Жердегі тіршілік үшін судың маңызы. Биология, 10 сынып, дидактикалық материал.
Су
Жасушаның құрамында едәуір болады, яғни жасушаның 75%-ға жуығы судан тұрады. Судың мөлшері әр түрлі жасушада түрліше. Оның мөлшерінің көп болуы жасушадағы зат алмасу әрекетінің белсенділігіне байланысты. Мысалы, эмбрион жасушаларының 95%-ы, ми жасушаларының 80%-ға жуығы су болса, ал белсенділігі төмен ескі жасушаларда 60%-дан аспайды. Тірі жасушадағы судың қасиеттері, оның молекуласының құрамына байланысты. Су молекуласындағы бір атом оттек екі атом сутекпен берік ковалентті полюсті байланыс түзетіндіктен, оның молекуласы кеңістікте бұрыш жасай орналасады. Оттек атомы сутектің электрон бұлттарымен араласады да, молекуланың беріктігін арттырады. Бұл беріктіктің, әсіресе жасушадағы зат алмасу процесін реттеудегі рөлі ерекше. Мұны судың мынадай биологиялық қасиеттерінен байқауға болады:
- Су молекуласы өзара (когезия) және басқа заттардың (адгезия) молекулаларымен белсенді қосылысады. Су молекулаларының беттік керілу қасиеті олардың бір-бірімен сутектік байланыс арқылы қосылуына негізделген. Электр заряды бар судың полярлы молекулалары кез келген заттармен байланыса алады. Соның нәтижесінде, суда еріген минералды заттар өсімдік жасушаларындағы ұсақ түтікшелер арқылы топырақтан өсімдіктің тамыры арқылы басқа бөліктеріне дейін көтеріледі.
- Су – еріткіш. Заттар басқа сұйықтықтармен салыстырғанда суда жақсы ериді, сондықтан су заттардың алмасуына тікелей қатысады. Полярсыз (гидрофобты) қосылыстар – липидтер, бензин, толуол, керосин және т.б. іс жүзінде суда ерімейді немесе өте нашар ериді. Мұндай қосылыстар мен судың арасында беттік бөліну қалыптасады, оны күнделікті тұрмыстан май мен судың арасындағы беттік бөлінуден көруге болады.
Полярлы (гидрофильді) қосылыстар – суда еріген тұздар, қышқылдар мен негіздер ион түрінде кездеседі. Иондар көптеген биологиялық катализатордың – ферменттердің әрекетін реттейді, ал оларсыз тіршіліктің болуы мүмкін емес. Иондардың биологиялық мембраналар арқылы қозғалуы жүйкелік қозудың берілуін қамтамасыз етеді. Ал олардың топырақтағы концентрациясы өсімдіктің қалыпты өсуіне мүмкіндік береді. Иондардың жасушада жүріп жатқан зат алмасудағы осыншама рөлі су молекуласы арқылы өтеді. Демек, су – әмбебап еріткіш.
- Судың жылу өткізгіштік қасиеті жоғары. Жылу өткізгіштік ол белгілі заттың бойымен жылудың таралу мүмкіндігі. Тірі организмде жүріп жатқан химиялық реакциялардың нәтижесінде бөлінетін жылудың белгілі бір мөлшері (энергияның бір түрден екінші түрге айналу заңдылығын еске түсіріңдер) денедегі су арқылы біркелкі таралып және сыртқы ортаға шығарылып отырады.
- Су жоғарғы температурада қайнайды. Судың қайнау температурасы жоғары болғандықтан, жер бетіндегі судың қайнап кетуі және сутектік байланыстың үзілуі өте сирек кездеседі. Сондықтан тірі жасушадағы судың мөлшері сыртқы ортаның температурасына қарамастан тұрақты болады. Бұл тұрақтылық тірі организмдердің қалыпты тіршілік етуін қамтамасыз етеді.
- Судың булануынан дене салқындайды. Судың булануына көп энергия кеткендіктен, оның осы қасиеті көптеген тірі организмдердің денелерін салқындатуға пайдаланылады. Мысалы, адам мен жануарлардың денесінің салқындауы терлеу (булану) арқылы іске асады.
- Судың қату температурасының әсері. Егер судың кристалдары тірі организмнің ұлпаларында пайда болса, онда олар тіршілігін жойған болар еді. Алайда қысқы ұйқыға кететін көптеген жануарлардың жасушаларында мұз кристалдарының пайда болуына жол бермейтін табиғи антифриздер болады. Ал құстар мен сүтқоректілердің температурасының жоғары болуы олардың тіршілігінің сергек болуын қамтамасыз етеді. Демек, тірі организмдердің тіршілігінде судың атқаратын рөлі өте зор. Сондықтан да ол тіршіліктің көзі болып табылады.
Су молекуласы тіршіліктің көзі дедік, оны емдік қасиетінен де көруге болады. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Сарыағаш емдеу-сауықтыру орнының суы – бауыр, бүйрек және асқазан ауруларын емдеуге қолданылады. Сол сияқты Алматы қаласының маңындағы Ақсай суы да емдік сусын болып табылады.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?