Жұбан Молдағалиев (Мен қазақпын [I-VII])

 Жұбан Молдағалиев (Мен қазақпын [I-VII])

III

Мен - қазақпын мың өліп, мың тірілген,
Жөргегімде таныстым мұң тілімен.
Жылағанда жүрегім, түн тұтылып,
Қуанғанда күлкімнен түн түрілген.

- Жоқ, ондай ел болмайды жер бетінде
Мал соңында кұл емей, желдейтін не?
Мен - Шыңғыс хан, атыңды өшіремін.
Менмін сені тірілей жерлейтін де!..

Екі айтпайды хан тақсыр, бір кеседі,
От көссе де қолымен, бір көседі.
Қылышына ілініп қылша басым,
Әр шапқыншы қолында жүр кесегі,

Шегірткедей қаптаған ат тұяғы
Тозаңдатып талқандап жатты ұямды.
Ит үрікті түтеген түтіндерден,
Шат күлкілі даланы жат күй алды.

Қарсыласпай өлмедім, қан татырдым.
Құлап қалсам атымнан, қайта тұрдым.
Сансыз басты диюдай сан тіріліп,
«Мен - қазақпын» дегенді айта тұрдым.

«Мен - қазақпын» дедім хан Темірге де.
Жезтырнақша қадалды жебір неме.
Шыңғыс қорқау болғанда, мынау бөрі,
Біреуінен бірі кем елірді ме!?

О да құдай саналды, жұртты алдады.
О да мені өлтірді, кұрта алмады.
О да кетті жегідей, жерімді отап,
О да салды денеме дыр таңбаны.

Таңба - таңба тәнімнің тыртықтары
Қатпарына қаншама сыр тықпады?
Шежіренің беттерін ашар о да,
Оқи алсаң кітаптай, сүртіп қанын.

Қан да, көздің жасы да сорықпады.
Күреңітті көлдердің борықтары.
Азан-қазан «Ақ табан шұбырынды»,
Ала топан жоңғардың жорықтары...

Мал айрылды дағдылы жайлауынан,
Жер айрылды жарлы елден, байлы ауылдан.
Қыран бүркіт адасты мекенінен,
Қыз жаңылды сертті сөз байлауынан.

Сарыарқада сарнады Асан Қайғы,
Домбырадан бақсыдай бас алмады.
«О, қарт баба, еңсенді көтер! - дедім, -
Көп күрсінсең, көңіл де қасаңдайды.

«Ару - жолда, мал - терде, бала - белде»,
Уайым түбі - теңіз ғой, бара берме.
Жігер керек, жыр керек, жалау керек,
Қайрат күйі боп төгіл қаралы елге.

Жерімізде жау қолы жосығанда,
Тура айтуға тірі тіл шошығанда,
Жалғыз дауыс - домбыра емес пе еді
Қарсы барған қаныпезер Жошы ханға?

Күй емес пе ботасыз нар идірген?
Ән емес пе аққудай жар ілдірген?
Жыр емес пе жүрекке жел бітірген?
Олар барда дей алман тарылды іргем.

Жолдас емес адамға дүние боқ.
Жұмаққа да жүр қазір дін ие боп.
Өлең қалсын ұрпаққа, өнер қалсын,
Ата мирас мәңгілік дүние боп.

Ұлы аманат етейік еркіндікті,
Ел құлдықты білмесін, жер күңдікті.
Аңсаймын мен, сенемін, туады ертең
«Қазақ болу - зор бақыт» дер күн тіпті...»

Сондай - сондай заманды кешкен елмін,
Жұт арытып, шөл қысып көшкен елмін.
Өшіп кетер бір жайда жер бетінен,
Өзге орында балалап өскен елмін.

Дос та іздедім жау тисе болысатын,
Қыс қыстасып, жаз бірге қонысатын.
Еділ, Жайык, Ертісті сағаладым,
Үміт көрдім қаһарлы орыс атын.

О да қолын ұсынды тосқан таңдай.
Тар кезеңде табысқан достар қандай!
Жайып салдым алдына жанымды мен,
Аппағынан жарылған дастаркандай.
Беттер:
1 2 3 4 5 6 7

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?