Терінің маңызы. Биология, 8 сынып, қосымша материал.


  • Тақырып мазмұнына қатысты теориялық материал

 Терінің маңызы. Тері – адам денесінің сыртқы жабыны. Тері ағзада әр түрлі қызмет атқарады. Ішкі мүшелерді сыртқы ортаның механикалық әсерінен (соғылудан, жарақаттанудан) қорғайды.

 Тері микробтарды, еріген улы және зиянды заттарды өткізбей қорғаныштық қызмет атқарады.

 Тері ағзадағы зат алмасу процесіне қатысады. Негізінен су мен жылу алмасуда маңызы бар. Сыртқы ортаның температурасы қаншалықты ауытқығанымен адамның дене температурасы үнемі тұрақты болады. Дене температурасының үнемі тұрақты деңгейде болуын қамтамасыз ететін физиологиялық процестерді жылу реттелу дейді.

 Тері арқылы сумен бірге түрлі тұздар (хлорлы), сүт қышқылы, азоттық алмасу өнімдері сыртқа шығарылады.

 Тері қанайналым процесінде қанның сақталатын қоймасының да қызметін атқарады. Ересек адамның терісінің капилляр қантамырларында 1 литрдей қан болады.

 Теріде көптеген жүйке талшықтары, сезгіш жасушалар шоғырланған. Сондықтан тері сезім мүшесінің қызметін атқарады. Адам тері арқылы бір заттың жанасқандығын, температураны, ауырғанды сезеді.

 Терінің витаминдер алмасуына да қатысы бар. (Бұрын өтіп кеткен витаминдер тақырыбын естеріңе түсіріңдер.) Теріде болатын ерекше заттардан күннің ультракүлгін сәулелерінің әсерінен Д витамині түзіледі.

 Теріде аздаған мөлшерде газ алмасу процесі жүреді, яғни оттегін сіңіріп, көмірқышқыл газын бөледі. Адам терісіндегі тер, май және сүт бездері арқылы ыдырау өнімдері бөлінеді.

 Теріде ағзадағы артық май қор ретінде жиналады.

 Терінің құрылысы. Адам терісі негізінен үш қабаттан тұрады. Терінің сыртқы қабаты – эпидермис (грекше «epі» – сырты, үсті, «derma» – тері), ортаңғы қабатынағыз тері (дерма), ішкі қабаты – теріасты шел (клетчатка) қабаты деп аталады (89-сурет). Соңғы кезде теріасты шел қабатын нағыз тері қабатымен қосып, бір қабат деп санайды.

Терінің эпидермис қабаты – көп қабатты жалпақ эпителий (жабын) ұлпасынан тұрады. Оның қалыңдығы атқаратын қызметіне сәйкес түрліше болады. Үнемі механикалық күш түсетін жерлерде (алақанда, табанда) эпидермис едәуір қалың (0,5–2,3 мм). Көкіректе, құрсақта, санда, білекте, мойында эпидермис қабатының қалыңдығы 0,02–0,05 мм-ден аспайды.

 Эпидермистің өзі екі қабаттан тұрады. Оның сыртқы қабаты мүйізді қабат деп аталады. Бұл қабаттағы тіршілігін жойған жасушалар қайызғақ түрінде үнемі түлеп түсіп отырады. Қайызғақ көбіне шаштың арасынан айқын көрінеді. Эпидермистің мүйізді қабаты теріні сыртқы ортаның зиянды әсерлерінен қорғайды, ауру қоздырушы ағзаларды өткізбейді. Мүйізді қабаттан шаш, түктер, тырнақтар пайда болған.

 Эпидермистің ішкі қабатын – өсуші қабат дейді. Бұл қабатта бір қатар тірі жасушалар орналасқан. Ондағы жасушалардың үнемі бөлінуі арқылы тері қалпына келіп отырады. Өсуші қабаттағы жасушалардың бөлініп көбеюі тырнақтардың да, түктердің де өсуіне септігін тигізеді.

 Терінің екінші қабаты – нағыз тері қабаты (дерма). Дерма тері деген ұғымды білдіреді. Сондықтан да тері ауруларын емдейтін дәрігерді дерматолог деп атайтынын ұмытпаңдар!

 Терінің дерма қабаты дәнекер ұлпадан тұрады. Оның қалыңдығы 1–2,5 мм. Дерманың эпидермиске жанаса орналасқан сыртқы қабатын – емізікшелі (сосочковый), ішкі жағын – торлы (сетчатый) қабат дейді. Дерманың емізікшелі қабаты тығыз талшықты дәнекер ұлпасынан тұрады. Бұл қабатта қантамырлары, лимфа тамырлары, жүйке талшықтары өте жиі орналасқан. Бұл қабат эпидермисті қажетті қоректік заттармен қамтамасыз етіп тұрады. Емізікшелі қабаттағы тарақ, емізік тәрізді өскіндерге байланысты әр адамның терісінің сыртқы бедері түрліше болады. Қылмысты істерді анықтауда саусақ ұшындағы тері бедері көп пайдасын тигізеді.

 Дерманың торлы қабаты, тірек қызметін атқарады. Бұл қабатта түктің түбірі, тер және май бездері орналасады. Теріде сүт бездері болады. Тері бездері де сыртқы секреция бездеріне жатады.

 Тер бездерінің пішіні түтікке ұқсас, оның өзегі терінің сыртына кішкене саңылау түрінде ашылады. Тер бездері алақанда, табанда, қолтықта, тақымда көп шоғырланған. Тер бездері арқылы термен бірге ыдырау өнімдері бөлінеді. Тер бездерінен бөлінген тер дене температурасының тұрақтылығын сақтайды. Балаларда тер бездері нашар дамыған.

 Май бездерінің өзектері түктердің түбіріне ашылып, түктерге, теріге май бөледі. Май бездерінен бөлінген май теріні құрғап кетуден сақтайды, теріге суды өткізбейді. Терінің жұмсақтығы мен серпімділігін қамтамасыз етеді. Май бездері баста, бетте көбірек болады.

 Теріде болатын ерекше жасушалар күннің ультракүлгін сәулелерінің әсерінен пигмент (меланин) бөліп, терінің түсі қараяды. Оның қорғаныштық мәні бар.

 Теріасты шел қабаты (гиподерма) да дәнекер ұлпадан тұрады, онда майлы қосылыстар көп болады. Мұнда жиналған майлы заттарды ағза қажет кезінде пайдаланады. Терінің бұл қабаты ағзаны суықтан және сыртқы ортаның механикалық әсерлерінен қорғайды.

 Шаш, түктер, тырнақ – эпидермистің қосалқы мүйізді түзілістері. Алақанда, табанда, ерінде түктер болмайды. Бас терісінде қалың өскен түктер – шаш деп аталады. Шаштың теріден сыртқа шығып тұрған бөлігі – сояуы (қылшығы), терінің астында түбірі мен жуашығы орналасқан. Түктің жуашығы мен түбірінің сыртын түк қалтасы қоршап тұрады. Түк жуашығымен қантамырлар, жүйкелер және түкті тікірейтетін бұлшықеттер байланысқан. Түк қалтасына май бездерінің өзегі ашылып, шашты (түктерді), теріні майлап тұрады.

 Тырнақ – саусақ ұштарының сыртында орналасқан жалпақ мүйізді түзіліс. Тырнақ та шашқа ұқсас үнемі өсіп отырады. Шаш пен тырнақтың тазалығына үнемі көңіл бөліп отыруды ұмытпаңдар!

 Терінің қызметі. Тері – ағза мен қоршаған ортаны байланыстырушы мүше. Терінің қызметі денеміздегі барлық мүшелер жүйесінің қызметімен тығыз байланысты. Мүшелердің, мүшелер жүйесінің қызметінің бұзылуы бірден теріден байқалады. Мысалы, терінің қызаруы, қышуы, бөртуі, т. б.

 Терінің қорғаныштық қызметі. Сыртқы ортаның механикалық әсерлерінен қорғайды. Суықтан, ыстықтан, ауру қоздырушы микробтардан, зиянды заттардан да қорғайды.

 Ыдырау өнімдерін шығару қызметі – зат алмасумен тікелей байланысты. Тер арқылы су, аммиак, несепнәр (мочевина), минералдық тұздар және т. б. заттар бөлінеді. Тердің тәуліктік бөліну мөлшері сыртқы ортаның температурасына, атқаратын жұмысқа байланысты.

 Сезгіштік қызметі – теріде болатын сезгіш жасушалар мен жүйке талшықтарына байланысты. Солар арқылы температураны, ауырғанды және т. б. сезеді.

 Жылуды реттеу қызметі – дене температурасының бірқалыпты деңгейде сақталуымен байланысты.

  

Сабақ барысында биология кабинетіндегі қауіпсіздік ережелерін сақтау.

Психологиялық ақуалдың жағымды болуына назар аударылады.

  • Техникалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге байланысты ұсыныстар

Үлгімен жұмыс жасау кезінде абай болу.

  • Сабақты ұйымдастыруға қатысты қосымша ұсыныстар

Тері туралы өздеріне таныс ақпараттарды еске түсіруден бастаған жөн. Сабақтың басында оқушылардың барынша көп ақпарат ұсынулары мен сұрақтар қоюына назар аударылады. Оқушылар осы кезеңде тері туралы білімнің өзектілігн түсінеді.

Түсіндірме кезінде оқушыларға сұрақтар қоя отырып, белсенді әңгіме жүргізіледі. Терінің әрбір құрылымын таныстырылымда ашқан сайын, оның қызметі қандай деп сұрауға болады. Мысалы, неліктен терінің астында осыншама май жиналады, теріде не себептен қан тамырлары көп, жүйке ұсштарының қызметі неде т.б.

  • Қалыптастырушы бағалауды жүргізуге байланысты ұсыныстар

Терінің бөліп шығарудағы маңызын түсінулеріне назар аударылады. Тері арқылы көмірқышқыл газы, су , тұздар бөлініп шығарылады. Мысалы , дене жаттығуларын жасаған кезде адамның тері арқылы денеден артық жылу мен су бөлініп адам денесі салқындайды. Оқушылардың әрбір құрылымның терінің атқаратын қызметімен байланыста сипаттай білулеріне басты назар аударған жөн.

Тердің бөлінуінің реттелуі қоршаған ортаның температурасы мен адам денесінің температурасына тәуелді. Мысалы, адам қызу дене жаттығу жасаған кезде дене температурасы артатындықтан терлеу арқылы салқындайды. Ал қоршаған орта температурасы көтерілгенде де адам тер бөлуді арттырып дене температурасын сақтайды.

  • Саралау тапсырмалары
  • 3-қосымшада берілді

Жауабы:

  • Тапсырма жауаптары, критерийлері

1-тапсырма.

– жабын мүшесі, бүкіл дене жабыны, мықты және серпімді.- қорғаныш мүшесі. Бүкіл ұлпалар мен мүшелерді механикалық зақымдану, ауру тудыратын микробтардан қорғайды.- сезім мүшесі. Теріде қысымды, ауырғанды, суық пен жылуды сезетін рецепторлар болады. Олар адамды жарақаттанудан, күюден. т. б. сақтайды.- дене температурасының тұрақтылығын сақтаушы.- бөліп шығару мүшесі. Ағзадағы мөлшерден артық тұздар мен су, аздаған СО2 тері арқылы термен бөлініп отырады.- терідегі қоңыр пигмент ағзаны ультракүлгін сәулелердің артық мөлшерінен қорғайды.

2-тапсырма. 1-май бездері , 2- түк, 3- эпидермис 4- жүйке талшығы, 5-тер безінің өзекшесі, 6- түк ұясы, 7- жүйке ұштары, 8- қан тамырлары, 9- шел қабаты

3-тапсырма. Бөліпшығаруға 5, 8 құрылымдары қатысады.

Бағалау критерийлері:

  • Терінің құрылысын біледі;
  • Терінің қызметтерін түсінеді;
  • Терінің бөліп шығарудағы маңызын бағалайды

Дескрипторлар:

Терінің қызметтерін түсіндіреді.

Терінің бөліпшығаруға қатысатын құрылымдарын атайды.

  • Сілтемелер мен ресурстар

Cипап сезудің сыры: https://twig-bilim.kz/kz/film/how-we-touch

Түршігу сезімі деген не?

https://twig-bilim.kz/kz/film/what-are-goosebumps



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу