Тоқтарәлі Таңжарық (Көбелек)

 Тоқтарәлі Таңжарық (Көбелек)

Сен бір әсем көбелексің
Қызыл ала қанатты.
Өн бойыңнан тұрар сенің
Иісі аңқып жәннаттың.

Желмен баяу тұр ырғалып
Даланың пәк гүлдері.
Қанаттарың діріл қағып,
Әсемдік бар мүлде бір.

Нәзік қана көркің біткен,
Көңілімді тасытты.
Сендегі сол еркіндікке
Өле-өлгенше ғашықпын.

Талпынғанмен жете алмаспын,
Сен жасаған әлемге.
Өйткені мен адаммын ғой,
Адаммын ғой, шарам не.

Жырлайтұғын өмір әнін,
Және мұңлы ақынмын.
Паң дүние шомылады,
Көз жасына пақырдың.

Көрдім көркем елесіңді,
Таңның сұлу бағынан.
Жаулаған шақ сен есімді,
Сары даламды сағынам.

Сені сүю — қиын маған,
Арманым ол — ақ сағым.
Мен түгілі бұйырмаған,
Бақытына патшаның.

...Сен бір әсем көбелексің,
Қимас басқа мүсінге.
Ен далада жүресің ұшып,
Көрем әркез түсімде...
* * *
Түн. Құлазыған бейне.
Айнаның жүзінде сағым.
Екеуміз өксиміз кейде,
Еске алып бақидың таңын.

Қиялдың қанаты талса,
Жабылар белгісіз бір есік.
Моладан бүр жарар арша,
Көлкіген көлеңкені кешіп.

Шыңғырар шытырман жолдар,
Үнсіздік өксіген сәтте.
Мүлгиді қап-қара орман,
Біз үшін жат енді ол әттең.

Күз бе бұл, яки көктем?
Даланы тұмшалар тұман.
Көмейде талықсып кеткен,
Ешқашан айтылмас бір ән.

Түн. Құлазыған бейне.
Жүзінде ескірген әжім.
...Біз неге өксиміз кейде,
Еске алып бақидың таңын?..

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?