдық бөлімге көру жүйкенің қиылысқан жерінің үстінде (хиазманың) жататын ядролар (супраоптикалық және паравентрикулярлық), сұр төмпешіктің және оған көршілес жатқан емізікті денелердің ядролары, олардың жоғарғы жағында жатқан артқы гипоталамикалық ядро кіреді.

Гипоталамус ортаңғы мидан өсіп жетілген. Гипоталамус жоғары дәрежелі вегетативтік орталық болып саналады. Мұнда зат алмасуын, жылу түзілуді, жылу беруді, тер бөлуді, аштық және шөл сезімдерін, барлық ішкі мүшелердің қызметін реттеу орталықтары бар. Сонмен қатар, гипоталамуста нейросекреттер түзіліп, гипофиз безінде белсендіріледі. Гипоталамус ішкі секреция қызметін реттеуге қатысады. Ол адамның ұйқысы мен сергектігін реттеуге де қатысады.

Алдыңғы ми

Адамда алдыңғы мидың үлкен ми сыңарлары басқа бөлімдерінен әлдеқайда жақсы дамыған. Алдыңғы миды кейде соңғы ми деп те атайды. Үлкен ми сыңарлары оң жақ және сол жақ сыңарлардан тұрады. Әрбір ми сыңары сұр және ақ заттан құралады. Сыртындағы сұр заты ми қыртысын түзеді. Қыртыста 14 миллиардтан астам нейрондар болады. Қыртыс ми сыңарларының сыртын тұтас жауып тұрады. Ми қыртысының калыңдығы шамамен 2-3 мм, ондағы жүйке жасушаларының пішіндері мен мөлшері әр түрлі. Ми қыртысында мүшелерден қозуды қабылдайтын, қимылды реттейтін сезгіш және козғалтқыш жасушалар болады. Көптеген жасушалар ми қыртысының бөлімдерін өзара және жүйке жүйесінің басқа бөлімдерін бірімен-бірі байланыстырады. Ми қыртысы орталық жүйке жүйесінің ең жоғары бөлімі деп есептелінеді.

Үлкен ми сыңарлары сопақша мидың аз ғана бөлігі мен мишықтан басқа мидың барлық бөлімдерін жауып тұрады. Ми сыңарларының ақ заты ішкі жағында қыртыстың астында болады. Ақ заты жүйке талшықтарынан түзіледі. Ми сыңарларының беті тегіс болмай, жүлгелі, қатпарлы болады. Әсіресе, терең жүлгелер ми сыңарларын жеке бөліктерге бөледі. Жүлгелердің арасы қатпарлы болып келеді. Әрбір ми сыңарында 4 бөлік бар: маңдай, төбе, самай, шүйде. Ми сыңарларында іші ми сұйықтығына толы 2 қуыс (ми қарыншалары) болады. Ол сұйықтық ұсақ қантамырларымен қосылып, жүйке жүйесіндегі зат алмасуды қамтамасыз етеді, жүйке жасушаларын қорғайды.

Үлкен ми сыңарларының аймақтары

Үлкен ми сыңарларының қатпарлары ми қыртысының көлемін ұлғайтады. Сезу - қимыл аймағы маңдай, төбе бөліктерінде орналасқан. Мұнда аяқ, тұлға, қол, мойын, тіл, бет, ерінді қозғалту және сөйлеу орталығы болады. Көру аймағы - шүйде бөлігінде, одан көру жүйкелері арқылы козу өтеді. Есту аймағы - самай бөлігінде; дәм сезу, иіс сезу аймағы - маңдай бөлігінің ішкі жағында. Артқы орталық қатпарда - тері, буын-бұлшықет, сезу аймағы бар. Денеге ыстық, суықпен әсер еткенде қайтаратын жауабы (қолды тартып алу) осы аймаққа байланысты. Адамдағы психикалық әрекеттер (есте сақтау, сөйлеу, ойлау және т. б.) ми сыңарларының барлық аймақтарымен байланысты. Жүйке ауруларын емдейтін дәрігерді невропатолог (невролог) дейді.

Мидан 12 жұп жүйке тарайды. Оның алдыңғы екеуі үлкен ми сыңарларынан, қалған 10 жұбы мидың басқа бөлімдерінің сұр затынан басталады. Ол жүйкелер - иіс сезу, көру, есту, көзді қозғалту және т. б. деп аталады.

Қазіргі кезде медициналық зерттеу жұмыстарында мидың жұмыс істеу белсенділігін анықтау үшін электроэнцефалография әдісі қолданылады. Мидың жұмысын және ондағы өзгерістердің ырғағын жазып алуды электроэнцефалограмма (ЭЭГ) деп атайды. Оны электроэнцефалограф аспабы арқылы жазып алады. Электроэнцефалограмма жүйке жасушаларының белсенділігін және аурудың болу себептерін анықтауға көмектеседі.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
» Қазақстандағы білім беру деңгейі 10 жыл ішінде қалай өзгерді?
Пікір жазу