Қанайналым жүйелері мен шеңберлері (жаңа тақырыпты меңгерту). Биология, 8 сынып, қосымша материал.


  • Тақырып мазмұнына қатысты теориялық материал

Жануарлардың қанайналым жүйесінің құрылысы

 Жауын құрттың қанайналым жүйесі әр буылтықта жеке болады. Сақиналы қантамырлармен өзара байланысқан ірі арқа қантамырынан және құрсақ қантамырынан тұрады. Бұл екеуінен қылтамырлар тарамдалып, тері және зәр шығару, асқорыту, жүйке жүйесі, т.б. ішек мүшелерді түгелдей торлап жатады.

Дененің алдыңғы бөлігіндегі ірілеу сақиналы қантамырлар -«жүрекше» деп аталады. Ол жиырылып босаңсуы нәтижесінде қан құрсақ қантамырлармен дененің артқы жағына, арқа қантамырымен алдыңғы бөліміне қарай ағады. Дене қуысына тікелей құйылмай, қантамырлары арқылы таралып айналатын қан айналымы тұйық қанайналым жүйесі деп аталады. Жауын құрттың қанайналымы осылай жүзеге асады.

 Ұлулар, шаяндар мен өрмекшілердің қанайналымы ашық қанайналым жүйесіне жатады. Бұл жануарларда қан жүректен, ұшы тұйық емес қантамырларына, одан дене қуысына құйылады. Қан ұлпалар арасына жайылып, газ, зат алмасады да (оттегін, қоректік заттарды ішкі мүшелерге олардан береді, қажетсіз заттарды сіңіреді) қантамырлары арқылы өкпеде оттегімен қанығып жүрекке келеді.

 Бунақденелілерде де қанайналымы ашық; қан қоректік заттарды тасымалдайды; тыныс алуға қатыспайды.

 Балықтың жүрегі екі қуысты. Қан жүрек қарыншасынан желбезектерге қарай шығатын ірі қантамыры-құрсақ қолқасына өтеді. Желбезекке келгенде құрсақ қолқасынан оңға және солға қарай қантамырлар таралады. Олар желбезекте ұсақ қылтамырларға тармақталып, оттегіне қанығады да, артерия қанына айналады. Қолқадан дененің барлық мүшелеріне қылтамырлар тармақталады. Ондағы әр түрлі ұлпаларда артерия қаны оттегін беріп, көмірқышқыл газын және түрлі қажетсіз өнімдерді сіңіреді де, вена қантамырымен ағып, жүректің құлақшасына құйылады. Ол жиырылып, қан қарыншаға өтеді. Сөйтіп балықтың қаны бір шеңбер жасап, бүкіл денені айналып шығады. Сондықтан балықтың қанайналым жүйесін біршеңберлі қанайналым жүйесі дейді.

 Қосмекенділердің жүрегі үш бөлімді, қарыншадан және екі құлақшадан тұрады. Қан дененің барлық мүшелерінен вена қантамырымен жүректің оң құлақшасына құйылады. Сол жақ құлақшаға өкпеден оттегін сіңірген қан құйылады. Құлақшалар жиырылған кезде қарыншаға екі құлақшадан біраз қан өтіп, артерия мен вена қаны араласады да, денесіне аралас қан тарайды. Қарыншадан ірі артерия қан тамыры шығып, ол денені бойлап артқы жағына қарай ағады. Одан көптеген қылтамырлар шығып, бүкіл ұлпаларды торлайды. Оларды оттегімен, қоректік заттармен қамтамасыз етеді. Артерия біртіндеп вена қанына айналып, вена қантамырымен жүрекке қарай ағады.

 Бақаның қанайналым жүйесінде екі шеңбер бар. Қанды жүректен бүкіл денеге тарататын артерия қантамырлары мен денеден жүрекке оралатын вена қантамырын үлкен қанайналым шеңбері деп айтады. Қанның өкпе мен теріге баратын, одан жүрекке қайта келетін тармағы - кіші қанайналым шеңбері деп аталады.

 

Жорғалаушылардың жүрегі, қанайналым жүйесі бақанікіне ұқсас. Бұларда жүрек үш бөлімді: қарыншадан, екі құлақшадан тұрады. Олардың бақадан ерекшелігі жүрек қарыншасы жартылай пердемен екі бөлімге бөлінеді. Бірақ перде қарыншаны толық бөлмегендіктен артериялық қан мен веналық қан (бақамен салыстырғанда) аз мөлшерде болса да араласады. Сондықтан қосмекенділер мен жорғалаушылардың ағзасында зат алмасу баяу жүреді де, дене температуралары тұрақсыз, қоршаған ортаның температурасына тәуелді болады. Ауа райы салқын солтүстік аймақтарда қосмекенділер мен жорғалаушылардың сирек таралғаны және жылы аймақтарда қыста ұйқыға жататыны содан. Бұларды салқынқанды жануарлар дейді.

Құстар мен сүтқоректілердің жүрегі төрт бөлімнен тұрады. Жүрек қарыншасының пердесі оны толық екі бөлімге бөліп, қан араласпайды. Дене мүшелеріне таза артерия қаны таралып, өкпеге вена қаны келеді. Бұл жануарларда зат алмасу қарқындығы жүреді. Дене температурасы тұрақты, қоршаған ортаның температурасына тәуелді емес. Оларды жылықанды жануарларға жатқызады.

  • Техникалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге байланысты ұсыныстар

Сабақ барысында жеке бас қауіпсіздігін сақтауларына назар аудартылады.

  • Сабақты ұйымдастыруға қатысты қосымша ұсыныстар

Оқушылардың ашық және тұйық қанайналым жүйесінің әр ағзаның тіршілігі үшін артықшылығы мен кемшіліктерін бағалай білулері маңызды. Мысалы, бақаға қарағанда иттің тіршілік әрекеттері әлдеқайда жылдам, әрі күрделі. Иттер қоршаған тіршілік ортасына бақаларға қарағанда жақсы бейімделген.

Ашық және тұйық қанайналым щеңберлерін қарастырған кезде де ағзада ашық қанайналым жүйесі болса оның тіршілік әрекеттерінде қандай ерекшеліктері болады, ал тұйық қанайналым жүйесі болса қандай ерекшелік тән деп талқылау жүргізу маңызды. Мысалы, кесірткеге қарағанда ұлулардың қимылы баяу, тіршілік әрекеттері едәуір қарапайым. Ашық қанайналымның болуы онда энергияның аз өндірілуі мен диффузияның баяу жүруіне әкеледі. Ал бақаға қарағанда иттерде диффузия жылдам жүретіндіктен жасушалар оттекпен жақсы қанығып, жану қарқынды жүреді де, жасушаларда энергия көп болады. Сондықтан олардың тіршілік әрекеттері белсенді.

  • Қалыптастырушы бағалауды жүргізуге байланысты ұсыныстар

Жануарлардың қан айналым жүйелерінің мысалында ашық және тұйық қанайналым жүйелерінің айырмашылықтарын сипаттау, олардың түрлеріне мысалдар келтіру, ағза тіршілігін үшін артықшылықтарын түсіндіру, қан айналым шеңберлерін сипаттау, бір және екі қанайналым шеңберлерін ажырату, кіші және үлкен қанайналым бойынша қанның қозғалуын, қан түрлерін түсіндіруіне назар аударылады.

Қалыптастырушы бағалау сабақтың барлық кезеңінде критерийлер мен дескрипторлардың көмегімен жүзеге асырылады.

  • Саралау тапсырмалары
  • 4-қосымшада ұсынылды
  • Тапсырма жауаптары, критерийлері

2-қосымша: 1 топ – ашық қанайналым жүйесі.

Дескрипторлар:

  • Ашық қанайналым жүйесінің сызбасында вена қаны мен артерия қанын көк және қызыл түстермен дұрыс бояп көрсетті.
  • Сызбаға сүйеніп ашық қанайналым жүйесін дұрыс сипаттады.
  • Ашық қанайналым жүйесі бар жануардың 3 мысалын келтірді.

2 топ – тұйық қанайналым жүйесі (1 шеңбер).

Дескрипторлар:

  • Тұйық қанайналым жүйесінің сызбасында вена қаны мен артерия қанын көк және қызыл түстермен дұрыс бояп көрсетті.
  • Сызбаға сүйеніп тұйық қанайналым жүйесін дұрыс сипаттады.
  • Тұйық бір шеңберлі қанайналым жүйесі бар жануардың 2 мысалын келтірді.

3 топ - тұйық қанайналым жүйесі (2 шеңбер).

Дескрипторлар:

  • Тұйық қанайналым жүйесінің сызбасында вена қаны мен артерия қанын көк және қызыл түстермен дұрыс бояп көрсетті.
  • Сызбаға сүйеніп кіші қанайналым шеңберін дұрыс сипаттады.
  • Сызбаға сүйеніп үлкен қанайналым шеңберін дұрыс сипаттады.
  • Тұйық екі шеңберлі қанайналым жүйесі бар жануардың 4 мысалын келтірді.

4-қосымша

1-тапсырма.

А. Бағдаршаларды қызылмен боялған жүрекшелер мен тамырлардан бастап дене қуысына қарай бағыттап сызады. Оларды қайтадан жүрекке немесе тамырға әкелмейді.

Б. Жауап үлгісі:

Критерий:

  • Ашық және тұйық қанайналым жүйелерінің айырмашылықтары мен ұқсастықтарын анықтайды;

Дескриптор:

  • Сызбада ашық және тұйық қанайналым жүйелеріндегі қанның ағу бағытын дұрыс салады.

2- тапсырма. Ашық және тұйық қанайналым жүйелерін кесте арқылы салыстырыңыз.

Белгілері

Ашық

Тұйық

Қантамырлары ұшында тұйық

+

Қантамырлары ұшында тұйықталмаған

+

Қан тікелей дене қуысын шаяды

+

Қан тек қантамырлар арқылы қозғалады

+

Ұлу, бунақденелілерге тән қанайналым жүйесі

+

Шұбалшаң, омыртқалы жануарларға тән қанайналым жүйесі

+

Критерий:

  • Ашық және тұйық қанайналым жүйелерінің айырмашылықтары мен ұқсастықтарын анықтайды;

Дескрипторлар:

  • Сызбаға сүйеніп ашық және тұйық қанайналым жүйелерін дұрыс сипаттады.
  • Әрбір қанайналым жүйесінің түріне жануарлар мысалын келтірді.
  • Сілтемелер мен ресурстар

тұйық қанайналым:

https://bilimland.kz/kk/courses/biologiya-kk/adam-biologiyalyq-tur-retinde/zhurek-qan-tamyry-zhujesi/lesson/qan-ajnalymy

қанайналым шеңберлері:

https://bilimland.kz/kk/courses/biologiya-kk/adam-biologiyalyq-tur-retinde/zhurek-qan-tamyry-zhujesi/lesson/qan-ajnalymy



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу