Жұбан Молдағалиев (Мен қазақпын [I-VII])

 Жұбан Молдағалиев (Мен қазақпын [I-VII])

VI

Мен - қазақпын мың өліп, мың тірілген,
Жөргегімде таныстым мұң тілімен.
Жылағанда жүрегім, күн тұтылып,
Қуанғанда, күлкімнен түн түрілген.

Мен - қазақпын, бір биік белеспін мен
Европа да, Азия да емеспін мен.
Аралықпын, жетінші материктей,
Бірақ барша адаммен тел өстім мен.

Жүргенімде жүдеткен түнде езіле,
Дүр сілкінтіп дүмпуіл тиді өзіме.
Ұлы аралдай жер - мұхит астындағы
Қалқып шықтым түнектен күн көзіне.

Мен - қазақпын, мен енді Октябрьмін,
Революция күшімін, нақ тәңірмін.
Кейіпкері Лениндік декреттің,
Мен - жұлдызды халықпын, бақ тамырмын.

Жерім - майдан штабы, пәтер үйі,
Қасиетті күрес бұл, қатері игі.
Мен - Россия, мен - Совет Одағымын -
Азаттықтың бірінші материгі.

Аласапыран айқастың дүбірі өтті.
Жиырмасыншы жыл келді құдіретті.
Паспортымен қайтарып есімімді,
Ұлы Ленин бұл жылды қыдыр етті.

Республика! Ерікті ел - Қазақстан!
Келді ақыры көп күткен жаз алыстан.қ
Келді алыстан аңсатып, армандатып,
Торды бұзған мен де бір мәз арыстан.

Жоқ - жітікпін әзірге, жалаңашпын.
Жан тоқ болса, демейді дала ашпын.
Қазеке деп атымды атаса жұрт,
Қалай тұтас бақытқа баламаспын!

Мен - қазақпын, азат қыз, ерікті ұлмын,
Жер бетінде Антейден берік тұрмын.
Революция қамымен, міне, енді
Кремльге, Ильичке келіп тұрмын.

Қараймын да даналық бұлағына,
Ыржиямын, екі езу құлағымда.
Шекпен, шалбар, тері тон, киіз етік,
Бөрі талап кеткендей тымағым да.

Ал ұлы адам, жұпыны көз көруге,
Өз көзімдей қысыңқы көздері де.
Бірден көрді жанымды жалаңаштай,
Бірден баурап әкетті сөздері де.

- Аталғанға не жетсін өз атыңмен!
Ән төгіліп тұрмай ма азат үннен!
Мен - орыспын, мысалы, деген қандай,
Тартсаң - дағы сол үшін жаза кімнен...

Желдей еркін, түздей кең, таңдай азат
Мен - қазақпын деген де қандай ғажап!
Мақтан етсін халықтар халықтығын!
Жетер сан жыл шеккені малдай азап!

Бірде тіпті, жат елде жүргеніңде,
Түседі еске сәбилік жөргегі де.
Сағынтады туған тіл, бесік жыры,
Қалықтаған орыстың жер - көгінде.

Өз басымнан өтті бұл, мол ұққаным.
Сенімен де сырт таныс болып қалдым.
Степнов - Әліби Жанкелдинмен
Швейцария жерінде жолыққанмын.

Сонда тұңғыш есіттім ән - жырыңды,
Жан жырыңды, жан сүйер сән жырыңды.
Ән - жырыңда тұрғандай тізбектеліп,
Көз алдымнан өткіздім сан жылыңды.

Ән қанатын мекендеп әуелі мен,
Дидарластым даланың дәу елімен.
«Аппоссионата» секілді шалқыған үн
Тұрды аңқылдап қазақтың әуенінен.

Қайран қылды қайнардай тазалығы,
Кейде жарқын, кей шақта азалы үні.
Кейде шырқап армандай кетеді алыс,
Ұмытқандай мұң - зарын қазақ ұлы.

Бірде ғашық тілімен күбірлейді,
Бірде шеру тартқандай дүбірлейді,
Бірде қыран бүркіттей шүйіледі,
Түңілмейді, бұқпайды, бүгілмейді.

Әуеніңнен сонда мен алып көрдім,
Жақсылыққа жаралған халық көрдім.
Жорамалым ақталды, жаңылмаппын,
Жайла, қазақ, өмірдің жарық төрін.

Шалқы, қазақ, шалқитын заман келді,
Текке қанын төккен жоқ Аманкелді.
Кең далаңда керіліп, атыңды атап,
Жырла, қазақ, жаңа күй, жаңа ән келді.

Бірде тоңып, бірде аш бүрсең қағып,
Революция қазығын жүрсің қағып,
Қаға түс, қақ, терең қақ, жалпақ алып,
Жер бақытын сақшыдай тұрсын бағып.

- Жолдас Ленин, үш түрлі байлығым бар:
Мал бар, жер бар, жаным бар - барлығы
адал -
Революция ісіне сарп етемін.
Қандай маған тағы да жарлығың бар?

-Жарлығым сол - патша бол тағдырыңа,
Таңың атты, ұрлатпа таңды ұрыға.
Республикаң тізгінін берік ұста,
Су тамызба жауыңның тандырына.

Мал да зәру, тым зәру бізге бүгін
Ашаршылық артып тұр түзге жүгін.
Нағыз байлық мал емес, бірақ, достым,
Ең үлкені - сенімнің үзбе жібін.

Сенім болса, большевик жаның болса,
Революция лаулатқан жалын болса,
Небір биік мұратқа жете аласың,
Одан өзге нәрсеге жалынба онша.

Жаннан үлкен тартуды білген емен.
Сен де білме, білмесең, біл де демен.
Соның күші жаңғыртып жасаулайтын
Далаңды да шын үлде - бүлдеменен.

Жер деген, ал, зор байлық өз алдына.
Жерден адам ешқайда оза алды ма!
Сапқа тізсе, сол үшін өлгеңдерді
Жүз орайды жер шарын көз алдында:

Тілі болса жер үшін аққан қанның,
Айтар еді қаншама қақ қалғанын.
Айтар еді сұстанып сұр далаң да
Қандай құрбан арқылы сақталғанын.

Қарап тұрып жүзіңе жайраңдаған,
Бір нәрсеге сүйінем, қайран қалам:
Жүзге, руға, ұнталған көшпе халық
Мұнша өлкені қалайша сайраңдаған!

Жерге шағып өлшенсе ел күші бір,
Ұлылықтың емес пе белгісі бұл?
Белгісі бұл, алда әлі нағызы оның,
«Кереметке куәмін» дер кісі бір.

Жер - анадан табады мәртебе елің.
Ертеңі бар әр тақыр, әр төбенің.
Бетпағында бақ сыңсып, өзен ойнап,
Жасыл бұйра жабады бар төбелін.

Дәуірімізге дарынын дала арнайды,
Қаңбақтардың жолында қала орнайды.
Мүсіні емес жалаңаш қатындардың,
Ескерткішін ерліктің сала орнайды.

Сұлулық - өлі дүние базар емес,
Пирамида, мұнара, мазар емес.
Сұлулық - тіршілікте, тірі адамда,
Ешбір ажар онысыз ажар емес.

Таңғажайып жеріңнің келешегі,
Қазынаңның кім білген неде шегі.
Қандай болмақ бір үш - төрт бесжылдықта
Ұлттық аты ұрланған ел кешегі?!

Қол ұстасып халықтар, тұрды сапқа,
Қосыл, қазақ, бас, қазақ, нұрлы шаққа!
Отан деген ұлы ана перзентісің,
Бауырларың өзіңмен бір құшақта.

Жолдас қазақ! Дос қазақ! Бауыр қазақ!
Араласам, дариға - ай, аулыңды аз - ақ!-
Деп, армандап Ильич желпінгенде,
Билеп кетті кеудемді дауыл ғажап.

- Жолдас Ленин, көзіңе мақтамаймын.
Өзің аштың қазақтың бақ - таланын.
Мен даярмын жаңа өмір жорығына,
Тілемеймін жолдың да тақтадайын.

Хан, патшадан түңілген сор басты ел ем.
Әділеттік әлемде болмас деп ем.
Сен сипадың әкеше маңдайымнан,
Сенсің тұңғыш қадірлеп «жолдас» деген.

Жолдасыңмын жер мен көк ауысқанша.
Солдатыңмын демімді тауысқанша.
Большевикпін қақ жарған қара қылды,
Жыршың да мен, жеткенше дауыс қанша.

Сені күтіп тұрады төрім енді,
Жүрегіміз шоқ гүл боп өріледі.
Атқан таңы даланың, шыққан күні
Әр тәулікте өзің боп көрінеді.

Сан ғасырға сөзіңді тоқыр әлі
Төңкерісшіл «тобырдың» топыры әрі.
Тірілткендей Марксты, сені берген
Мың рахмет, Россия топырағы!..

О шежіре, белгілі назың маған:
«Документте бұл сөздер жазылмаған...»
Жазылмаған заң аз ба, шындық аз ба?
Оны жырлау қалайша жазым маған?

Өз жаныма сенбесем, неге сендім?
Тек Ильич жебейді, жебесе кім.
Жасап келем сол берген мандатпенен,
Минут сайын өзімен кеңесемін.

Қандай болса ол Октябрь азанында,
Әлі сондай, жеңіп жүр қазаны да.
Мен де қызыл шеке боп қайнап пістім.
Майдандар мен құрылыстар қазанында.

8 _ 9 _ 10
Беттер:
1 2 3 4 5 6 7

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?