Мағжан Жұмабаев (Жылқышының үйінде)

 Мағжан Жұмабаев (Жылқышының үйінде)

-Түн түнерді, ұйықтады ауыл,
Сорлы, бейбақ, атаң қайда?..
-Боран мынау, туды дауыл,
Апатайым, атам қайда?..
-Сорлы, бейбақ атаң қайда?
Көр үңгірді боран көмді!..
-Апатай-ау, атам қайда?
Әйнек сынды, білте сөнді...
-Көр үңгірді боран көмді,
Көмді ме екен атаңды әлде?..
-Әйнек сынды, білте сөнді,
Сөнді ме екен атам да әлде?..
-Көмді ме екен атаңды әлде?
Қалқам, қандай күйге түстік?..
-Сөнді ме екен атам да әлде?
Апа-ау, мұнша жасың ыстық!..
-Қалқам, қандай күйге түстік?
Жаным - жара, көңілім - қаяу!..
-Төкпеші, апа, жасыңды ыстық!
Байқашы өзің: боран баяу!
-Жаным - жара, көңілім - қаяу,
Аман ба екен бейбақ атаң?
-Жел де бәсең, боран баяу,
Қарашы, әне, ағарды таң!..
-Аман ба екен бейбақ атаң?
Құлыншағым, қорғаным - сен!
-Міне, атты таң! Аман атам!
Қапа болма, қорғаның - мен!..

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?