Ораза, Ауызашар, ауыз бекіту дұғасы: Рамазан айында оқылатын дұғалар жинағы
Рамазан – Ислам дінінде адам баласына бір жұтым су мен бір үзім нанның қадірін ұғындыратын, рухани дімкәстіктен арылуға сеп болатын берекелі ай деп саналады. Ал Ораза – жер бетіндегі барлық мұсылманның күйін тең ететін құлшылық түрінің бірі деп есептеледі. Мақаламызда қасиетті Рамазанда оқылатын ең маңызды дұғалар топтамасымен таныстыратын боламыз.
Исламда Рамазан айы келгенде ауыз бекіту күллі мұсылманға парыз етілген амал болып саналады. Қасиетті Құран Кәрімде "Бақара" сүресінің 183-аятында: "Ей, иман келтіргендер! Өздеріңнен бұрынғыларға парыз етілгендей сендерге де ораза ұстау парыз етілді" деп жазылған.
Ораза ұстаған адам таңнан күн батқанға дейін ауыз бекітуге ниет етіп, ішіп-жеуден, теріс әдеттерден тыйылады. Ислам дінінде бес парыздың бірі саналатын оразаның пайдасы қандай? Ораза ұстаудың адам баласына беретін пайдасы ұшан-теңіз:
- пендені Аллаға жақын ете түседі;
- адамға сабырлы болуды үйретеді;
- зейінді ашады, жақсы ойлардың туындауына сеп болады;
- адам уақытын жүйелеуді игереді;
- нәпсіге тұсау салады;
- қанағатшыл болуға баулиды;
- денсаулықты жақсартады.
Әбу Хұрайра (оған Алла разы болсын) жеткізген хадисте: Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): "Ораза ұстаңдар - сау боласыңдар" деген. Рамазан айында ораза ұстау тәннің де, жанның да саулығын береді. Бұл айда барынша ізгі амалдар жасап, көбірек Құран оқып, салауат айтуға тырысу керек. Өйткені Рамазанда жасалған жақсы амалдардың сауабы еселене түседі.
Ауыз бекітетін кезде қандай дұға оқылу керек?
Ауыз бекітерде сәресіне арналған дұғаның оқылғаны абзал. Бұл дұғаның оқылуы мынадай:
"Нәуәйту ән асумә саумә шәһри Рамаданә минәл фәжри иләл мағриби халисан лилләһи таъалә".
Мағынасы: "Таңертеннен кешке дейін Алланың ризалығы үшін Рамазан айының оразасын ұстауға ниет еттім".
"Ерте тұрған ердің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық" деген сөздің астарында үлкен мән жатса керек. Таңғы уақытта береке бар, ал Рамазан айындағы сәрелік аспен бірге құт дариды. Себебі сәресін ішетін уақыт түннің үшінші бөлігімен тұспа-тұс келеді. Ал бұл мезет Алланың ерекше мейірімі мен кешірімі түсетін әрі дұғалардың қабыл болатын уақыты болып саналады.
Сәресін ішудің қандай артықшылығы бар?
- Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетін іске асырғандай сауапқа кенеледі.
- Сәресін ішу – мұсылман қауымына нәсіп етілген амал. Себебі бұрынғы кітап иелеріне мұндай мүмкіндік бұйырмаған.
- Дұғалар қабыл болатын сәт.
- Сәресін ішкен адамға періштелер дұға жасайды.
- Адамның бойында күш-қуат пайда болады, оразасы жеңіл өтеді.
Сәресін ішуге қатысты қандай хадистер бар?
Муслимнен жеткен хадисте: "Біздің ораза мен кітап иелерінің оразасының айырмашылығы сәресі ішуде". Муслимнен риуаят етілген тағы бір хадисте:
"Сұраушы бар ма, беріледі. Дұға етуші бар ма, қабыл болады. Истиғфар етуші бар ма, күнәсі кешіріледі", - деп айтады деген.
Имам Бұхари келтірген хадис: "Сәресін ішіңдер! Расында сәрелік аста құт-береке бар".
Әбу Сағид әл-Худри (р.а.): "Сәресі – берекет, оны тастаушы болмаңдар. Тым болмаса бір жұтым су ішсеңдер де", - деген.
Ауызашар уақыты келгенде қандай дұғалар оқылады?
Күн ұясына батып, ауызашар сәті таяған кезде мына дұғаларды оқыған абзал:
"Аллаһым, сенің разылығың үшін ауыз бекіттім және сенің берген несібеңмен аузымды аштым".
Арабша оқылуы: "Аллаһуммә ләкә сумту, уә алә ризқикә әфтарту!" немесе "Аллаһуммә ләкә сумту, уә бикә әмәнту уә алә ризқикә әфтарту, уә аләйкә тәуәккәлту уә ли сауми ғадин нәуәйту!"
Бұл дұғаны ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оқығаны туралы Әбу Дәуідтің (р.а) хадистер жинағында риуаяттар келтірілген.
Ауыз ашар уақыты болғанда Алла Елшісі бұдан басқа да дұғалар оқыған. Бұл жөнінде Абдулла ибн амр ибн Ас келтірген деректерді негізге алуға болады:
Алла Елшісі былай дейді: Ораза ұстаған адамның ауыз ашарда айтатын дұғасы бар. Араб тіліндегі нұсқасы былай айтылады:
"Аллаһуммә! Инни әсәлукә бирахмәтик әлләти уәсиаат куллә шәин: Ән тағфира ли зүнүбий".
"Аллаһым, барлық нәрсеге төгіліп тұратын мейіріміңмен сұраймын: Менің күнәларымды кеш!"
Абдулла бин Омар сахаба жеткізген хадисте Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мына дұғаны оқығаны айтылады:
"Зәһаба ззома-у уәбталләтил-‘уруқ, уә сәбәтәл-әжру иншә Алла.".
"Шөліміз қанды, тамырымыз дымқылданды және Алла қаласа сауапқа кенелдік".
Бұл дұғаларды оқу парыз емес, алайда ұнамды іс болып саналады. Дінімізде мынадай хадис бар: Үш адамның дұғасы кері қайтарылмайды: әділ басшының, ораза тұтқан адамның ауыз ашар кезіндегі дұғасы және жәбір көрген жанның наласы".
Ауыашар сәті кірерден бұрын 1-2 минут дұға оқып, тілек тілеген абзал дейді ғалымдар. Себебі сәресі мен ауыз ашар уақыты Рамазан айындағы баға жетпес екі сәт боп есептеледі.
Ауызашар күні бойы ашыққан жандардың тамақ ішетін уақыты ғана емес, бұл сәтте адамдар жақсылыққа, мол сауапқа ие болады. Осындай игілікке кенелу үшін мұсылман қауымы ауыз ашарға асығады. Ауыз бекіткен адам тек астан ғана тыйылмауға тиіс. Рамазан айын пайдалы өткізуді қаласаңыз, мынадай істердің жасалмауына мән беріңіз:
- ұрыс-керіс, келіспеушіліктерден алыс жүрген абзал;
- шамадан тыс ұйқы көп пайда бермейді;
- тым аз ұйықтау да ағзаны әлсіретеді;
- өтірік сөйлеудің өрге баспайтынын естен шығармаңыз;
- өсек-аяң, ғайбат айтудан бойды аулақ ұстау қажет;
- арам ас жемеу керек;
- жүріс-тұрысты түзеп, көркем мінезге ұмтылған жөн;
- көз бен құлақты, аяқ-қолды жаман істерге барудан тыйған дұрыс.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): "Кімде-кім Рамазан айында шынайы сеніммен, сауапты бір Алладан ғана күтіп, ораза ұстаса, бұрын-соңды жасаған күнәлары түгелдей кешіріледі", - деп сүйіншілеген.
Одан бөлек, Asylarna.kz ұсынған "Рамазан айындағы ең қажетті дұғалар" мақаласында, қасиетті айда айтылатын дұғалар топтамасы ұсынылады. Назарларыңызға солардың бірқатарын ұсынамыз.
Пайғамбар дұғасы
Қазақ халқында: "Басқа пәле - тілден" деген ұғым қалыптасқан. Яғни, адам алдымен өз ойын өткір тілімен айтпастан бұрын, сараптап ойлап, ой елегінен өткізгені дұрыс. Діни еңбектерде, адамдар кімде-кімді жамандап, ащы тілімен тілдесе, оның сұрауы болады деп жазылған. Алла Тағала мұндайда, адам өмірден өткенде, сұрап, сөзге келген адамға керісінше, сауап жазады екен. Бұл жөнінде Құранда былай деп жазылған:
"Ол қандай сөз айтпасын, оның жанында дайын тұрған бақылаушы бар", - делінген Құранда. ("Қаф" сүресі, 18-аят).
Сол себепті Пайғамбар әлдекімді тілдеуден сескеніп, Ораза айында мынадай дұға тілеген екен:
"Иә, Алла, менің күнәларым мен надандығымды, Өзіңнің менен де жақсы білетініңді кешір! Иә, Алла, менің шынымен және әзілмен, қателесіп және біле тұра жасағандарымның (бәрін) кешір, өйткені осының бәрі маған тән! Иә, Алла, менің бұрын жасаған және алдағы уақытта жасайтын, сондай-ақ менің жасырын және құпия жасаған, сондай-ақ Өзіңнің менен жақсырақ білетін бүкіл күнәларымды кешір! Сен алға Жылжытушысың, сондай-ақ Сен артқа Ысырушысың және барлық билік Сенде!"
Ораза айында жиі оқылуы тиіс тағы бір дұға - "Кешірім" дұғасы. Оның мәтіні төмендегідей:
"Иә, Алла! Сен – менің Раббымсың, Сенен басқа ешбір Құдай жоқ. Сен мені жараттың, мен – Сенің құлыңмын. Мен күш-құдіретім жеткенше Саған деген уәдемде әрі сертімде тұрамын және жасаған істерімнің жамандығынан Өзіңе сыйынып, пана сұраймын. Маған берген нығметтеріңді әрі күнәларымды да мойындаймын. Мені кешіре гөр! Шын мәнінде күнәларды кешіретін Сенен өзге ешкім жоқ".
Парасатты перзент сұрайтын 5 дұға
Сонымен бірге "Парасатты перзент сұрайтын 5 дұғаны" да қасиетті айда жиі оқыған дұрыс.
- "Раббымыз! Жұбайларымызды және ұрпақтарымызды көзіміздің қуанышы ет әрі бізді тақуалардың алды ете гөр!" ("Фұрқан" сүресі, 74-аят);
- "Раббым! Мені және ұрпағымды намазды (барлық шарттарын сақтап, беріле) толық орындаушы ет. Раббымыз! Тілегімді қабыл ал!" ("Ибраһим" сүресі, 40-аят);
- "Раббым, маған Өз тарапыңнан бір игі ұрпақ сыйла! Анығында, сен тілекті Естушісің!" ("Əли Имран" сүресі, 38-аят);
- "Раббым! Маған ізгілерден тарту ет! ("Саффат" сүресі, 100-аят);
- "Раббымыз! Екеумізді де Өзіңе берілушілерден ет жəне ұрпағымыздан да берілуші үммет ете гөр. Бізге құлшылықтарымызды (амал, тəртіптерін) көрсетіп, күнəмізге шынайы өкініп, Өзіңе бойұсынуға қайтуымызды (тəубемізді) қабыл ет! Күмəнсіз, Сен – Тəубені қабыл етуші, ерекше Мейірімдісің" ("Бақара" сүресі, 128-аят).
Алладан жәрдем сұрау дұғасы
Ораза айында күллі мұсылман қауым, Алладан ниет еткен дұғаларын тілеп, Алладан өзіне жәрдем етуін сұрайды. Осы орайда, төмендегі дұғаны оқуға кеңес беріледі:
"Уа Алла, менің дінімді дұрыс, үйімді кең, ризығымды берекелі қылғайсың. Қатігездіктен, қорлықтан, кедейліктен өзіңе сыйынып пана сұраймын. Уа Алла қатыгездіктен, мақтаншақтықтан, пасықтықтан, сұмғадан және риядан өзіңе сыйынып пана сұраймын.
Уа Алла, менің естуімді, көруімді, мінезімді және сырт келбетімді, отбасымды, өмірімді және амалымды берекелі қылғайсың. Менің ізгі амалдарымды қабыл еткейсің. Сенен жәннәттағы биік дәрежені сұраймын.
Уа Алла, істерімнің қорғаушысы болған дінімді, өмір сүретін дүниемді, қайтып оралатын ақыретімді түзегейсің.
Уа Алла, маған көмектесе гөр және маған қарсы көмектеспегейсің. Мені жеңіске жеткіз және біреуге жығып берме, мені тура жолыңа сал және тура жолыңды маған жеңіл қылғайсың".
Мешітке бара жатқанда оқылатын дұға
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ораза айында мешітке бара жатқанда оқылатын төмендегі дұғаны назар ұсынады.
"Аллаһуммә-ж’әл фи қалби нуран, уә фи лисәни нуран, уә фи сәм’и нуран, уә фи бәсари нуран, уә мин фәуқи нуран, уә мин тәхти нуран, уә ‘ан ямини нуран, уә ‘ан шимәли нуран, уә мин әмәми нуран, уә мин халфи нуран, уәж’әл фи нәфси нуран, уә а’зыйм ли нуран, уә ‘аззыйм ли нуран, уәж’әл ли нуран, уәж’әлни нуран, Аллаһуммә а’тыйни нуран, уәж’әл фи ‘асаби нуран, уә фи ләхми нуран, уә фи дәми нуран, уә фи шә’ри нуран, уә фи бәшәри нуран".
(Аллаhуммә-ж’әл ли нуран фи қабри уә нуран фи ‘изоми) (уә зидни нуран уә зидни нуран уәзидни нуран) уә hаб ли нуран ‘алә нуран".
Аудармасы: "Я, Алла! Жүрегіме нұр сал, тіліме нұр сал, құлағыма нұр сал, жанарыма нұр сал және менің үстімен нұр бер, астымнан нұр бер, маған оң жағымнан нұр бер, маған сол жағымнан нұр бер, алдымды нұрландыр, артымды нұрландыр, жан дүниеме нұр сал және мен үшін нұрды ұлы ет, әрі мен үшін нұрды үлкен ет, мен үшін нұрды жақ әрі менің өзімді нұр ет! Я, Алла! Маған нұр сыйлай гөр, менің сіңірлеріме нұр сал, тәніме нұр сал, қаныма нұр сал, шашыма нұр сал, теріме нұр сал"
Мешітке кірерде оқылатын дұға
Мешітке оң аяқпен кіру және кірерде былай деп айту қажет: "Ә’узу би-Лләһил ‘Азыйми, уә би-уәжһиһил-Кәрими, уә султани-һи-л-қадими, мин әш-шәйтанир-ражим. Бисми-Лләһ, уә-с-саләту уә-с-сәләму ‘алә расулиЛләһ. Аллаһуммә-фтәх-ли әбуәбә рахматик!"
Аудармасы: "Ұлы Аллаға, Оның ардақты Дидарына және Оның ежелден мәңгі билігіне лағынетке ұшыраған шайтанның азғыруынан сиынамын. Алланың атымен, Алланың Елшісіне игілік пен сәлем болсын! Я, Алла! Маған рақымыңның есіктерін аша гөр!"
Мешіттен шығарда оқылатын дұға
"Бисми-Лләһи, уәс-саләту уәс-сәләму ‘алә расулиЛләһ, Аллаһуммә инни әс-әлу-кә мин фәдлик, Аллаһуммә-‘сымни минәш шәйтанир-ражийм"
Аудармасы: "Алланың атымен, Алланың Елшісіне игілік пен сәлем болсын! Я, Алла! Шынында, мен Сенің кеңшілігінді сұраймын. Я, Алла! Мені лағынетке ұшыраған шайтаннан қорғай гөр".
Рамазан - күнәлардан тазаратын, мейірімге бөленетін кешірім айы. Бұл айда ораза ұстаған мұсылман баласы бір жылға жететін рухани азық жинайды әрі денсаулығын да жақсартады. Ең маңыздысы Жаратушы Алланың разылығына бөленіп, жұмақтың қақпасына қарай жол салады. Ал қасиетті Рамазанда ауыз ашар және ауыз бекіту дұғаларын оқу сауапқа кенелтетін амалдардың бірі деуге болады. Оразаңыз қабыл болсын!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?