Омыртқасыз және омыртқалы жануарлардың ас қорыту жүйелері. Биология, 8 сынып, қосымша материал.
- Тақырып мазмұнына қатысты теориялық материал
Ас қорыту жүйесі - адам мен жануарлар ағзаларындағы асты (азықты) қабылдау, өндеу, қорыту, сіңіру және қорытылмаған қалдығын сыртқы ортаға шығару қызметтерін атқаратын мүшелердің жүйесі. Асқорыту жүйесі түтік тәрізді мүшелерден және ас қорыту бездерінен тұрады.
Шұбалшаңның асқорыту жүйесі. Шұбалшаң шіріген органикалық қалдықтармен қоректенеді. Асқорыту мүшесі-бүкіл денесін бойлай созылған көлемді ішек. Ішектің алдыңғы бөлігі- ауыз қуысы, ол жұтқыншақпен жалғасып, қорек жұтқыншақтан жіңішке өңешке өтеді, одан жемсауға түседі де, бұлшықетті қарынға барып, қорытылмаған қорек ең ұзын ішек бөлігімен аналь тесігі немесе артқы тесік арқылы сыртқа шығарады. Ас жемсауда жұмсарады, қарында араласады, ішекте қорытылады.
Шұбалшаңның асқорыту жүйесі: 1-ауыз қуысы, 2-жұтқыншақ, 3-өңеш, 4-жемсау, 5-қарын, 6-ортаңғы ішек,7-ішек, 8-аналь тесігі.
Омыртқалылардың асқорыту жүйесі. Сиыр.
Өсімдіктекті ас құрамында жасұнық (клетчатка) болғаннан кейін, ол ұзақ өңделіп, қорытылу керек. Сондықтан, өсімдіктекті азықпен қоректенетін ірі, күйіс қайыратын сүтқоректілердің қарны 4 бөлімді болады. Қорек ауыз қуысынан жұтылып, өңештен қарынның ең үлкен бөлігі – тазқарынға түсіп, онда сілекей мен әр түрлі бактериялардың әрекетінен ашып, қабырғасы ұяшықтанған жұмыршаққа өтеді. Жұмыршақ жиырылған кезде ас лықсып, қайтадан ауызға келіп түседі. Күйіс қайыратын сиыр сияқты малдар жұмыршақтан ауызға келген қоректі қайтадан сілекеймен шылап, тісімен ұнтақтап шайнайды. Қоймалжың қорек өңеш арқылы қайта жұтылып, қатпаршақ қарынға, одан ұлтабарға өтеді.
Қарында сөлдің әсерінен нәруыздар ыдырайды. Сонымен қатар қарында үнемі тұз қышқылының ерітіндісі болады. Мұның әсерінен нәруыз ісініп, оның ыдырауы күшейе түседі. Шала қорытылған қоймалжың қорек асқорыту жүйесінің келесі бөлімі – аш ішекке біртіндеп, аз мөлшермен өтіп отырады. Өсімдіктекті азықпен қоректенетін сүтқоректілерде аш ішек пен тоқ ішек тоғысатын жерден бүйен тармақталып шығады. Ал адам бүйенінің ұшы құрт тәрізді тұйықталып бітеді. Қорек аш ішекте ұйқы безі мен бауырдан бөлінетін сөлдердің әсерінен қорытылады. Бауырдан бөлінетін сөл – өт деп аталады. Ол майды ұсақ тамшыларға ыдыратып, тез қорытылуын қамтамасыз етеді.
Ұйқы безінің сөлі ұлтабар ұшында сілтілі орта жасап, нәруыз, май, көмірсуларды қорытылуына қолайлы жағдай туғызады.
Аш ішектің астарын қылтамырлар мен лимфа тамырлары торлап жатады. Қорытылған органикалық заттар ерітіндісі қылтамырлар арқылы қанға, май ерітінділері лимфаға сіңіріледі. Сөйтіп органикалық заттар қан мен лимфа арқылы бүкіл ағзаға, ұлпаларға таралады. Қорытылмаған қалдық заттар тоқ ішекке өтеді. Ол заттардағы су тоқ ішек қабырғасы арқылы қанға өтеді де, қалғаны тығыздалып, тік ішек арқылы денеден сыртқа шығарылады.
Адамның асқорыту жүйесі. Ауыз қуысы. Жеген тамақ ауыз қуысынан бастап қорытылады, мұнда тамақтың дәмі, температурасы, басқа да қасиеттері анықталады. Сұйық тамақ бірден жұтылады, ал қою тамақ шайналып ұсақ талады, сілекеймен араласып ас қоймалжыңына айналады. Асты шайнау ас қорытудың алғашқы кезеңі. Тамақты шайнап, ұсату — ауыз қуысының негізгі қызметі. Шайнауға қозғалмалы орналасқан төменгі жақ сүйегі мен қозғалмайтын үстіңгі жақ сүйегінде орналасқан тістер, тіл және ұрт қатысады.
Жұту. Жұту кезінде арнайы тетіктер ас қоймалжыңының тыныс жолдарына (мұрын қуысы мен кеңірдекке) бармай, өңешке өтуін қамтамасыз етеді.
Өңеш. Ауыз қуысында ұсақталып, сілекеймен араласқан ас қоймалжыңы жұтқыншаққа, одан өңешке өтеді. Өңеш ұзындығы 22-27 см шамасындағы ұзын түтік. Оның ішкі кілегей қабаты, қатпарланып ас қоймалжыңы өткен сәтте кеңейіп, оны өткізуге бейімделген. Мұнда ас қорытылмайды.
Қарында астың қорытылуы және оның жас ерекшеліктері. Өңештегі ас қоймалжыңы қарынға барып жеткеннен кейін қарындағы астың қорытылуы басталады. Бұл жерде ас қоймалжыңына қарын сөлі әсер етеді.
Қарын сөлінің асты қорыту күші тамақтың құрамына байланысты. Оның қорытқыш күші өсімдіктен жасалған тағамдарды жегенде жоғары болады, өйткені өсімдік нәруыздарының қорытылуы қиын. Майлы тағамдар қарында ұзақ уақыт қорытылады. Жалпы алғанда қарын сөлінің мөлшері, құрамы, асты қорыту күші адамның тамақ қабылдау кестесіне, тамақтың түрлеріне, жасына, жеке басының қасиеттеріне байланысты. Қарында ас шамамен 3-4 сағаттан 10-11 сағатқа дейін болады.
Ішектегі ас қорыту. 12 елі ішектегі астың қорытылуы. Лайықты мөлшерде қорытылған ас қоймалжыңы қарынның ет қабатының және арнайы қарын сфинктерінің босап ашылуымен қарын қуысынан аш ішектің алғашқы бөлімі он екі елі ішекке жылжытылады. Мұнда екі үлкен бездерден сөл құйылып, асты қорытуға қатысады. Олар бауырдың өті мен ұйқы безінің сөлі. Сонымен қатар, он екі елі ішектің өз бездері де ішек сөлін өндіреді. Өттің, ұйқы безі мен ішек бездерінің сөлдерінің әсерінен нәруыз, май, көмірсулар ағзаға сіңетіндей түрге ыдырайды.
Аш ішектегі ас қорыту. Аш ішектің ұзындығы ересек адамда шамамен 3 м. Ішектің қабырғасының кілегейлі қабатында биіктігі 1-2мкм цилиндр іспетті ішек эпителийінің микробүрлері болады. Олардың саны өте көп — 1 мм2 ішектің қабырғасында 50 мыңнан 200 миллионға дейін микробүрлері болады. Микробүрлердің арасындағы қуыстарда ішек сөлінің ферменттері көптеп шоғырланған, сондықтан мұнда ас қорыту өте күшті жүреді. Сонымен қатар, микробүрлердің беті астың қорытуынан пайда болған заттардың қанға және лимфаға сіңуін жеңілдетеді.
Асты қорыту тоқ ішекте аяқталады. Тоқ ішекте су сіңіріледі де, қалған қорытылмаған бөлігі тік ішек арқылы сыртқа шығарылады.
- Техникалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге байланысты ұсыныстар
Сабақ барысында биология кабинетіндегі қауіпсіздік ережелерін сақтау.
Партада дұрыс отыруына назар аудару.
Сабақтың ортасында ақпарат жинау бөлімін бастарда аялдамаларды аралап жүру кезінде қауіпсіздікті, тәртіпті сақтауды ескерту қажет.
Үлгілеу кезінде қайшы, желім сияқты жұмыс құралдарымен жұмыс жасау кезінде абай болуды алдын ала ескертіп, қадағалаған жөн.
- Сабақты ұйымдастыруға қатысты қосымша ұсыныстар
Сабақ миға шабуыл сұрағынан басталады. Бұл сұрақ арқылы оқушылар астың түріне қарай асқорыту жүйесі де әртүрлі болады дегенді түсінеді. Ол үшін алдымен астың не үшін қорытылатыны сұралады. Асты ағзаға сіңірілетін күйге айналдыру үшін ағзада ас қорытылады. Ал асты қорытуға қатысатын мүшелер қорек түріне қаарй бейімделген. Мысалы, сиырдың қорегінің 85-95 пайызы тек жасұнықтан тұратындықтан, оның ыдырауы тек біршама уақыт алатын бактериялық ашудың көмегімен жүретіндіктен, сиырдың қарны 4 бөліктен тұрады. Олардың әрқайсысының қызметі әртүрлі.
Оқушыларды барлық ресурс түрлерімен қамтамасыз етіп, асқорыту жүйелерінің түрлерін өздігінен зерттеу тапсырмасы ұсынылады. Ол үшін оқушыларды шағын топтарға (3-4 адамнан тұратын) бөлген жөн. Осы топтардың санына қарай сыныптағы парталарда аялдамалар қойылады. Ал аялдамалардағы ресурстар саны топтардағы адамның санына байланысты болады. Оқушылар шағын топтарда, өзара талқылау жасай отырып, ақпаратпен танысады. Әр оқушының өзіне қажетті ақпаратты жазып алуын қадағалаған жөн. Оларға алдын ала ақпараттың қолдарына берілмейтінін ескерту керек. Оқушылар аялдамаларды аралап жүрген кезде қажетті сұрақтар қойылып, тиісті кері байланыстар ұсынылады.
Жинаған ақпараттарын қолдана отырып, оқушылар моделдеу арқылы өздерінің тақырып мазмұнын түсінгенін көрсетеді. Ол үшін алдымен оқушылар өздері жасайтын өнім түрін таңдап алады. Таңдап алған тапсырма түріне сай материалдарды дайындайды. Оқушы саны көп болса бұл жұмысты топтарда орындатуға болады. Оқушылар бұл тапсырманы орындап жатқан кезде аралап жүріп, сұрақтар қойып кері байланыс беру қажет. Тапсырма орындалып болған соң оларды «көрмеге» қойып, көрме ұйымдастырылады. Әр тапсырмада асқорыту жүйелерінің ерекшеліктерін қысқаша түсіндіреді.
Сабақтың соңында оқушыларға әртүрлі үлгідегі тапсырмалар ұсынылады.
Құндылықтарды дарыту:
Топтық жұмыс кезінде оқушыларға ынтымақтастықта болуларыңыз қажет, өзгелердің пікірін тыңдай білу құндылығын ескеріңіздер деген сияқты құндылықтарға сілтемелер жасу дұрыс.
Пәнаралық байланысты орнату:
Астың ыдырауын химиялық реакция деуге бола ма, фермент қандай зат, ас қорытынланда қандай заттар пайда болады деп химия пәнімен, астың сіңірілуі қандай құбылысқа жатады, астың сіңірілуі үшін қандай ағдай (еріген болуы ) қажет болуы мүмкін деген сияқты сұрақтар арқылы химия, физика пәндерімен байланыс орнатылады.
Ас полимер ме, мономер ме, ас қорытылғанда қандай затқа айналады, астың құрамында қандай заттар болады сұрақтарын талқылау арқылы пәнішілік байланыс орнатылып, оқушылардың алдыңғы білімдері шыңдалады.
- Қалыптастырушы бағалауды жүргізуге байланысты ұсыныстар
Сабақ барысында оқушылардың тиімді қолданған терминдері, орынды салыстыруларына кері байланыс беріледі. Кейбір оқушыларға бағыттаушы сұрақтар қою арқылы дұрыс жауапқа жетуіне көмек көрсетіледі. Оқушылардың аялдамалардағы жұмысы кезінде әртүрлі сұрақтар қою, олардың сұрақтарына жауап беру сияқты кері байланыстар беріледі. Оқушылардың үлгілеу жұмыстарын орындауы кезінде өз жауаптарын дәлелдеулерін тексеріп кері байланыс беруге болады. Кейбір оқушыларға көмек көрсетіледі, дайын сызбалар, ақпараттар ұсынылады.
Сабақ соңындағы тапсырмалады дескрипторлардың көмегімен өздері немесе өзара бағалай алады.
- Саралау тапсырмалары
2-қосымшада ұсынылды. Бұл тапсырмалар оқушылардың таңдауларына сай орындалады. Оқушылар өздерінің қалаулары бойынша таңдап алып орындай алады. Кейбір оқушылар 3 тапсырманы да орындауы мүмкін.
- Тапсырма жауаптары, критерийлері
1-тапсырма: бірдей түспен боялатын мүшелер: өңеш, жұмыршақ, аш ішек, тоқ ішек, тік ішек.
2- тапсырма:1, 2, 3. Себебі онда тек бір ғана бөліктен тұратын қарын бар.
3-тапсырма: 1, 8.
Бағалау критерийлері | Дескрипторлар | ||
|
| ||
|
- Сілтемелер мен ресурстар
Сиырдың асқорыту жүйесінің жұмысы:
https://www.youtube.com/watch?v=XPGoVQW7J8U
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?