Мағжан Жұмабаев (Ұлан)

 Мағжан Жұмабаев (Ұлан)

Heгe ойлайсың, құлыншағым?
He мұңың бар, айт, қарағым!
Жассың, ойға әуес болма,
Ой жеткізбес, ол - бір сағым!
Ұлғаярсың, өзі-ақ басар,
Жастық - күліп-ойнар шағың.
Іш пысса - малды арала,
Жүр ғой шауып құлыншағың!
- Жоқ, бармаймын, апа, малға,
Кетем алыс, шығам аңға!
- Шерің болса, домбыраңды ал,
Домбыраңды ал, ән шырқап сал.
Даусыңды естіп, жас сұлулар
Талып жұтсын тәтті улы бал.
Беттеріңнен қан тамып тұр,
Тал қызығады бойыңа тал.
Heгe ойлысың, ерке марқам,
Бір қаракөз болмай ма жар?
- Қарамаймын, апа, жарға,
Кетем алыс, шығам аңға!
- Сені тапқан мен анаң ғой,
Қарашығым, сен балам ғой!
Алыс жолға кетсең, қозым,
Күтіп, күйіп, мен жанам ғой.
Қарт күнімде сенсіз, сәулем,
Сағынып сені, сарғаям ғой.
Мені десең, еркетайым,
Кетпе алысқа, қой, балам, қой
- Ренжіме, апа, күтпе, жанба,
Кетем алыс, шығам аңға.
Кетті алысқа - шығып аңға!..
Жолаушылық желге таң ба?
Малың, жарың, туысқаның
Байлау болмас жүйрік жанға!
Кетіп бара жатқанында,
Жау кез келді жалғыз жанға.
Найзаласты, қылыштасты,-
Ұлан өлді батып қанға,
Ұлан өлді батып қанға,
Тыныштық тапты асау жан да.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?