Өсімдіктер мен жануарлардағы гаметогенез. Гаметалар. Гаметогенез кезеңдері. Өсімдіктердегі спорогенез және гаметогенез. Биология, 10 сынып, дидактикалық материал.
Гаметогенез
Гаметогенез – жыныс жасушаларының өсуі мен дамуы, көбеюін қамтамасыз ететін жүйелі үдеріс. Гаметогенез жыныс бездерінде жүреді. Сперматогенез ер адамдардың жыныс безінде, овогенез әйел адамдардың жыныс безінде дамиды. Гаметогенез нәтижесінде әйел адамның ағзасында аналық жыныс жасушасы – жұмыртқа жасушасы, ер адамдарда аталық жыныс жасушасы – сперматозоид түзіледі. Гаметогенез үдерісі (сперматогенез, овогенез) әйел мен ер адамдарға ұрпақ қалдыруға мүмкіндік береді.
Сперматогенез бен овогенездің кезеңдері
Гаметогенез бірнеше кезеңдерден тұрады. Сперматогенез бен овогенездің үш кезеңі бірдей болады.1. Көбею кезеңі. Бұл кезеңде бастапқы жасушаларды сперматогония және овогония деп атайды. Олардын дамуы барысында аталық және аналық жыныс жасушалары қалыптасады. Жыныс жасушалары митоз жолымен бірнеше рет бөлінеді де, олардың саны көбейеді. Сперматогония ер адамадарда барлық репродуктивті кезең барысында көбейеді, ал овогония эмбриондық кезеңде көбейіп, жатыр ішінде дамудың 2-5 ай аралығында қарқынды жүреді.
2. Өсу кезеңі. Бұл кезеңде жасушалар көлемі бойынша өседі. Сперматогония мен овогония I ретті сперматоциттер мен овоциттерге айналады. I ретті овоциттердің көлемі үлкейіп, қоректік заттар жиналады.
3. Жетілу кезеңі. Бұл кезеңде бірінен кейін бірі келетін екі реттік бөліну – мейоз I және мейоз II жүзеге асады. Бірінші бөлінуден кейін II ретті сперматоциттер мен овоциттер қалыптасады. Ал екінші бөлінуден кейін төрт сперматидтер мен көбею үдерісіне қатыспайтын үш полярлы денешікпен жетілген жұмыртқа жасушасы түзіледі.
4. Қалыптасу кезеңі. Бұл кезең тек сперматогенезге ғана тән. Жетілмеген сперматид өзіне тән қалыпқа еніп, сперматозоидқа айналады. Сперматозоидтардың түзілуі ер адамдарда жыныстық жетілу кезеңінде басталады. Сперматогонийдің жетілген сперматозоидқа дейін даму кезеңі 74 тәулік.
Сперматогенез бен овогенездің бұл ерекшеліктері аталық және аналық гаметалардың әртүрлі қызметтеріне байланысты. Овогенез барысында жасушалардың теңдей емес бөлінуі ірі жұмыртқа жасушасының дамуын қамтамасыз етеді және онда көп мөлшерде қоректік заттар жиналады, себебі ұрықтанған жұмыртқадан жаңа ағза дамиды. Сперматогенез бен овогенезді салыстырмалы сипаттауда сперматозоидтар көп дамитынын байқауға болады. Бұл үдерістің өзіндік биологиялық мәні бар, себебі жұмыртқа жасушасына тек бір сперматозоид еніп, өзінің хромосома жиынтығын жеткізеді. Ал қалғандары жұмыртқа жасушасын іздеу барысында тіршілігін жояды. Сперматогенез бен овогенезді салыстыруда сперматозоидтарға қоректік заттар қорының қажет еместігі түсінікті, себебі олардың тіршілігі ұзақ емес, ал қозғалғыштығы жылдам болуы қажет.
Сперматозоид – аталық жыныс жасушасы. Ол ағзадағы ең кіші жасуша болып табылады, оның өлшемі шамамен 55 мкм. Құрамында Y-хромосома бар сперматозоидтарды андроспермия, ал Х-хромосомасы бар гиноспермия деп атайды. Спермасында андроспермия басым ер адамдарда ұл балалар жиі туылады. Сперматозоидтың құрылысы бойынша басы эллипс тәрізді, оның құрамында ядро, гаплоидты хромосомалар жиынтығы болады. Акросома – түрі өзгерген лизосома, құрамында жұмыртқа жасушасын ерітетен ферменттер болады. Центросома – микротүтікшелерді ұйымдастыратын орталық, сперматозоидтың құйрығының қозғалысын қамтамасыз етеді. Басынан кейін орталық бөлігі, одан кейін құйрығы болады. Құйрықта цитоқаңқа болады, ол микротүтікшелерден тұрады. Оның айналасында митохондриялар орналасқан. Митохондрия АТФ синтездеу қызметін атқарып, құйрықтың қозғалысын қамтамасыз етеді.
Жұмыртқа жасушасы – ірі қозғалмайтын, қоректік заттар қоры бар жасуша. Аналық жұмыртқа жасушасының өлшемі 150-170 мкм. Жұмыртқа жасушасының ядросында хромосомалардың гаплоидты жиынтығы болады. Жасуша құрамындағы қор заттарының өз қызметтері бар. Жұмыртқа жасушасы дөңгелек немесе аздап созылыңқы пішінде болады. Құрамында кез келген жасушаға тән органелла жинағы болады. Жұмыртқа жасушасы плазмалық мембранамен қоршалған, бірақ сыртынан мукополисахаридтерден тұратын жылтыр қабықшамен қоршалған. Жылтыр қабықша фолликулярлы жасушалардың микротүтікшелерінен тұратын фолликулярлы қабықшамен жабылған. Ол жұмыртқа жасушасының қорғаныс қызметін атқарып, қоректендіреді. Жұмыртқа жасушасы қозғалмайды.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?