Сұлтанмахмұт Торайғыров (Қымыз)

 Сұлтанмахмұт Торайғыров (Қымыз)

Алдияр аруағыңа еткем, қымыз,
Сені ішкен мұратына жеткен қымыз.
Мейлі доңыз болсын, қоңыз болсын,
Иеңнің түкірігін ем еткен қымыз.
Бас иіп айдыныңа ауыл - аймақ,
Қоясың қоғамыңды жіпсіз байлап.
Құдай иіп құлқынға түсе қалсаң,
Есілдей есіп, шалқып, ақақайлап.
Тізеден сегіз қарыс қара саба,
Жыбырлап айналаңда бала - шаға.
Дүниеде неше түрлі нығымет бар ғой,
Сонда да сенің жөнің жеке дара.
Көпірсең жұмсақ иісі анадайдан,
Кеудеңді жарып кетер әлде қайдан.
Екпінің еш нәрсеге жол бере ме,
Өзендей гүр - гүр етіп аққан сайдан!
Адамның дүниедегі бәрі досың,
Сиқыр ма, бұ не ғажап сенің осың?
Ерінге бір - екі күн тимей жүрсең,
Келтірмей, құрыстатып көңіл қошын.
Шалдардың піскен даусың есін алып,
Отыртпай үйлеріне түрткі салып,
Мейлің теп, мейлің ақыр, мейлің жекір,
Кек қылмас саған ешкім көңілі қалып.
Магнитің түстік жерден қонақ бұрып,
Әдейі сәлем үшін бұрыс жүріп,
Бай, кедей, жақсы , жаман, төре, қара,
Жапырылып ыңғайыңа бәйік тұрып.
Әсіресе, қажы, сопы, қожа - молда,
Сартта - сұрт таспықтарын алып қолға.
Жаудыртып келгеннен - ақ баталарын,
А, құдай, оңда да, оңда, аруақ қолда.
Осылай зиярат қып жұрттың бәрі,
Аузыңнан шыққан сөзің болып дәрі.
«Мырза - еке, ие солай» деп бас изесе,
Тәштитіп танауыңды онан әрі.
Сапырсаң сар шараға құлаш керіп,
Жиылған мейманыңа құйып беріп,
Ата ұлын, ене қызын безіп тастап,
Кетпей ме, екі ұдайда саған еріп.
Кәсіпсіз көзін сатқан сорлы кедей,
Қоя ма піскек аңдып тентіремей.
Атағыңды көтерер алғыс айтып,
Байғұсқа бір жұтқызсаң « кет, шық » демей.
Шатып - пұт, не қылсаң да сөзің дәмді,
Кісі жоқ бұ жиһанда сенен сәнді.
Қымызсыз, маған салса Аплатон бол,
Көрмессің сөзің тыңдар ешбір жанды.
Басыңнан қымыз кетсе, қызық кетер,
Сын - сыйық, сәулетіңді бұзып кетер.
Кешегі бәйек болып отырған жұрт,
Күдерін бүгін сенен үзіп кетер.
Арам тер болма, достым, текке шауып,
Алғанша аузыңды бас қымыз тауып.
Қымыз тап та қ... бер, лапыр ,ақыр,
Жерде сөзім қалар деп қылма хауіп.
Ей, қымыз, ыза қылдың қолға түспей,
Онда мен жүремін ғой күйіп - піспей.
Жүректегі қапамды айтқызар ем,
Өлсем де жұртқа беріп, өзім ішпей.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?