Ғабиден Қожахмет (Бәрінен де сен әдемі жеңгесің)

 Ғабиден Қожахмет (Бәрінен де сен әдемі жеңгесің)

(Қайны, қайын сіңлілердің лебізі)

Арнап кетпей гүл-өмірдің жатқа әнін,
Біздің үйдің босағасын аттадың.
Сондықтан сен ең әдемі жеңгесің,
Өзің де әр кез сол қалпыңды сақтадың.

Ағамызға дедің де бақ құсыңмын,
Жүрегіңнен қадірлі орын ұсындың.
Жабырқаған болса біздің сәтіміз,
Жеңге болып сен алдымен түсіндің.

Сенің жаның - әсемдіктің әлемі,
Мінсіз мінез - болар соның дәлелі.
Жанарыңда күлімдейді бақ сәуле,
Айтылатын әзілің де әдемі.

Әдемі әр кез сенің салған әнің де,
Бұл әулетте иесің сен сенімге.
Сен естідің, сен тыңдадың әрқашан
Қандай алғыс болса айтылар келінге.

Кеудемізден арайлы арман ұшырдың,
Сол арманға ортақтастың - түсіндің.
Өкпелесіп қалған сәттер болса да,
Сен иілдің, сен алдымен кішірдің.

Біз салатын әнді бірге жырластың,
Бізбен бірге талай қиял қырға астың.
Біздің жүрек төрімізден сыр ұғып,
Жібек мінез қалпыңменен сырластың.

Көңіліңде айтылар көп ән, дастан,
Жырлай берші тоқтамастан, тынбастан.
Сенің нәзік жүрегіңе махаббат
Ізгілік боп ұя салған әу бастан.

Артық түсер бір ісінен бір ісі,
Әр тірлігің - біздің үйдің тынысы.
Десе жұрттар біздің үйдің келіні,
Дейміз біздер біздің үйдің ырысы.

Сондықтан да көңіл әр кез көктесін,
Нәзік жаның мұңның сазын шекпесін.
Жүректегі үзілмесін әсем ән,
Жанарыңнан сол бақ сәуле кетпесін.

Нұр жүзіңнен сол бақ сәуле сөнбесін,
Отауыңа мұңның табы келмесін.
Өйткені сен қайын сіңлі, қайнының
Шаттығына жаратылған жеңгесің.

Арман бағың айқын болып көрінсін,
Дейміз бізге лайықты сенімсің.
Өйткені сен біздің үйдің бағы мен
Бақытына айнала алған келінсің.

Сол жүзіңде болмасын деп қайғы-мұң -
Дидарыңнан көрдік әр кез ай нұрын.
Өзің сынды сезінсінші бар жеңге
Құрметін қайын сіңлі, қайнының.

Сені біреу ренжіттім демесе,
Сенің бәрі көңіліңді елесе.
Біздің үйдің босағасын аттауың -
Қандай жақсы болған сол кез, жеңеше!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?