Жұбан Молдағалиев (Мен қазақпын [I-VII])

 Жұбан Молдағалиев (Мен қазақпын [I-VII])

II

Жайып салдым сырымды дос алдына,
От басында, өрісте, қос алдында.
- Жан - жүрегі көзінен көрінетін
Қазақ, - дедім, - отырған осы алдыңда.

Көшіп - қонып жүргенім мал қамынан,
Өмір іздеп су, шалғын алқабынан.
Одан өзге тіршілік, кәсібім жоқ,
Не тауыппын құранның әлхамынан.

Ұқсатамын оны мен қысыр малға.
Білем, бұл сөз - күпірлік мұсылманға.
Шынымды айтсам, алланың өзін де мен
Еске аламын кейде бір қысылғанда.

Шариғаттың шартынан үрке бердім,
Көргенім жоқ өмірге бір керегін,
Еркек болып сәлдені сыйламадым,
Әйел болып бетімді бүркемедім.

Жоқ, дін емес, мал - жаным, жер - кіндігім.
Жалайды итше жарамды - дертімді күн.
Күн астында гулеген желді сүйем,
Сүйем оның тежеусіз еркіндігін.

Келгенім жоқ дүниеге кемді - күн мен.
Күн болмаса алар ем емді кімнен?
Хауанадай көңілшек түзден тудым,
Сүйем оның қиялдай кеңдігін мен.

Жарқын, жалпақ, жайбасар керіктігін
Табиғатын десем де еріктімін.
Сүйем оның самал таң, салқын кешін,
Сырға өзімдей түнінің беріктігін.

Келбетім бар шой қара құздарымда,
Жаралғандай ызадан ызбарлы о да.
Досыма көл, жауға шөл мінезімдей
Аптап шілде, ақ боран мұз - қары да.

Құшақтасам, сүйегім сынды деме,
Сүйе қалсам, тынысым тынды деме.
Жылай қалсам жұбатпа, мұңды деме,
Сақ - сақ күлсем секіріп, жынды деме.

Құс ішінде ұнайды қыран маған.
Күрт құлаймын құласам, бұраңдаман.
Іштей сүйем, сүйсем мен, іспен сүйем,
Көлгірсімен, көзіңше ұрандаман.

Аққу, бұлбұл әнімен сылаң қақтым,
Сұлулыққа, өнерге сұғанақпын.
Сауысқан мен қарғадан жиіркенем,
Бірі сұйқылт, біреуі сырғанақ тым.

Қызық көрем жәндікте құмырсқаны,
Тырмысқаны тынымсыз тұрмысқа әлі.
Белі үзілген бейнетқор қайтер еді
Бітсе менің күшімнің бір мысқалы!?

Қолдан түспей ақ таяқ, шалғы орағым,
Қалт - құлт етіп тірнектеп мал құрадым.
Жұлдызбен тең мен қазған құдық саны,
Сүйем судың мөлдірін, бал бұлағын.

Сүйем гүлдің қызылын, қызғалдағын,
Қызыл алтын секілді ол қызғанда күн.
Иіскеп тұрып соны мен, бақ аңсаймын,
Болса өзгеде, жоқ және қызғанбағым.

Тамызықпын жолдасқа, пілтедеймін,
Жал - құйрығын атының күлтелеймін.
Өз үйімде тимеймін жауыма да,
Жығылғанға жүдырық сілтемеймін.

Құнықпаймын дүние - шолаққа мен,
Асым барда қуанам қонаққа мен.
Жолаушыға сатпаймын көлеңкемді,
Болса болды бірер ән - қонақ қадең.

Даяшымын, бәйекпін, ең кішімін,
Демесе кім «мен тақсыр, мен күштімін».
Шоқпар боп та шекеме тимеген жоқ
Жомарттығым, аңқылдақ сенгіштігім.

Қазақтың да жоқ емес «жау шаптары»,
Қолымыздың бірдей ме саусақтары.
Есімімнен садақа кетсе олар,
Демес едім «қабырғам қаусап қалды».
Беттер:
1 2 3 4 5 6 7

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?