Жүйке жүйесінің маңызы. Биология, 9 сынып, дидактикалық материал.
ЖҮЙКЕ ЖҮЙЕСІНІҢ МАҢЫЗЫ
Жүйке жүйесінің маңызы
- Жүйке жүйесі денедегі мүшелердің жұмысын реттейді. Мысалы, жүрек пен бұлшықеттердің жиырылуы; сүйектердің қозғалысқа келуі; тер, сілекей, сүт, қарын сөлінің бөлінуі және т. б. Осы әрекеттердің барлығы да тікелей жүйке жүйесінің қатысуымен жүреді.
- Барлық мүшелер мен мүшелер жүйесінің бірімен-бірінің байланысы үйлесімді жұмыс істеуін басқарады. Мысалы, адам жүгіргенде аяқ бұлшықеттерінің жұмысы күшейетіндіктен, зат алмасу үдерісі қарқынды жүреді; тынысалу мен жүрек соғысы жиілейді; қан аз баратындықтан, асқорыту мүшелерінің жұмысы баяулайды.
- Жүйке жүйесі ағза мен сыртқы ортаның байланысын қамтамасыз етеді. Сыртқы ортаның әр түрлі құбылыстарынан қорғану әрекеті адамның жүйке жүйесінің әсерінен болады. Мысалы, жақын келген көлікті (машина, трамвай, троллейбус және т. б.) өтіп кеткенше тоқтап күтіп тұру; аса ыстық немесе суықтан қорғану; денені зақымдайтын заттарға жоламау және т. б. Адамның ойлауы, саналы мінез-құлқы жүйке жүйесінің күрделі дамуына тәуелді (бағынышты).
Ағзалар тіршілігіндегі барлық әрекеттерді жүйке жүйесі басқарады. Оны рефлекстік реттелу дейді.
Рефлекс. Рефлекстік доға. Рефлекс (латынша - жауап қайтару) сыртқы және ішкі тітіркендіргіштерге орталық жүйке жүйесі арқылы ағзаның жауап қайтару әрекеті. Рефлекстер рефлекстік доға, қозу өтетін жолдар арқылы жүзеге асады. Рефлекстік доға 5 бөлімнен тұрады:
- жүйке ұштары - рецепторлар (латынша - қабыл-даймын, қабылдаушы);
- сезгіш нейрондар (қозуды орталық жүйке жүйесіне өткізеді);
- жүйке орталығы (орталық жүйке жүйесі);
- қозғалтқыш нейрондар;
- тітіркендіруге жауап қайтаратын мүшелер (бұлшықеттер және т. б.).
Рефлекстік доға рецептордан басталады. Рецепторлар (жүйке ұштары) әр түрлі тітіркендіргіштерді (ыстық, суық, қышқыл, дыбыс және т. б.) қабылдайды. Рецептордан сезгіш нейрондар арқылы қозу орталық жүйке жүйесіне өтеді. Қозу орталық жүйке жүйесінде талданып, одан қозғалтқыш нейрондар арқылы жұмыс атқаратын мүшелерге беріледі. Оны тізені жазу рефлексінен де байқауға болады.
Рефлекстік доғаның барлық бөлімдері толық қызмет атқарса ғана рефлекс болады. Егер рефлекстік доғаның бір бөлімі зақымданса, рефлекс жойылады (болмайды).
Дереккөздер
- ↑ Биология:Жалпы білім беретін мектептің 8-сыныбына арналған оқулық. Алматы: Атамұра, 2008. ISВN 9965-34-812-Х
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?