Ағзалардың тіршілігіндегі бөліп шығарудың маңызы. Биология, 7 сынып, дидактикалық материал.
Ағзалардың тіршілігіндегі бөліп шығарудың маңызы
Өсімдіктің жануарлар сияқты керексіз заттарды бөліп шығаратын арнаулы мүшелері болмайды. Өсімдікте орналасуына байланысты бөліп шығарушы ұлпа жасушаларының пішіндері әр түрлі. Жасуша қабықшасы қажетсіз заттарды бөліп шығару үшін жұқа күйінде ұзақ сақталады. Керексіз заттар жасушада шектен тыс артық жиналғанда цитоплазмасы жойылып, қабықшасы қатайып, қалыңдап тозданады. Керексіз заттар өсімдіктің зақымданған жерінен шайыр түрінде бөлінсе, жапырақтан артық тұздар тамшы (сұйық ерітінді) күйінде бөлінеді. Керексіз қалдық заттар өсімдік жапырақтарын түсіргенде, қабықтары сылынған кезде түгелімен сыртқа шығарылады. Сондықтан бөліп шығарушы ұлпа дейді. Өсімдікте зат алмасудың нәтижесінде бөлінетін қатты және сұйық заттардың бөліп шығарылуы ұлпалардың қатысуымен жүзеге асады. Бөлінген заттар өсімдікті ауру тудыратын микробтар мен зиянды жәндіктерден, малға жем болудан сақтайды. Бөлінетін заттардың біразы өсімдіктің ішінде қалса, біразы сыртқа шығарылады. Сондықтан олар ішке бөлетін және сыртқа шығаратын ұлпалар деп екіге бөлінеді.
Заттарды ішке бөліп шығарушы ұлпалар – шайыр жолы, эфир майы өзегі, сүт жолдары. Сүт жолы өсімдіктің барлық мүшесінде орналасқан. Сүтті шырын – ақ және сары түсті қоймалжың сұйықтық. Оның құрамында көмірсулар, майлар, нәруыздар бар.
Жануарлар ағзасы айналадағы ортадан қорек, газ және суды үздіксіз денеге жеткізіп, оларды өңдеп, одан өз тіршілігін қамтамасыз ететін қажетті заттарды алады. Сырттан келген және өңдеуден түзілген қажетсіз заттарды денесінен шығару да тіршілік үшін өте қажетті процесс. Ағзада түзілетін әр түрлі зиянды заттар қатты, сұйық және газ күйінде болады.
Құрттарда (ақ сұлама, шұбалшаң) зәршығару мүшесінің дене ішіндегі ұшы кеңірек кірпікшелі жұлдызша тәрізді болып жіңішке түтікке айналады да, оның ұшы тері жабыны арқылы сыртқа ашылады.
Ұлуда зәршығару қызметін шапанша қуысына ашылатын бүйрек атқарады. Оның құрылысы күрделірек болғанымен, ол шұбалшаңның жұлдызша түтіктеріне ұқсас.
Шаянтектестерде зәршығару мүшесінің қызметін жасыл түсті жұп без атқарады. Әр безден шығатын түтікше қан арқылы жиналатын зиянды заттарды мұртшалардың түбінен сыртқа шығарады.
Өрмекшілер мен бунақденелілер негізінен мальпигий түтікшелері арқылы зәр шығарады Дегенмен өрмекшінің көкірек бөлімінде бүйрегі болады. Ал қоңыздың тоқ ішек пен аш ішектің жалғасатын жеріндегі мальпигий түтікшелеріне денедегі зиянды сұйықтар жиналып, аналь тесігі арқылы сыртқа шығарылады.
Омыртқалы жануарлардың зәршығару жүйесі бір-бірімен ұқсас. Бүйректен несеп (зәр) несепағар түтігі арқылы қуыққа жиналып, одан клоака арқылы сыртқа шығарылады. Дегенмен бұл жүйеде әр жануардың түріне қарай аздаған өзіне тән ерекшеліктер бар. Мысалы, құста қуық болмайды. Несеп бүйректен несеп түтігі арқылы клоакаға жиналады да, сыртқа жиі шығарылады. Бұл – құстың ұшуымен байланысты ерекшелік, яғни оның денесін жеңілдететін бейімділік қасиеті болып табылады.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?