Пайғамбар - Мағжан Жұмабаев

Пайғамбар - Мағжан Жұмабаев

Устремляя наши очи
На бледнеющий Восток,
Дети скорби, дети ночи,
Ждем, не придет ли наш Пророк.
Мережковский


Күнбатысты қараңғылық қаптаған,
Күнi батып, жаңа таңы атпаған.
Түнерiп жүр түннен туған перiлер,
Тәңiрiсiн табанына таптаған.

Күнбатысты қараңғылық қаптаған,
Көгiнде жоқ жалғыз жұлдыз батпаған,
Түн баласы тәңiрiсiн өлтiрiп,
Табынатын басқа тәңiрi таппаған.

Күнбатысты қараңғылық қаптаған,
Жалғыз жан жоқ қараңғыда лақпаған.
Бiлген емес иман деген не нәрсе,
“Қарын” деген сөздi ғана жаттаған.

Түн баласы...Түн жолына түскен ол,
Сақаусың деп Мұса тiлiн кескен ол,
Тәңiрiнiң сүйiктi ұлы Айсаның
Тiтiркенбей ұрттап қанын iшкен ол...

Түн баласы түнерген түн жамылған,
Аллаға емес, әзәзiлге табынған.
Iнжiлдi өртеп, табанға сап құранды,
Әдiлдiктi күткен ессiз қарыннан.

Түн баласы өмiрiнде арзан таңменен,
Қабыл ұлы ауызданған қанменен.
Табынатын құр денеге жануар,
Болған емес жұмысы оның жанменен.

Төгiлмей ме кемерiнен асқан су,
Өлтiрмей ме жайылған соң күштi у.
Түн баласы түнерiп тұр өлгелi,
Көзiңдi сал – күнбатыста қанды шу.

Көзге түртсе көрiнбейтiн қара түн,
Күңiрене ме, күле ме, әлде, әлдекiм?
Жылайды да, шулайды да ұлиды,
Бұл кiм? Бұл ма – түн баласы түссiз жын.

Қап-қара түн.Түн баласы күңiренед,
Күңiренумен бiр-бiрiне үн беред.
Сөгiнедi, сүрiнедi, жығылад,
Қара түнде көр көзiмен не көред?!

Қап-қара түн. Шегiр көздi жындар жүр.
Қап-қара түн. Қайғы мен қан ойнап тұр.
Қайғы менен қара қанға тұншығып,
Түн баласы ауыр ойлар ойлап тұр.

Қап-қара түн. Уақыт ауыр өтедi,
Ой артынан ойлар келiп кетедi.
Түн баласы көр көзiнен жас төгiп,
Күншығыстан бiр пайғамбар күтедi...

Ерте күнде отты Күннен Гун туған,
Отты Гуннен от боп ойнап мен туғам.
Жүзiмдi де, қысық қара көзiмдi,
Туа сала жалынменен мен жуғам.

Қайғыланба, соқыр сорлы, шекпе зар,
Мен – Күн ұлы, көзiмде Күн нұры бар.
Мен келемiн, мен келемiн, мен келем,
Күннен туған, Гуннен туған пайғамбар.

Соқыр сорлы, көрмей ме әлде көзiң көр?
Күншығыстан таң келедi, ендi көр.
Таң келедi, мен келемiн – пайғамбар,
Күт сен менi, “лахаулаңды” оқи бер.

Күншығыстан таң келедi – мен келем,
Көк күңiренед: мен де көктей күңiренем.
Жердiң жүзiн қараңғылық қаптаған,
Жер жүзiне нұр беремiн, Күн берем!

Қап-қара түн. Қайғылы ауыр жер жыры,
Қап-қара түн. Күңiренедi түн ұлы.
Күншығыста ақ алтын бiр сызық бар:
Мен келемiн, мен пайғамбар – Күн ұлы.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?