Ақылбек Шаяхмет (Әйел көп пе, еркек көп пе?)

 Ақылбек Шаяхмет (Әйел көп пе, еркек көп пе?)

1. Әйел көп пе, еркек көп пе жұмақта?
Әйел сыйлар ерлер көп пе, бірақ-та.
Қапелімде жауап таппай қаламын,
Тап болғанда осынау бір сұраққа.

Әйел көп пе, еркек көп пе тозақта,
Еркекті әйел тап қыла ма азапқа?
Ер ме, әйел ме, жүрсе дағы қай елде,
Күнәһарлар аз емес қой қазақта.

Бұл фәнидің жалғандығын кім білер?
Ер әйелді, әйел ерді бүлдірер,
Бірін бірі сүйреп кейде жұмаққа,
Кейде тамұқ отына да күйдірер.

Күйдірсе де қараймайды шын асыл,
Әркім жеке көтереді күнәсін.
Алланың да көңілінен шығады
Сақтай білген ата-баба мұрасын.

Саған қорған – мейірім мен қайырым,
Теңізде де суға батпас қайығың.
Жанған оттан құтқарады Жаратқан,
Пенделері білген бола айыбын.


2. Тозақта еркек көп пе, әйел көп пе,
Айғақтар көп екенін дәлел көп пе?

Жұмақта еркек көп пе, әйел көп пе,
Әйелге ақылға бай сай ер көп пе?

Болғанда әйел жарты, ер де жарты,
Қосылу екі жарты – ата салты.

Кейде ері, кейде әйелі алда жүрер,
Қайсының күнәсі көп, Алла білер...


Алла сені аш қылып та сынайды,
Алла сені тоқ қылып та сынайды,
Алла сені бар қылып та сынайды,
Алла сені жоқ қылып та сынайды,
Бұл жалғанға келгеннен соң адамзат,
Қандай қиын іс болса да, шыдайды.
Құдіретті Жаратқанға өйткені
Сыннан өткен пенделері ұнайды.


Үй ішінде отырғанда
Бу шықса да шәйнектен,
Қатты аязда қысқы дала
Көрінбейді әйнектен.

Бәрін жасар Хақ-Тағала,
Көңілде жүр ой көптен.
Шын сыйынсаң, сақтар Алла
Түссе-дағы жай көктен.


Түн пердесін Күн нұры түрген кезде,
Тіршіліктің қадірін білген кезде,
Аспан ашық, ағаштар қар жамылған,
Шүкір деймін осыны көрген көзге.

Таңғы сәуле бөлмеге кірген кезде,
Қыбыр-қыбыр тұрғындар жүрген кезде,
Дала тыныш,
Тұп-тұнық жаратылыс,
Шүкір деймін осыны көрген көзге.

Қызыл түске көкжиек боялады,
Ұйқысынан бөбектер оянады,
Сәбилердің күлкісі қуантады,
Түн ұйқысын төрт бөлген кейуананы.

Аяқталып бұл түн де мамыражай,
Көше шуға толады көп ұзамай.
Күндіз дабыр көп болса, кеш батқанда
Тыныштықты қалайды жаным ұдай.

Тұрған болса тірлікке құлшынып кіл,
Орман болған кезі бар бір шыбықтың.
Түні бойы тынықсаң, таң атқан соң
Басталады күйбеңі тіршіліктің.

Күн менен түн жатқанда жағаласып,
Ырыздықты еңбекпен таба аласың.
Жұмыс жаса күнұзақ құлдай болып,
Түн болғанда патшадай дем аласың.

Тоқтамайды бір сәт те өмір көші,
Әр күн сайын өзгерер көңіл қошы.
Сүйіндірген және де күйіндірген
Байқап тұрсаң – фәнидің қызығы осы.


Бөлінбейді ешқашан деп жүрсек те іргеміз,
Бір анадан тусақ та, бола алмадық бірге біз.
Бөлек-бөлек бөлмеге қойды қамап біздерді
Қойып қойған қарауыл өмір деген түрмеміз.

Болған шығар қате көп, тура жолдан адасу,
Емдеп шыққан жан аз ба тағдыр салған жарасын?!
Бал-шәрбаттай ешқашан дәмі кетпес таңдайдан
Бөліп жеген жас кезде қара нан мен қара су.

Біле алмадым, жайлы орын тұр ма кұтіп ол жақта,
Тастай суық табанға көк мұз, әппақ қар жоқ па?!
Кешір, болса, күнәсі, жарылқашы, Раббым,
Көз беретін соқырға, қол беретін қол жоққа.

Көргенімді айнытпай жазып жүрген ақынмын,
Жүрсем-дағы қаймықпай, көптің бірі – пақырмын.
Иман бер деп Алладан тілек тілеп тағы да,
Дұға жасап, қолымды жайып, міне, отырмын.


Наданға алдыңнан болар кез,
Қайтесің сөзіңді шығындап.
Жүрсем деп естімей жаман сөз,
Құлақты қоясың тығындап.

Көшеде жан көрсең көргенсіз,
Көзіңді еріксіз жұмасың.
Шындықты айтуға дәрменсіз
Болғанда тіліңді тиясың.

Ауыз, көз, құлақ, тіл – ораза,
Ораза тек бір ай бола ма?
Ішіңді, сыртыңды тазала,
Бұзатын нәрсеге жолама.


Кісілер бар – атағынан мінген атың үркетін,
Кісілер бар – тек жүрсең де, шаптан келіп түртетін,
Кісілер бар – мысқылдайтын әр ісіңді күлкі етіп,
Кісілер бар – жылағанда көздің жасын сүртетін.
Кісілер бар – бетіңе айтсаң, шыға келер ісініп,
Кісілер бар – сөз сөйлесе, отырасың тұшынып,
Кісілер бар – мақсатыңды айтқызбай-ақ түсініп,
Кішілерді құрметтесе – соның өзі кісілік.
Кісілер бар – сөзі көп те, істеп жатқан ісі жоқ,
Кісілер бар – талабы мен ниеті жоқ, күші көп.
Ізгі жандар бұл өмірге тектен текке келмеген,
Бұл фәниде жүрген дұрыс кішіпейіл кісі боп.


Біреулерге келемін ілесе алмай,
Біреулерден болсам да көш ілгері.
Қызық, сайран, думанды түгесе алмай,
Теріп жүрмін бұйырған несібемді.

Түні бойы көремін тәтті түсті,
Күні бойы тағы да жол жүремін.
Көрдім талай арпалыс, қақтығысты,
Нәр татпаған кезім де болды менің.

Фәни менен Бақидың арасында
Келе жатқан пендемін қара жолда.
Кез болсам да дауыл мен бұрқасынға,
Қасқа күлкі, досыма таба қылма.


Жылу жоқ жер – тастай суық,
Жарық жоқ жер – қараңғы.
Күнді көрсем ерте тұрып,
Нені білдім таң алды.

Жомартпын деп төсін соққан,
Сараңды да көп көрдім.
Жеңілгенде есерсоқтан,
Өзімді өзім жек көрдім.

Жолдағыны таптап өтер
Асқан кісі шамадан.
Зұлымдығын мақтан етер
Мейірімі жоқ адам.

Еленесің, еңбек қайтса,
Босқа өтпесін күнім де.
Біреу саған алғыс айтса,
Көгересің түбінде.

Тапсаң саған айтқан өкпе
Дос дертінің дауасын.
Ар-ұятың тұрса бетте,
Иман жүзді боласың.


Аллаға сенбеген,
Жөн сөзге көнбеген,
Тәубаға келмеген
Тозады.
Жалғанға төзбеген,
Шайтанға ермеген,
«Жақсы сөз – ем» - деген
Озады.

Кіретін сыналап,
Күпірлік, қиянат
Адамға, сірә, жат.
Аулақ жүр!
Шүкірлік, ғибадат,
Жүрекке ұялап,
Бес парыз – тиянақ
Дәл қазір.


Тәй тұрдым.
Қаз бастым.
Тағы аттадым.
Қопардым тоң болған қыртысты қап-қалың.
Бойыма жұқты ма тер төгіп тапқаным?
Біреуге жақтым.
Біреуге жақпадым.

Артыма қарадым.
Аялдап, тоқтадым,
Осынша жол жүрсем, бойымда жоқ па мін?!
Арман не мінген соң сипалап ат жалын,
Кең жолға апарса кішкентай соқпағым.

Ілгері жүруге кей кезде жоқ халім,
Көкірек кей кезде – қайнаған от-жалын,
Рақат па, азап па, алдына кеп тұрмыз
Ішінде не бары беймәлім қақпаның...


Тән емес, жанның дерті асқынғанда,
Дертке дауа табылмас қас қылғанда.
Жаратқанның сынағы деп білеміз
Біреуді тоқ, біреуді аш қылған да.

Құдайды да кіналар қайғырғанда,
Ақыл-ойын пенденің сай қылған ба?!
Жаратқанның сынағы шығар, бәлкім,
Бірін кедей, біреуін бай қылған да.

Түсіп жүрсе кейбіреу құса-мұңға,
Біреу жүрсе бақыттың құшағында,
Біреуді сау, біреуді сырқат қылса,
Көзімізге көрсеткен нышаны да.

Заманда да сұрқия, сұм алдаған,
Мезгілде де тапқанын құралмаған,
Өзіңе сен, өзгеге көзді сүзбе,
Медет тіле жалынып Бір Алладан.


Асығы алшы түскендерге
Өмір бүк те, шік те емес.
Жемісі ерте піскендерге
Жолы болмай кеткен өш.

Сайран салып жүргендерге
Өмір деген түк те емес,
Фәни сырын білгендерге
Өлім соңғы нүкте емес.


Қарап тұрсаң, ғажайып, өмір – айқас алаңы,
Бұғы, бұлан, еліктер – қасқырлардың тамағы.
Ағын суда шоршыған үндемейтін балық та
Шығып қалса жағаға қарай алмас жарыққа.
Емін-еркін інінде өмір сүрген кей тышқан
Іннен шықса құтылмас мысық деген жыртқыштан.
Қиқу қосып, құс салған біледі оның сырын ел,
Қаз-үйректер бүркіттің тырнағына ілінер.
Қанаты бар құстарға сөйлеу болса бір арман,
Сөйлей білген тоты құс тор ішіне қамалған.
Түйеқұстың, алайда, сермесе де қанатын,
Аспаны жоқ ұшатын, көлдері жоқ қонатын.
Аяғы жоқ болса да жорғалаған жыланның,
Жете алады тырмысып биігіне қыранның.
Құмырсқаның керемет тірлігіне қарашы,
Солай еңбек ете ме адамзаттың баласы?!
Гүл-бақшада шырынын сорып жүрген гүлдің де
Ара менен сонаның айырмасын білдің бе?!
Оң мен солын әлі де айырмаған адамдар,
Бір Алланың жаратқан ғаламына қараңдар.
Үлгі, өнеге, тағылым – барлығы да бар онда,
Соның бәрі жазылған қасиетті Құранда.


Жас келгенде көп пендеге ақирет те үрейлі,
Таудан биік күнәларын кім күрекпен күрейді?
Аңқау қазақ жақсы сөзді ағыл-тегіл жаудырып,
Періштенің құлағына шалынсын деп тілейді.

Кісі қайтса, дұға жасап, орын сұрап жұмақтан,
Аңқау қазақ жақсылықтан дәметуді ұнатқан.
Кім-кімді де жатсынбастан қойнына алар қара жер,
Бірақ, ешкім құтылмайды қабірдегі сұрақтан.

Бұл фәнидің жасап жүрсең неше түрлі амалын,
Қолың жомарт, жүзің жарқын, ашық болсын қабағың.
Арманың не тест тапсырған жақсы студент секілді
Дайын болса бар сауалға қайтаратын жауабың.


Күнкөріспен жанды бағу,
Аярлықпен жұртқа жағу,
Аңдып жүріп аяқ шалу,
Жан аямас досын табу,
Бәрі-бәрі болады екен пендеде.

Қаталдық пен мейірім де,
Шалқаю мен иілу де,
Ырза болып сүйіну де,
Ыза болып күйіну де,
Бәрі-бәрі болады екен пендеде.

Жақсылық пен жамандық та,
Адалдық пен арамдық та,
Жомарттық пен сараңдық та,
Білімір мен надандық та
Бәрі-бәрі болады екен пендеде.

Соның бәрін көріп жүріп,
Жаратқанға сеніп жүріп,
Жақсылықтан үйренуге,
Жамандықтан жиренуге
Ұмтылмайсың сен неге?


Тас атса біреу тасадан,
Қалса да одан бас аман,
Күнәм көп білмей жасаған,
Күнәм бар біліп жасаған.

Біреулер тиіп шамыма,
Салғанда жара жаныма,
Басымнан сөзді асырмай,
Күнәлі болдым тағы да.

Сөйлесе дұшпан мыстандай,
Тежейтін бойды күш қалмай,
Болғанда ызам батпандай,
Сабырым болды мысқалдай.

Өкпе мен реніш қалыңдап,
Кетті ме күнәм ауырлап.
Жақсы мен жаман сөздердің
Барлығын жүрсем қабылдап.

Бірде олай, бірде бұлаймын,
Қиындық болса, шыдаймын.
Пендеге жаны ашыр деп


Үйге келген қонақ болса,
Дастарханға тамақ толса,
Әлпештеген ұл мен қызың
Қызметке жарап тұрса,
Жаратушы жарылқайды,
Жүзінен нұр тарап тұрса,
Түседі Алла мейірімі,
Обал менен сауап болса.
Еңбек қылғын текке жатпай,
Бірақ, саусақ қимылдатпай,
Тіленгеннің күні құрсын,
Бір Аллаға қарап қалса.


Сүйінішті көрген көзге,
Айыз қанар айтқан сөзге,
Көңіл өсіп барады.
Уәдеде тұра алатын,
Алға бассаң, қуанатын,
Жақсылықты құп алатын,
Алғы шепке сұранатын
Кісілер де болады.

Анттан безген алдамшыға,
Жаның төзбес жалғаншыға
Қалай көңілің толады?!
Жақсы ісіңді көре алмайтын,
Бар болса да,бере алмайтын,
Ізгілікке ере алмайтын,
Арыз жазбай жүре алмайтын
Кісілер де болады.


Шөлдегенде, ауырғанда,
Іздегенде дәру жанға –
Көзі түссін Құдайдың.
Денге саулық, досқа қадір,
Барға шүкір, жоққа сабыр
Сұраймын!


Көр дегенің ақыры ма жарықтың,
Көр дегенің шұңқыры ма тамұқтың?!
Құрметі ме қайтыс болған кісіге,
Жиналғаны моласында халықтың.

Туыс-туған жас төккенмен фәниде,
Өлген кісі тірілмейді, әрине.
Тіршілікте тумақ бар да, өлмек бар,
Мұндай жағдай қайталанар әр үйде.

Кеткендер бар қасиеттті, шын асыл,
Кеткендер бар мойындамай кінәсін.
Кім болса да дұға оқиды молдалар,
Кешірсін деп оның барлық күнәсін.

Бұл фәниде бола алғандар сабырлы,
Елжіретер алпыс екі тамырды.
Жақсы адамдар ел ажалға қимайтын
Қайтқанда да болады екен қадірлі.


Жүрген-сынды бір түс көріп,
Түсінбеген мәз болады.
Саз балшық та кірпіш болып,
Кірпіш қайта саз болады.

Тамызық боп отқа жаңқа,
Жақпай кейде сауға дәрі,
Ағаш сапты ара, балта,
Орманға да жау болады.

Айтылса да күнде өсегі,
Ұмыт болып байбаламы,
Күл орнына гүл өседі,
Гүл де күлге айналады.

Дәурен бітіп, жапа шексе,
Дария да шөл болады.
Жаратушы нұрын төксе,
Шөл дала да көл болады.

Дүниенің астан-кестен
Сайраны мен ойраны бар.
Ешқашан да шығарма естен,
Басың қандай сайда қалар?!


Қиратып үйді, өртеген орман,
Залымдар аз ба зұлымдық қылған?!
Ыстықта күйіп, суықта тонған
Кездерде сабыр болады қорған.

Қызыққа толған фәниде жалған
Біткенше демің таусылмас арман.
Құдайға сенбей соғысқа барған
Мінажат қылып, аман-сау қалған.

Заманды көрдің сүліктей сорған,
Адамды көрдің аттаған ардан,
Аллаға сенсең, туады күнің
Шығарар ордан, босатар тордан.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?