Маңызды іріктемелер мен қолтұқымдар. Биология, 8 сынып, қосымша материал.


Қазақстанның жылқы өсіретін асыл тұқымды шаруашылықтарында жылқының 20-ға жуық қолтұқымы өсіріледі.

 Қазақстанда ерте кездерден бастап, өсіріп келе жатқан қолтұқымның бірі – қазақы жылқы. Оның негізгі тобын – «жабы» деп атайды. Бұл қолтұқым көлік малы ретінде және еті, сүті үшін де өсіріледі. Дене бітімі шымыр, қатаң ауа райына төзімді. Жыл бойы жайылымда, жем-шөп талғамайды, тез қоңданады, салт мінуге ыңғайлы.

 Жабы жылқылары Атырау, Ақтөбе, Қарағанды, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Ақмола аймақтарында өсіріледі.

  

 Қазақстанның батыс аймақтарында ертеден өсіріп келе жатқан қолтұқымы – адай жылқысы. Жергілікті халық «дала көркі» деп ерекше дәріптейді. Оны салт мініс көлігі ретінде пайдаланады. Адай жылқысы өлкеміздің батыс өңірінің табиғат жағдайларына бейімделген. Ол – ұзақ уақыт ішінде халықтық сұрыптау тәсілімен шығарылған жергілікті жылқының қолтұқымы.

 Көшім жылқысы да халықтық сұрыптау нәтижесінде Батыс Қазақстан аймағында шығарылған. Жергілікті биелерді басқа асыл тұқымды айғырлармен жұптастыру арқылы алынған қолтұқым. Кеудесі кең, қабырғалары шеңберлі, арқасы тегіс әрі жазық, сауыры сом етті, аяқтары сүйекті. Жайылымда жақсы семіреді, қара жұмысқа шыдамды және ұзақ жүріске де дес бермейді.

 Қостанай жылқысы. Қостанай және Ресейдің Челябі аймақтарында өсіріледі. 1951 жылы өз алдына жеке қолтұқым ретінде бекітілген. Жергілікті қазақы жылқылардың биелерін асыл тұқымды қалмақ, дон, орлов жылқыларының айғырларымен жұптастыру арқылы шығарылды. Денесі орташа, мойны түзу, басы онша үлкен емес, алқымы кең. Арқасы жалпақ, аяқтары сіңірлі, тұяқтары дөңгелек. Бұл қолтұқым тебінге төзімсіз. Қыста қорада ұсталады, жазда жайылымға шығарылады. Қара жұмысқа көнбіс әрі төзімді, салт мінуге де, арбаға жегуге де ыңғайлы және жүрдек.

 Қазақстанның батыс өңірінде соңғы жылдары жылқының – мұғалжар қолтұқымы шығарылды. Ол негізінен етті және сүтті бағытта өсіріледі. Биелері жылына 3 000 литрдей сүт береді.

 Қазақстанда жоғарыда аталған қолтұқымдардан басқа жон, желғор, қарабайыр, буденный, түрікменнің ахалтекесі жылқылары өсіріледі. Жылқы малын тек көлік ретінде ғана емес, оның дәмді еті, шипалы қымызы үшін де өсіреді.

 Қымыздың 3 мың жылдық тарихы бар. Қымыз – халқымыздың кәделі әрі киелі сусыны. Ол адамға қуат беріп, бойын сергітеді. Қымыз негізінен өкпе ауруларын емдеуге пайдаланады. Оның құрамында адам ағзасына аса қажетті витаминдер, микроэлементтер, антибиотик заттар бар. Бие сүті барлық көрсеткіштері жөнінен ана сүтімен пара-пар деп есептеледі. Қымыздың 40-қа жуық түрін дайындайды. Оны дайындау тәсілдері де түрліше. Мысалы, уыз қымыз, бал қымыз, бесті қымыз, дөнен қымыз, жуас қымыз, қысырақ қымыз, шырғанақ қымыз және басқа да түрлері бар. Соңғы жылдары қымызды ұзақ уақыт сақтау әдісін (10–12 ай) қазақ ғалымы Зұлқайнар Сейітов тапты. Оның дәмі, сапасы бұзылмай, ұзақ уақыт ашып кетпей сақталады. Бұл – қымыз өндіру ісіндегі зор ғылыми жаңалық. Қымыздың шипалық қасиетіне шет елдер де көңіл бөле бастады. Халқымыздың ұлттық мерекесінің бірі «қымызмұрындық» деп аталады. Бұл – қыстаудан жайлауға көшкенде тойланатын ұлттық мереке. Жылқы малы киелі саналатындық тан, оның басына ұрмайды. Жылқының ер-тоқым, басқа да әбзелдерін аяқ астына тастамайды.

 Тарихи дастан жырларда жылқы батырлардың адал досы, сенімді серігі ретінде суреттеледі. Мысалы, Қобыландының – «Тайбурылы», Ертарғынның – «Бозтарланы», Қамбар батырдың – «Қарақасқасы», Төлегеннің – «Бозжорғасы», Ақан серінің – «Құлагері». Азаматтың абыройын асқақтатқан жылқының асыл қолтұқымдарының санын көбейту қажет. Сапасы жоғары жаңа қолтұқымдарды асылдандыру шараларына ерекше назар аударылуы тиіс.

  • Тақырып мазмұнына қатысты теориялық материал

 Биязы жүнді қолтұқымдар. Жүні өте сапалы, әрі жіңішке салалы биязы жүнді. Осы бағытта сегіз қой тұқымы өсіріледі. Әлемдік сұрыптау жетістіктердің бірі – Қазақстанда шығарылған арқар меринос қойы. Ол 1934–1950 жылдары арқардың құлжасы (қошқары) мен жергілікті саулық қойларды жұптастыру арқылы алынды. Бұл – Қазақстандық ғалымдар И. С. Бутарин, Ә. Есенжолов, А. Жандеркин, т.б. ұзақ жылғы ғылыми еңбектерінің жемісі. Қолтұқым таулы аймақтың табиғатына төзімді. Қазіргі кезде Алматы, Павлодар, Шығыс Қазақстан аймақтарында өсіріледі. Қазақтың биязы жүнді қойы – 1934–1946 жылдар аралығында Қазақстандық белгілі ғалым В. А. Бальмонттың жетекшілігімен шығарылды. Қолтұқым Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде өсіріледі. Оңтүстік қазақ меринос қойы– Жамбыл мен Оңтүстік Қазақстанда өсірілетін жүнді-етті бағыттағы қолтұқым. Солтүстік қазақ меринос қойы Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстанда өсіруге бейімделген. Жартылай биязы жүнді қолтұқымдар. Қазақстанда бұл бағытта дегерес, қазақтың етті-жүнді, гемпшир және кроссбред қолтұқымдары өсіріледі. Дегерес қойы – етті-жүнді, әрі етті-майлы (құйрықты) бағытта шөл-шөлейтті жердің табиғатына бейімделген. Ол Орталық және Оңтүстік Қазақстан өңірінде де өсірілуде.

 Ұяң жүнді құйрықты қолтұқымдар. Қазақстанда бұл бағытта қарғалы және сараджын қолтұқымдары өсіріледі. Қарғалы қойы қазақтың қылшық жүнді, құйрықты саулықтарын еділбай, дегерес қойларының қошқарларымен жұптастыру арқылы шығарылған. Ол әрі етті әрі жүнді мол береді. Қарағанды өңірінде өсіріледі. Сараджын қойы ертеде Түрікменстанда халықтық сұрыптаудың нәтижесінде шығарылған. Жүнінің түсі ақ, жібек тәрізді талшықтары біркелкі, кілем тоқуға өте ыңғайлы. Ақтөбе алқабындағы шөлейтті жерлерде өсіріледі.

 Қылшық жүнді құйрықты қолтұқымдар. Қазақстанда бұл бағытта еділбай, қазақтың қылшық жүнді және қаракөл қойлары өсірілуде. Еділбай қойы еліміздің батыс аймағында ертеден өсіріліп келеді. Еті дәмді, жүні мол, шөл-шөлейтті жерлерге бейім, ірі тұлғалы. Қазіргі кезде еділбай қойы Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қарағанды өңірінде өсірілуде. Қазақтың құйрықты қылшық жүнді қойы – Қазақстанда ертеден келе жатқан қолтұқым. Ол шөл-шөлейтті аймақта өсіруге ыңғайлы, еділбай қойынан кішілеу. Ақмола, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында өсіріледі.

 Қаракөл қойы – әдемі және қымбат бағалы елтірісі арқылы дүние жүзіне белгілі қой тұқымы. Ол бұдан 3–3,5 мың жыл бұрын Орта Азия жерінде халықтық сұрыптау тәсілімен шығарылған. Оның 2–3 күндік сойылған қозыларының елтірісі өте сапалы болады. Қаракөл қойы құрғақ далалы, шөл-шөлейтті аймақта өсіруге бейімделген. Қатаң ауа райына шыдамды, тұлғасы берік, терісі жұқа, бірақ тығыз. 1990 жылдары Қазақстанда қаракөл қойының саны 6 млн болса, 2000 жылғы саны 2 миллион шамасында. Қаракөл қойы Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Маңғыстау облыстарында өсірілді.

 Етті бағыттағы қолтұқымдар. Бұл бағытта Қазақстанда кеңінен таралған қолтұқымға қазақтың ақбас сиыры жатадыҚолтұқым жергілікті қазақ, қалмақ сиырларын Англиядан әкелінген герефорд бұқаларымен жұптастыру арқылы шығарылған. Түгі қызыл, басы ақ, бүкіл денесінде ақ түсті дақтар бар. Жазда жүні қысқа және біртегіс жалтылдап тұрады. Қыста жүні ұзын, әрі тығыз болып өседі. Бұқаларының салмағы 850–1000 кг, сиырлары 500–550 кг тартады. Күтімі жақсы болса, 1,5 жастағы тайыншаларының салмағы 450– 470 килограмға дейін жетеді. Сиырдың бұл қолтұқымы Батыс Қазақстан өңірінде көбірек өсіріледі.

 Әулиекөл сиыры да етті бағытта шығарылған сиырдың жаңа қолтұқымы. Бұл Қостанай өңірінде қазақтың ақбас сиырымен шеттен әкелінген шароле, абердин-ангусс сиырларының бұқаларымен жұптастыру арқылы шығарылған. Қолтұқымның өнімділігі қазақтың ақбас сиырынан 15–20 пайыз көп.

 Ірі қараның етті бағыттағы қолтұқымдары шет елдерде көптеп өсіріледі. Мұндай қолтұқымдарға – абердин-ангусс, герефорд, шортгорн, галловей, шароле, лимузин, санта-гертруда, т.б. жатады.

 Сүтті бағыттағы қолтұқымдар. Бұл бағытта өсірілетін ірі қара қолтұқымдарынан сүт алу мақсаты көзделеді. Қазақстанда қырдың (даланың) қызыл сиыры, әулиеата, алатау, қарала, симменталь қолтұқымдары өсіріледі.

 

 

 Қырдың қызыл сиыры. Қолтұқым XVІІІ ғасырдың соңында Украинаның далалы аймағында (Запорожье өңірінде) шығарылған. Сиырлардан жылына орта есеппен 3 800–4 500 л сүт сауылады. Сүтінің майлылығы 3,6–3,8 пайыз. Жаздың құрғақ ауа райына бейімделген. Қырдың қызыл сиыры Қазақстаннан басқа Ресейдің еуропалық бөлігінің оңтүстігінде, Батыс Сібірде таралған.

 Әулиеата сиыры. Қолтұқым XІX ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Қырғызстан мен Жамбыл өңірінде шығарылған. Жергілікті сиырларды голланд қолтұқымының бұқаларымен ұрықтандыру арқылы алынған. Дене тұлғасы ұзынша, басы – шағын, мойны – жіңішке, қатпарлы, мүйізі – қысқа, түсі – қарала. Жылына орта есеппен 3 000–3 800 л сүт береді. Қолтұқым оңтүстіктегі таулы аймақтың құрғақ әрі ыстық ауа райына шыдамды келеді.

 Алатау сиыры сүтті, етті бағытта өсірілетін қолтұқымға жатады. Ол ХХ ғасырдың 30–50 жылдарында жергілікті сиырларды швиц, кострома тұқымының бұқаларымен ұрықтандыру арқылы алынған. Сиырларының басы үлкен, тұмсығы сүйірлеу, кеудесі ауқымды, жалпақ, арқасы біртегіс. Денесінің артқы жағы сәл көтеріңкілеу келеді. Бұл – таулы аймақ малдарына тән қасиет. Желіні тегеш пішінді. Түсі қоңырқай. Етінің сапалық қасиеті жоғары. Тез жетіледі, тайыншаларының салмағы 500–550 кг. Алатау сиыры Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан өңірінің таулы аймақтарында өсіріледі.

 Шет елдерде сүтті бағытта көп өсірілетін қолтұқымдарға – холмогор, ярославль, қарала сиыр, англер, айрширлер жатады. Кейбір сүтті қолтұқымды сиырлардан жылына орта есеппен 16–20 мың литр сүт сауылады.

 Швиц, симменталь, т.б. сиыр қолтұқымдары әрі сүтті, әрі етті бағытта сұрыпталған қолтұқымдар.

 Көптеген елдерде сиыр сүтін ерте заманнан пайдаланып келеді. Атақты орыс ғалымы Иван Петрович Павлов (1849–1936) «сүт – табиғаттың өзі дайындап берген өте құнды тағамы» – деп жоғары бағалаған. Сиырдың сүтті көп беруі олардың күтіміне, азықтық қорегіне тікелей байланысты. «Сиырдың сүті – тілінде» деген даналық сөз – соның айғағы.

 Үйқояндардың етті-терілі, етті, терілі және түбітті қолтұқымдары бар.

 Етті-терілі қолтұқымдарға – мардер, шынша (шиншилла), шампан үйқояндары жатады. Қолтұқымдардың дене мөлшері орташа, терісі мен түгі сапалы болады.

 Етті қолтұқымдарға – ақ, сұр, күміс түсті, қара-қоңыр түсті үйқояндары жатады. Олардың денесі ірі, кейбірінің салмағы 7–8 килоға дейін жетеді.

 Терілі қолтұқымдарға – ақкіс, аляска, рекс үйқояндары жатады. Олардың тірідей салмағы 2–3,5 кг. Түгі әдемі және біртегіс. Үйқоянның терісі әдетте боялмай, табиғи түсі, түгі қырқылмай пайдаланылады.

 Түбітті қолтұқымдарға – татар, ангор үйқояндары жатады. Түгінің 90–92 пайызы түбіт, қылшығы аз. Мұндай қолтұқымдар түгінің түсі ақ, қара және көк болып келеді. Әр үйқояннан 360–500 г түбіт алынады.

  • Техникалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге байланысты ұсыныстар

Сабақ барысында оқушылардың биология кабинетіндегі техникалық қауіпсіздік ережелерін сақтауына назар аударылады.

  • Сабақты ұйымдастыруға қатысты қосымша ұсыныстар

Кейбір оқушыларға ақпарат парақшаларын ұсынуға болады. Топтық жұмыс кезінде оқушылар қосымша ақпарат көздерін, оқулық, интернетті пайдалана алады. Кейбір пайдалы мақалаларды дайындап ұсынуға болады.

  • Қалыптастырушы бағалауды жүргізуге байланысты ұсыныстар

Оқушылардың еліміздегі іріктемелер мен қолтұқымдарының түрлері мен олардың құнды белгілерін білулеріне назар аударылады. Оқушылардың қолдан сұрыптауды жүргізіп іріктеме немесе қолтұқымды шығарып алуда көзделген мақсаттарды анықтай алуына көмек көрсету қажет. Кейбір іріктемелер мен қолтұқымдардың кемшілік белгілерін де қарастыруға болады.

  • Саралау тапсырмалары

Кейбір оқушылар қосымша ақпарат көздерін пайдаланып өз білімдерін тереңдете алады. Оларға өздері көздеген іріктеме немесе қолтұқымды сипаттау тапсырмасын ұсынуға болады.

  • Тапсырма жауаптары, критерийлері

Критерий:

қазақстандағы құнды іріктемелер мен қолтұқымдарды сипаттайды

Дескрипторлар:

  • Іріктеме немесе қолтұқымның сипаттамаларын береді
  • Құнды белгілерін сипаттайды
  • Сілтемелер мен ресурстар

Ақбас сиыр – қазақтың бренді

https://www.youtube.com/watch?v=yiudCFJqs-4



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу