Ілияс Жансүгіров (Етекбайдың өлеңінен)

 Ілияс Жансүгіров (Етекбайдың өлеңінен)

Қолдан ұстап бермейміз шырылдатып,
Бір күн қырып тұқымды бітірсе де.
Бата қылғын, ей Албан, бұған деп,
Алдымынан ғазауатқа шығам деп.
Жаманатты қылмаймын болыстарды,
Өзім жауап алдында қылам деп.
Қол көтерді дұғаға қанша халық,
Өзің медет бергейсің бір жаппар хақ.
Әскер келсе қайқаңдар бір жан қалмай
Бір-біріне салмастан санат-салық.
Жауап бере ұлыққа жүрді Ұзақ,
Ұзақ батыр алдымен көптен ұзап.
Топ-топ болып артынан жиылысып,
Көп қалайға кеп тұрды ұзақ-созақ.
— Малдың алғын, ей тақсыр, бәрін деді,
Көп жұртыңа келмесін кәрің деді.
Өнері жоқ, өнерсіз бұқараңа
Бала алам деп шашпасын зәрін деді.
Малдың бәрін берейін жардамыңа,
Жал жасырып қылмадық пардамыңа.
Өнері жоқ, өнерсіз бұқараңа
Жаман сана ойлама адамыңа.
— Бермесең де аламын зорлықпенен,
Үш реттей адамды сұрадық сенен.
Қазармадан әскер aп шыққаннан соң,
Ақыр өзің берерсің қорлықпенен.
— Падишаға бұқара болдық баста,
Үйретсең ең баланы алып жаста.
Өнері жоқ халықты бере алмаймын,
Ерегессең, басымды алып таста.
Көп халайық бұл да тұр тобыменен,
Елу әскер бұл да тұр шоғыменен.
Ерегесіп, сөз қызып келгеннен соң
Көзінен қорықпады оғыменен.
– Апарғын абақтыға, — деді сонда,
Стражнік жүгіріп келді сонда.
Стражнік келді де сүйреледі,
Тигізбестен аяғын анда-мұнда.
Қаптай басып ел келді үстеріне,
Тартып алмақ мінісіп күштеріне.
Найза, мылтық қарудан дәнеме жоқ,
Бір-бір тасты тығысып мүштарына.
Ұлық келіп көп жұртқа тоқта деді,
Ұл туар деп Ұзақтан қорықпа деді.
Ертең түсте шығарып қоя берем,
Ұрыс шығарып түспегін сотқа деді.
Шығарып ап сөйлескін ертең деді,
Жақсы көред баршаңды берсең деді.
Апармайды ұрысқа адамыңды,
Қызметке салады сенсең деді.
Жұрт сенбеді бұл сөзге айтқанменен,
Бір алған соң бізге жоқ қайтқанменен.
Падишаға бұқараң рас болса,
Бала алмай қоймайды сірә сенен.
Ертең тағы ел келді кеңесуге.
Қоя берді Ұзақты сөйлесуге.
Сөйлес тағы бала бер деді Ұзақ,
Сірә, тегі қоймайды бермесіңе.
Ұлық айтты сөйлесіп тағы келгін,
Тілімді алсаң қамданып бала бергін.
Әр болыстан жиылып кеңес қылып,
Ұзақтан басқаларың жауап бергін.
Әр болыстан жиылды бастық адам,
Ел билеуші ақылман сары табан. —
Бір сыпыра баланы бергеннен соң,
— Бермеймін деп ендеше сөз айталық,
Берместікке көңілді тоқтаталық.
Бер десең де бұқара болмайды деп,
Жақсылардың басынан жалтайталық.
Тұрлықожа, жауап бер, Айтбай деді,
Kөп халайық бірге бар, қайтпай деді.
Жаңабай мен Серікбай төртеулерің
Жауап айтқын тіліңді тартпай деді.
Халайықты төртеуі келді бастап,
Тұрлықожа сөйледі сөзді бастап.
— Бұқараға низамда зорлық жоқ деп
Айтушы едің, ұлықтар, әуел бастап.
Сіз ұлық, сіз-ай тақсыр, біз бұқара,
Әділет падишамыз тұрған сара.
Елу жыл тыныштықпен дәурен сүрдік,
Боп едік падишаға біз де бала.
Балаға оқу менен өнер керек,
Оқу, өнер білгендер болар зерек.
Жұртынан оқу, өнер үйретпестен
Өнерсіз пурас халық неге керек.
Ұрысқа енер білсе жарар еді,
Талпынып өзі дағы барар еді.
Өнері жоқ запоста өскен халық
Жауменен қайтіп ұрыс салар еді.
Қойдай қып жайып өріске таудан тауға,
Бұл халық көрген емес ұрыс-қауға.
Тым болмаса білмейді мылтық ату,
Ай тақсыр, апарасың қайтіп жауға.
Өнерсіз боп өссін деп мылтықты алдың,
Мылтықты ұстағанға қырсық салдың.
Өнерсіз босқа өскен бос халыққа
Бұл уақта кісі алам деп қысым салдың.
— Падишаңыз бұйырды бала бер деп,
Мен айттым өз тұсымнан тыңдағын деп.
Бұйрығына патшаның қарсы болсаң,
Падишаң қалай айтар бұқарам деп.
— Білдірсеңіз патшаға сөзімізді,
Еп қылды деп айтамыз өзіңізді.
Патшаға датымыздың бәрін жазып,
Ашсаңыз біз пақырдың көзімізді.
— Боласың қайтіп бұқара бала бермей,
Өлімге бұйырса да бара бермей.
Алмайды деп тұрмысың қиялында,
Кіреге ерте жиып сала бермей.
— Бұқараға зорлық жоқ деп айтушы едің,
Көнбесе көп халықты қайтуші едім.
Бұқараға низамсыз қорлық қылса,
Күнәлап абақтыға тартушы едің..
Қып жүрміз халімізше бұқаралық,
Ат, түйе, жылқыны алғын жәрдем салық.
Ат ойнату, білмейді мылтық ату,
Жаяу жүріп көрмеген пұрас халық.
— Бай емес қазынадан дәйім халық,
Алмайды ат, түйеңді жәрдем салық.
Падишаның бұйырған адамын бер,
Пұл, атын — қазынадан, барған халық.
— Ай тақсыр, сіз айтасыз бізге жауап,
Жақсы жүр бұқарадан қылып қауіп.
Сыртыңнан берем деген неше болыс
Қалды ғой Алматыда қаза тауып.
Келіп тұр қасыңызда бек көп халық,
Айтар деп бері келіп бізді салып.
Өзің айт бұқараңа, тақсыр ұлық,
Тілендік, тақсыр, сізден бек зарланып.
Берем десе бізді де өлтіреді,
Басымызға қазаны келтіреді.
Берем деп мөрің басып қойдың ба деп
Күнде келіп мазаны кетіреді.
— Көп халық, мына сөзі шын ба деді,
Сөзімді менің айтқан тыңда деді.
Бұл сөзің бұларға айтқан рас болса,
Әшкере жіберемін сынға деді.
— Бұл сөзі жақсылардың құдайға анық,
Бермейміз, тақсыр, саған адам салық.
Берем деген жақсыны құртамыз деп
Шулады жанның бәрі айқай салып.
Қоршалап ұлық отын алды халық,
Шулады бермейміз деп айқай салып.
Шулаған халайықтың даусын естіп,
Бір төре тұра алмайды дүрбі салып.
Суретке жиылған жұрт тартып бәрін,
Көп жұртқа сөйлемеді көріп әрін.
— Жақсылар, өздеріңіз жиылып тұр,
Халықты жия берме енді бәрін.
Планға сап көп жұрттан сурет алды.
Ұлықтарға жоғарғы хабарланды:
«Әскер жібер бұларға ұрысуға,
Ұрыс қылуға бұл халық даярланды».
Екі жүздей Жәркенттен келді әскер,
Мұны көріп халайық көңілі үркер.
Бермесе де әскермен алмақ болды,
Өзің сақта жаратқан пәруардігәр.
Құтылмапты алдаудан мына халық,
Әскер жинап жатса да казармандық.
— Қарақолға үш үйез бас қосады,
Барыңдар сол сиезге бастық халық.
Қарақолға үш үйез сияз құрар,
Қырғыз-қазақ бәрінен жауап сұрар.
Қырғыз-қазақ барлығы ақылдасқан,
Сол жерде үш дуанның басын құрар.
Әр болыстан жиылсын бастық адам,
Іс білуші кемеңгер сары табан.
...Мақұл көріп бұл іске бармақ болды
Арт жағының боларын білмей жаман.
Ұзақ барып бұл сөзге мақұл деді,
Бастықтарың болыстар, шақыр деді.
Қырғызбенен бірігіп, бас қосысып,
Сонан кейін қылалық ақыл деді.
Әр болыстар шақырды бастықтарын,
Бұл ұлық ойлап отыр қастықтарын.
Айласымен ұлықтың тұтқын болды,
Тым болмаса ап жатпай жастықтарын.
Тұрлықожа, Бекдайыр, Ұзақ келді,
Бастық адам бастарын құрап келді.
Әтейбек пен Жәмеңке ол да келді,
Алдағанын ұлықтың бір-ақ білді.
Әлжаннан шақырған соң Нүке келді,
Разақтың баласын ерте келді.
Әлер жерге адамзат күліп барар,
Барамыз деп бәрі де ентеледі.
Бидайшы, Таңатардан Жәмпейіс, Құрбан барды.
Көрдің бе оққа мойын бұрғандарды.
Алдауымен ұлықтың ұсталған соң
Не пайда тартқанменен қайғы, зарды.
Ұстады Аламаннан Жайшыбекті,
Неше маңғаз ұстады қаракөкті.
Бастық жанның бәрі де ұсталған соң,
Үйде қалған халықтан зәре кетті.
Ұстап келді Меркіден Әубәкірді,
Қайғы тартып халайық қатты аһ ұрды.
Тау мен тасқа халайық қашқын қылды,
Көргеннен соң ұлықтан жаман түрді.
Айдады Қарақолға салдатпенен,
Жақсы жылқы қоймай жүр жалды ат пенен.
Қылыш, мылтық, бесатар, найзаменен
Салдат шықты айдауға сәулетпенен.
Қарақолдың салдырды түрмесіне,
Басқа түссе пенденің көнбесі не?
Қандала мен бүргеге қамаған соң,
Көзі жетті халықтың келмесіне.
Қайта келіп ұстады Серікбайды,
Қалған жақсы бәріне тұзақ жайды.
Байқаусызда қалыппын үйде отырып,
Мен байғұс, тағы ұстады, Етекбайды.
Бес салдаттың бастығы Беренсопты,
Өзі шешен мықты еді сөзге епті.
Ұстаған соң еш жаққа бұрылмастан,
Жолдас қылып, кенбаштап алып шықты.
Әбдіқалық болысты қайда деді,
Соған қарай салдаттар айда деді,
Болады деп келемін қандай заман,
Бұл залымның қолынан қашсам егер.
Құтылар күн бар ма екен есен-аман?!
Әбдіқалық аулына барлық түнде,
Қашқын болып тұрмапты ол да үйде.
Ауылынан тінтісіп таба алмастан
Қонбақ болып түстік қой бір ақ үйге.
Ол ақ үйге кіргізді есік ашып,
Малын сойды қарбаңдап асып-сасып.
Екі салдат кенбайлап мені бағып,
Құдай сақтап құтылдым түнде қашып.
Әбдіқалық ұсталды тағы бір күн,
Ұстап жатыр жақсыны дүркін-дүркін.
Арыздасып, шуласып тау-тауда жүр
Қатын, бала ас ішпей үйде еркін.
Қатын, бала көрмеді ойын-күлкі,
Үй-жайы, босқа қалды жиған мүлкі.
Қатын, бала шуласып тау-тауда жүр,
Аршаға жасырынған құдды түлкі.
Қойда қойшы қалмады мал бағуға,
Тауда жүр киік ұқсас жан бағуға.
Шай орнына су ішеді, қорегі сол,
Түн баласы қорқады от жағуға.
Қой, жылқы, сиыр кетті аңға ұқсас,
Қатын, бала тау-таста бейне құшнаш.
Қысымына Некалай амал бар ма?
Мұсылманға күн тумас оған ұқсас.
Бесінде Қарақолдан келді шабар,
Қарақол бұзылды деп айтты хабар.
Қатты қырғын болды деп Ыстықкөлде,
Бейсенбі күн бесінде ұқтық хабар.
Қашқын келді тағы да кешке таман,
Қарақолға болды деп ақырзаман.
Түрмедегі бенденің бәрін қырды,
Абақтыңа қалмады еш жан аман.
Қашқын келді артынан тағы тынбай,
Қырылған жан есепсіз басқан құмдай.
Арыздасып, шуласып қош айтысып,
Таң атырдық тау-таста шулай-шулай.
Жәрмеңкеде бар еді үш жүз салдат,
Албаннан қоймай алған жақсы жалды ат.
Босқа жатқан қой, жылқы, сиырды алып,
Ауылды аралады келіп салдат.
Малға қосып үй-үйден үпті алды,
Тігулі үйге келіп отты салды.
Малды алып, үйді өртеп болғаннан соң
Қазан менен ошақты шағып салды.
Қазан-ошақ қирады, үй жайпалды,
Малдың басын салдат aп бұл бай болды.
Бұл салдаттан күдерді үзгеннен соң,
Қалың Албан жиылып сөзге салды.
Кісі салды бұл Қытай бізді ала ма,
Ыстықкөлде орыспен қырылысып,
Қырғыз келді үстіне сол арада,
Қытай келіп шерігі бұл тоқтады.
Бастықтарың қырылған сотты деді.
Алады ма сіздерді, алмайды ма?
«Таутан шаңкей» айтайық бұтқа деді.
Күрсіні aп артымыздан салдат жетті,
Қырғыз-қазақ көрген соң есі кетті.
Күрсі, мылтық астына алғаннан соң,
Мұсылманды көп қырып әлсіз етті.
Қырғыз-қазақты сол жерде әлсіз етті,
Текес пен Ағпардан қаптап өтті.
Өткелсіз жол таба алмай суға түсіп,
Қатын, бала көбісі суға кетті

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?