Исраил Сапарбай (Махамбетше)

 Исраил Сапарбай (Махамбетше)

Көгенге көзі көнбеген,
Көкірегінде шамы сөнбеген,
Іріден ізет көре алмай
Іріген іші шерменен,
Санасы самсоз жүрсе де
Санатқа, санға енбеген,
Асыл бір туған ақынды
Қай кезде қайғы жеңбеген?..
Арғымақ асау баптаған,
Алдынан ешкім қақпаған.
Арманның құсын әлпештеп,
Алланың ісін жақтаған,
Алтынмен арын аптаған,
Ананың сүтін ақтаған –
Асып бір туған Ақынды
Қай кезде ажал таппаған?...
Жай ұстап туған жатырдан,
Ашынса – ашу шақырған,
Шалдуарларға шарт сынба,
Алдиярларға ақылман,
Бәндәуи мына тірлікке
Бәдәуи басын қатырған –
Залалсыз, зілсіз Ақынға
Қай заман балын татырған?!
Ащыны татып ұшынған,
Тәттіні татып тұшынған,
Ұяға тұқым түсіріп,
Қияға тұйғын ұшырған,
Мінәжат кешіп әр жұма
Тәржіма тартқан Мысырдан...
Байбатша көңіл Ақынға
Қай патша тағын ұсынған?
Елжіреп есік ашпаған
Талайға тәңр – тас қамал.
Шайырға зайыр кімің бар
Тағдырға талақ тастаған?
Түтіні бірге демесең,
Бітімі бөлек басқадан,
Қайраған тісін Ақынға
Қай надан итін қоспаған?...

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?