Ғабиден Қожахмет (Білімділер)

 Ғабиден Қожахмет (Білімділер)

Жоққа бәрін шығармай бұрынғының
Жаңалығын ап келді бүгінгі күн.
Соны игерер ұл-қызға дана қазақ
Күні жарық деп кеткен білімдінің.

Білім жолдан іздеген табады асыл
Деді де ұстаз ізденді жаңа тәсіл.
Ұстаз-сөзге немкетті шәкірттерін
Кешіре алмай тұр бүгін жаңа ғасыр.

Талап қылған жүйрік тек тосылмады,
Түсті ілімнің кеудеге асыл дәні.
Сол жолменен лек болып шәкірт келеді
Білімдінің сапына қосылғалы.

Дейді оларды қазір-ақ білімділер,
Сарбаздары дәуірдің тілін білер.
Сардарлары көш бастар педагогтер
Үміт күтіп отырған бүгінгі ел.

Шәкірт келеді көрсетіп таным қылық,
Таңғалдырып, тамсантып бәрін де ұғып.
Бабасына бас иген жарты әлемді
Алмақ олар біліммен бағындырып.

Бабалары тау басып, аттап тасын
Қамшысымен қаққан еді жат қақпасын.
Сол бабаның ұрпағы өзгелерді
Білім жолда біліп тұр аттатпасын.

Шәкірт келеді биіктеу талғамдары,
Жаңа дүние, жаңалық қолданғаны.
Білімділер қосыны лек боп келеді,
Педагогтер қауымы сардарлары.

Зерде де бар, ой да бар қарасында,
Шәкірт келеді, оларды баласынба.
"Бір құдайға сиынып оқы" деген
Ұлы ұстаздың сөздері санасында.

Ерлік жолда жасаған ұшқыр қадам
Бабасы да сиынбай іс қылмаған.
Келеді әне солардың ұрпақтары
Білім қуып жанары ұшқындаған.

Осы жолға қаратып жүзін бәрі,
Лек келеді, қатары бұзылмады.
Алға ұмтылған кішкентай білімдіні
Бастап келеді педагог ұжымдары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?