Ілияс Жансүгіров («Жаңа тұрмыс»)

 Ілияс Жансүгіров («Жаңа тұрмыс»)

Келдім міне ауылға,
Ауыл жиын қоныпты.
Қонғанының мәнісі
Ауыл колхоз болыпты.
Колхозының есімін
«Жаңа тұрмыс» қойыпты.
Жұлдыз - жұлдыз қараша үй
Шиі қияқтан тоқыған,
Ауыл ада болыпты
Намаз бенен сопыдан.
Ұқтырды шал мән - жайын
Кетпен 5аптап отырған:
− Осы отырған ауылдар,
Біз, шырағым, «Тама» едік.
Қарақайдың бойында
Бірталай ел бар едік.
Жайғанымыз мал еді,
Өзіміз де мал едік.
Мал дейтұғын мал бар ма?
Кедей малға жарып па еді?
Байларымыз «көнпіс» боп
Малын біздер алып та ек.
Былтыр колхоз болуға
Қаулымызға салып та ек.

ІРГЕ АУДАРДЫҚ


− Жаңа қонып жатырсыз,
Қайда сіздің Қарақай?
− Қарақайды қой, балам,
Болды ғой ту - талақай.
Мақта колхоз болуға
Осы арадан жай алған.
Осы отырған жүз он үй
Әр атаның баласы.
Мұның бәрі бір колхоз,
Ішінде жоқ аласы.
Әр атасы құрыған,
Бір колхоздың баласы.
Мынау жерге орнайды
Бұл колхоздың қаласы.
Мынау тасып жатқандар
Сол қаланың ағашы.
Мынау арық, әне школ
Екеуінің арасы.
Бақша болмақ, жай болмақ,
Анау тіккен қазықтар.
Одан арғы гектарлар
Мақта егетін жазықтар.
Қолда, балам, кетпен бар,
«Нормалаған азық бар...»
Шал осыған келгенде
Саптап болды кетпенін.
Басқа шытын шорт байлап,
Салды иыққа шекпенін,
Салды иыққа кетпенін,
«Ал, балам, мен кеткенім».

ТӘРТІП


Шалмен бірге келгенде,
Құралыпты кетпендер.
Қара қайыс, қон иық,
Өңшең. бейнет шеккендер.
Шығып жатыр бір өңкей,
Атын «әтмет» еткендер.
«Әтмет» соғып тұрғаны
Басындағы бригад.
«Маған әтмет соқтың ба?»
Деп әлгі құдияд.
«Мұнша неге кешіктің?
Отағасы, бұл ұят...»
Деп еді, шал қызарды.
Айтты сонау кетпенді:
«Сап іздедім, саптадым,
Соған уакыт кеткен - ді...»
Бұрын неге саптамай,
Кімге айтасың өкпеңді...
Әлгі шалды састырып
Біраз қысты бригад.
Қасындағы жігіттер
Әлгі шалға жымияд,
Отағасы жеңілді,
Кешіккені тірі ұят!
Шалдың өзі «шал» емес,
Түскен кісі істерге.
Аты менен түйесін,
Қосқан кісі күштерге.
Колхоз болған ауылда
Істемеген тістер ме?
Сондықтан шал қысылады.
Шал ұйымда, шеңберде.
Шал сондықтан қысылады
Сәл кешігіп келгенге.
Жаңа жұмыс кезінде
«Кетпен саптап...» дегенге.

ЖАРЫС


Жиылғандар жұмысқа,
Екіден төрт бөлінді.
Төрт топ былай шыққанда,
Қырық кетпен көрінді.
− Ал жүріңдер, арыққа!
Бөліп берем «жеріңді!»
Деді дағы бригад,
Саржа салды арыққа.
Кім көп жақсы істесе,
Сол түседі нарыққа.
Жазып тұрам жұмысты
«Табель» менен «тарифқа».
Бөліп - бөліп алысты,
− Ал түселік жарысқа!
− Ал құлашта!
− Ал таста!
− Ал анадан қалыспа!
Күн астында көп кетпен
Жалт - жұлт етіп шағылыса.
Кешкі жұмыс тындым боп,
Шықты кетпен арықтан.
Екпінді істеп бәйге алды,
Бұл жұмысқа нар шыққан.
«Әтметкіге» ұрылды,
Екінші боп шал шыққан.

КОЛХОЗ ҚАТЫНДАРЫ


Колхоз ауыл қонған жер
Көгеріпті пүліштей.
Қараша үйдің жанында
Жайылған дән күріштей.
Ақтап отыр қатындар
Керілдеспей, сүріспей.
Тазалауға тұқымды
Жиылған жан- жақтағы.
Тазаланған тұқымға
Толтырылған қап - қабы.
Бәсекемен, бәйгемен
Екшеп отыр мақтаны.
Осы отырған қатындар
Бұрын кілем тоқыған.
Бір колхоздың үйірі
Осы топ - топ отырған,
Мақтасының тұқымы
Тазарады қоқымнан.
Салаң - салбыр кимешек,
Сәлде күндік басында.
Оқа, маржан, сүйек, тас
Үйген мықтап бастыра.
«Іс базарлы, жеңгейлер!»
Деймін келіп қасына.
Келген маған таңырқап,
Сәл кідірді тоқталып.
Екшеп жатқан тұқымын
Уыстап ем оқталып;
Қара қатын қайрақтай
Жау желіндей соқты анық:
− «Неменеге аңырып
Қалдыңдар, әу, қатындар,
Алашаның ар жағын,
Арманырақ тартыңдар.
Тазарғанын солай төк,
Былғанышын жақынға ал!..»
Қолдар тағы қойылды,
Бұлар неткен бір ауыз?
Жып - жып етіп саусақтар,
Қалдырмайды бір қауыз.
Мылжың, кесел ішінен
Кермедім бір қу ауыз...
Я, осындай ұйымы,
Бүйтсе жұмыс бітпес пе?
Бір колхозға қатын боп
Іс бастаған ниеттеске...
«Аулағырақ шет кісі!
Іске мешайт.етпеске!»
Деуден бұрын өзіме,
Дедім: «табан жалтырат!»
Сен сықылды «өкілдер»
Көбейсе, істен қалдырады,
Кеткенімше болмады
Келіп қалды бригад.

ЕКПІНДІ ЖЕҢГЕЙЛЕР


Бригадпен сөйлестім,
Бригадир Хадиша:
Қайдан колхоз боламыз.
Қатын біткен шәниса.
Бітпегенде несі бар,
Осынша қол жабылса?
Бұл тазалап жатқаны
Мақта дәні шиті ғой.
Қоқыр - соқыр, шөп - шары
Сол шитінің биті ғой.
Мақта дәні осы ғой,
Дән - диқанның құты ғой.
Осыны ерте тапсырмай,
Берді жаңа басқарма,
Жер жыртумен қарбалас
Істі бұлай бастар ма?
Біздер түстік жарысқа
Істеп - істеп тастарға.
Бол, жолдастар, жылдамдат,
Қыздыралық жұмысты!
Тракторлар аңызға
Кеше келді кірісті.
Кіріскен соң. қоя ма,
Дайындадық күрішті.
Жұмыстағы қатындар
Жетпістен көп, сексен - ді.
Кел, ей, Күлтай екпінді!
Жарыссаң, ал өкшеңді
Көтер кәне! Сен дағы
Жинаңқыра бөксеңді!
Бөлек - бөлек бригад,
Өзді - өзінің қосы бар.
Сіңбіруге мұрша жоқ.
Деуге жай жоқ «тосып ал!»
«Қатын жарыс» колхозда
Екпінділер осылар.

«БАЛА МАЙДАН»


Бала жоқ па дер біреу,
Бала деген өріп жүр.
Балалардың шешесі
Тегіс тұқым теріп жүр,
Балалар да «бригад»
Бақташыға еріп жүр.
Жұмыс тағы анаға
Өңгерілген бала жоқ.
Бала бағып үйінде
Отырған жан және жоқ.
Балаларды қозыша
Бақпауына шара жоқ.
Балаларды тапқан бар,
Бірақ баққан ана жоқ.
Бір ауылдағы ұл - қызға
Бір - бір - ақ жан ана боп,
Бала «колхоздасыпты»
Өңшең «жаңа Тама» боп.
Жазғы ауылдың жері кең,
Жазғы туған төл қызық.
Жаңа отыққан қозыдай
Жайып, айдап өргізіп.
Алыс емес лөктір де,
Тұрады екен көргізіп.
Өгей емес, өз ана.
Біріне емшек емізіп,
Біріне нан жегізіп,
Біріне «мәм - мәм» дегізіп.
«Жаңа тұрмыс» бесігі
Бала майдан бір қызық.

ЖЕҢІЛГЕН ЖАЛҚАУ


− Ырысалды, сен неге
Есінейсің маужырап?
Ұйқың шала болды ма,
Жусаңқырап, байырқап...
Тиесіңді бітіріп,
Іш шайыңды шаңырқап...
Ырысалды күңк етті,
Қабағы сәл бұзылып:
− Бұдан артық қайтпек ек?
Белдеріміз үзіліп...
Ойбай белім... бүйірім...
Өлер болдық сүзіліп...
Кетті кеулеп самбырлап,
Біреу түртіп қалды да,
− Қой, абысын, толғатпа!
− Қой, жеңеше, қалғыма!
− Қалдың, келін, жарыстан
− Қара, әй, қатын, алдыңа!.
− Осы жұмыс түк емес,
Адамға тек құнттаған...
Бәріміз де қатынбыз
Байдың қойын құрттаған...
Қора күзет, қой құрттау...
Сөйтіп айран ұрттаған...
− Айтшы, тұқым тазалау
Қой құрттаудан қиын ба?
− Қиын түгіл түк емес
Біз сықылды жиынға,
− Масыл болу жарай ма
Кіргеннен соң ұйымға...
Міне осындай кеу - кеуден
Ырысалды жеңілді.
Тек, тағы бір керілді,
Тек, айтпады «білімді».
Бір сыбанып білекті,
Бір желдетті өңірді...
Болса мұндай ішінде,
Алады екен қау - қауға.
Тиеді екен түйдектеп
Жатып ішер жалқауға.
Жағдай қалмай барады
Жалқаулық пен малтауға...

БІЗ ЖҰМЫСШЫ! БІЗ КОЛХОЗ!


Осы колхоз аулымыз
«Тама» дейтін рудан.
Руласып, жауласып,
Өмір өткен шулыған.
Сол шулыған шақпағы,
Бай билігі құрыған.
Ескі өмірі Таманың
Жай түскендей бұзылған,
Тама тозып, таптасып,
Мақта колхоз құрылған.
Колхоз қырда жаңа ауыл,
Туған Ленин туынан.
Тек көбейсін осындай,
Еңбекке бел буынған.
− Біз жұмысшы!
− Біз колхоз!
Алсын қырды бұл ұран.
Сол ұраннан серпілсін
Жүректегі жылы қан!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?