Шығарманы мазмұндау. «Қайран шешем» Ахмет Жұбанов. Әдебиеттік оқу, 3 сынып, дидактикалық материал.
Дидактикалық материал
Қосымша 1
Қайран шешем
Құрманғазы Орал түрмесінде жатып қалады. Бұл түрменің Орда түрмесіндей емес, мықты екенін көріп Құрманғазы біраз налиды. Бірнеше күн ешкіммен тілдеспей, өзімен-өзі болып, қалың уайым теңізіне батады. Бір күні қысқа серуен кезінде Лавочкин деген орыс тұтқынымен танысады. Ол «ақ патшаға тілі тигені үшін» қамалған орыс жұмыскері болып шығады. Өзі қазақ арасында көп болып, қазақша судай білетін болады. Ол Құрманғазына жұбатып, көптеген ақыл айтып, өзінің өмірінен біраз шежіре айтады. Екеуі енді айырылмас дос болып сырласып, ақылдасып отыратын болады. Құрманғазы Лавочкин арқылы түрме күзетшілеріне жалынып, бір жаман домбыра алдырып, соны анда- санда ермек етеді. Лавочкин екеуі талай- талай бастан өткен оқиғаларын айтысып, әңгіме шертеді. Бір күні Құрманғазы Лавочкинге өзінің осы жолға шығардағы басынан кешкен бір кебін баяндайды.
«Ақбаевтың атарман –шабармандары ұстап алып, көк арбаға тіркеп, енді жүргізейін деп тұрғанда шешем Алқаның келе жатқанын көрдім. Әлпештеп өсірген анама әлі күнге бір қызмет ете алмай, оны үнемі қауіп-қатерде, жоқшылықта ұстап келгенім, енді, міне, көп жылдан соң келгенде тағы да оны пұшайман етіп кетіп бара жатқаным ойыма түсіп, шыдай алмай, көзімнен бір тамшы жас шығып кетті. Сонда қайран шешем менің қасыма келіп: «Мен ұл таптым деп жүрсем, жаман, жасық неме екен ғой туғаным. Кімнің алдында көзіңнің жасын шығарып тұрсың?!»- деп жағымнан шапалақпен тартып-тартып жіберді. Сонда ғана мен әнтектік жасағанымды сездім. Анама күле қарап, қош айтыстым»,-деді.
Құрманғазының бұл әңгімесі Лавочкинге үлкен әсер етеді. Ол өзінің шешесінің талай мейірбанды істерін есіне алып, біраз әңгіме етеді. Құрманғазы болса, шешесінің жас кезінде қандай сотқарлығы болса да кешіріп, қандай тентектігі болса да Сағырбайдан арашалап, қалай да Құрманғазыны қақпайламай, бір беткей етіп өсіруге тырысқаныны, ондай тәрбиенің Құрманғазы өмірінде үлкен рөл ойнағанын күйші қайта – қайта есіне түсіріп, небір еркеліктерін көз алдына елестетіп, көрер таңды көзімен атырды. Қатар жатқан Лавочкин де өзімен – өзі сырласып, о да аунақшып ұйықтай алмай шықты.
Ертеңінде Құрманғазы ойланып- толғанып, қолына жаман домбырасын алып, қолы хат білмесе де, ардақты анасының айта қалғандай «жазасын» қағаз бетіне түсіретін мүмкіншілігі болмас да, домбыраның қос ішегінде бір ескерткіш қалдырайын деп күй шертті. Оны Лавочкинге тартып бергенде екеуі де көз жастарын төгіп алды. Бірақ өмірінің небір өткел бермес асуларын, асқар белдерінен өткен қайратты жігіттер тез өздерін – өздері жинап алып, күйді қайта – қайта орындап, тыңдап, оның ішінде тек сағыныш ноталары ғана емес, күш – қуат барын, тіпті, сартылдап қашып бара жатқан аттың тұяғының сарыны барын есіткенде, бірін – бірі тілсіз түсініп, ол сарынның арман даусы екенін біліп қойды.
Ақылдасып келіп, күйдің аты «Қайран шешем» болды...
Ахмет Жұбанов
Қосымша 2
Қосымша 3
Жоспар:
1. Лавочкинмен танысу
2. Анасының іздеп келуі
3. Еске алу
4. Күй
Қосымша4
«Мұғалімге жеделхат» тақтасына оқушылар стикер жапсыру арқылы орындалады.
Оқушылар өздеріне жақын сөйлемді таңдап, айтылған ойды жалғастырады:
- бүгінгі сабақта мен....түсіндім, ...білдім, ....көзімді жеткіздім.
- бүгін сабақта қуантқаны.....
- мен өзімді.....үшін мақтар едім.
- маған ерекше ұнағаны.....
- сабақтан соң маған........келді.
- бүгін маған..........сәті түсті.
- қызықты болғаны.....
- ......қиындық тудырды.
- менің түсінгенім.....
- енді мен......аламын.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?