Шәді Жәңгірұлы (Таза жоқ тат шықпайтын күмісінен)

  Шәді Жәңгірұлы (Таза жоқ тат шықпайтын күмісінен)

Таза жоқ тат шықпайтын күмісінен,
Өзінің әркім риза жүрісінен.
Бір шаттық, бір қапалық екеуі егіз,
Бірісі айрылмайды бірісінен.
«Нені ексең, соны аларсың» деген нақыл,
Таппай ма өркім өзі жүрісінен.
Деп айтып: «Қатам жоқ-ау бір ісімнен,
Баспаймыз, қиянатқа, баспаймыз» деп,
Тағы да жаңылысады-ау күйісінен.
Біреуді білмесе адам жобалайды,
Бақ көшсе, ақылына қарамайды.
Ісінен бір істеген жазым тапса,
Болды деп сол дұшпаннан шамалайды.
«Жазмыштан озмыш болмас» деген мысал
Бекер деп пікір айту жарамайды.
«Алланың адам басы добы» деген,
Қуса да қалай қарай домалайды.
Болғанмен қанша күші тіреуленген,
Адамның әрекеті құралмайды.
Хадисі Аплатондай болса дағы,
Бөрібір бір қалыпта тұра алмайды.
Көн қатса, қалыбына барып тұрар,
Мінезін әдеттенген жия алмайды.
Кәсімдеп қалыпсыздай желдей есіп,
Кез келсе, есекті де қуалайды.
Ақыры қылган ісі алдына кеп,
Ойланып сонда басын уқалайды.
Ит білер сыйлағанды, надан білмес,
Сөйлеген сөздің мәнін жаман білмес.
Қабаған қанша арлан болғанменен,
Ас құйған атын атап адамға үрмес.
Жаманның қарны тойып, қамписа іші,
Анасын әлдилеген адам білмес.
Бұларға қылсаң достық жаның ашып,
Түсінбей, тағы өзіңмен болар күндес.
Осылай адамдардың әр түрі бар,
Табандап жөн ісіңе, сірә, жүрмес.
Дарымай қанша айтсаң да асыл сөздер,
Айналып өз теңімен болар үндес.
Осындай ел ішінде аз ба адамдар,
Айтқанмен жөн ісіңді сөз деп білмес.
Шығып жүр әр халықтың талаптысы,
Болып жүр талаптанған әлі-ақ кісі.
Болғанмен жұрт ағасы, көп істері,
Келмейді, мінін айтсаң, жаратқысы.
Кеудесін, жақсы десең, көтереді.
Бардай-ақ құрт ауруы жөтеледі.
Шегінер халық пайдасы деген іске,
Деп айтшы осы істер бекер еді.
Тағы да халық оған емес құмар,
Есіткен масқара ісін не деп ұғар.
Қатесін түсіндіріп айтса егер,
Мәнісін түсінетін бар да шығар.
Сонда да жұрттың бәрі біле бермес,
Сөз болар жақсы-жаман бәрі кеңес.
Осылай бір сипаттап айта салдық,
Болмаса менің сөзім былшыл емес.
Осында мағына көп сөзді ұғарлық,
Үзілмес үмітпенен бос құбардық.
Әйтеуір құлақ салған сөкпесін деп,
Шамалы осылайша сөз шығардық.
Ойласақ, оқиға жоқ болмайтұғын,
Ер қайда елдің қамын ойлайтұғын.
Өзінің пайдасына бәрі жетік,
Адам аз алдын қарап толғайтұғын.
Аңдыған бірін-бірі жаудан жаман,
Байқасаң кейбіреуді оңбайтұғын.
Бұл істер білініп жүр біздің жұрттан,
Таласып бір-бірінің жүзін жыртқан.
Алданып арадағы дау-шарына,
Өсектеп хабары жоқ болар сырттан.
Болғанмен жұрт ағасы не пайда бар,
Жансыздай жұмыс қылса ол адамдар.
Асылдың жасықпенен парқын білмес
Дүниеде көп емес пе не надандар.
Есектей халі кейбір адамдардың,
Көңілі тар, көзі соқыр жамандардың.
Сары жез бен сары алтынды айырмайтын
Сынынан сақта, Алла, надандардың.
Адамды кейбір түрлі алсақ еске,
Ойласақ, мағына көп сөз кеңесте.
Біреудің не қайратын, не дәулетін
Өзімсіп жүретіндер көп емес пе?
Кейбіреу көтереді мұрнын көкке,
Өз әлін өзі білген адам көп пе?
Мақтанып, бәрін де өзім еттім дейді,
Біреудің шылауында жүріп текке.
Сипаттап мінін айтса өлеңшілер,
Мәз болып тағы да өзі айтып күлер.
Болса да нақ сол міндер өз басында,
Деп айтар:
«Секілді екен пәленшелер».
Десе екен мені де ақын өлеңі айна,
Түсінсе, көп сөзімде бар көп пайда.
Айтылған өлеңдегі мінін көріп,
Түзейтін өз мінезін адам қайда?

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?