Шәкәрім Құдайбердіұлы (Ләйлі - Мәжнүн)

 Шәкәрім Құдайбердіұлы (Ләйлі - Мәжнүн)

Біле ме біздің қазақ ғашық жайын,
Ұқсаңыз, білгенімше сипаттайын.
Ғашықтық — махаббаттың ең күштісі,
Жүрекке қатты орнығар басқан сайын.

Әркімде ондай ғашық жаралмайды,
Шын асыл көп халыққа таралмайды.
Мәжнүннің Ләйлә менен сыры қиын,
Еш адам байыбына бара алмайды.

Талай жан оның жайын ұға алмаған,
Ойсыздың жүрегіне жұға алмаған.
«Тез оңар, әсіреқызыл болмаған соң,
Әр елге өлең болып шыға алмаған.

Бұрынғы бәйітшіні білемісің?
Мен айтсам, оның кім деп күлемісің.
Сабырбай, Жанақ, Шөже, Кеншімбай деп,
Түк білмей онан өзге жүремісің.

Науаи, Сағди, Шәмси, Фзули бар,
Сайқали, Қожа Хафиз, Фердаусилар.
Бәйітші, елден асқан шешен болып,
Әлемге сөздің нұрын жайған солар.

Мәжнүннің Ләйләменен аз жұмысы,
Әне сол шын ғашықтың қылған ісі.
Бұлардың әпсәнәсін жазған адам —
Фзули Бағдади деген кісі.

Ондай ғып еш бәйітші жаза алмаған,
Нақышын шын келтіріп қаза алмаған.
Кітабын Фзулидің іздеп тауып,
Кез болды былтырғы жыл азар маған.

Мен оның келтіре алман мыңнан бірін,
Айтуға тіл жетпейді тәтті жырын.
Мәжнүннің атын білер, жайын білмес,
Қазаққа ұқтырайын біраз сырын.

***
Ғарапта бір бай болды дәулеті асқан,
Саудасы әр патсамен араласқан.
Құдайдан бір мирасқор бала сұрап,
Малының садақаға көбін шашқан.

Бай еді қайыры мол, бек қабағат,
Тіледі бала бер деп көп жамағат.
«Көп тілегі— көл» деген мақалдайын,
Болыпты бәйбішесі екі қабат.

Босанып есен-аман, бір ұл тапты,
Жан-жаққа сүйіншіге кісі шапты.
Жақсының тойға келген бәріне де,
Ас қылып ат мінгізіп, шапан жапты,

Қайыс деп сол баланың атын қойды,
Қуанып неше түрлі қылды тойды.
Қырық күндей кедейлерге тамақ беріп,
Меккеде талай түйе — құрбан сойды.

Келбеті бұл баланың өзгеден жат,
Бір көрсең, көргің келер неше қабат.
Бетінде бек сүйікті бір нұры бар,
Қыласың ықтиярсыз шын махаббат.

Балқытар жылы жүзі сүйегіңді
Бергендей аса мұқтаж тілегіңді.
Неге жақсы көргенің мағұлым емес,
Арбап тұр нұрлы жүзі жүрегіңді.

Баланың қырқы толып өтіп еді,
Тойдың да тарқар кезі жетіп еді.
Шырқырап бала жылап қоя берді,
Қатындар тойға келген кетіп еді.

Көтерді уата алмай қолына алып,
Ойлайды қалды ма деп науқас шалып.
Бар екен әлем асқан бір дәрігері,
Әкелді соны біреу жылдам барып.

«Баланың,— деді дәрігер,— дені таза,
Науқасын білмей калсам, менде жаза.
Бір түрлі жүрегінде қайғысы бар,
Білмеймін не себептен болды наза.

Көтерсін бұл баланы даяшы қыз,
Сыртынан байқап отыр өздеріңіз.
Көшеде балалармен алдандырсын,
Болмаса біле алмадық мәнісін біз».

Баланы даяшы қыз алып жүрді,
Артынан ата-анасы қарап тұрды.
Көтерген бір баланы даяшыға
Құдайым әлгі қызды жолықтырды.

Көрген соң бірін-бірі жақындасты,
Баланы уатуға ақылдасты.
Қолында екеуінің екі бала,
Біріне-бірі қарсы бетін ашты.

Баласы оның-дағы жылайды екен,
Көтеріп уатқаны ұнайды екен.
Балалар жылағанын қоя қойды,
Себебі бар нәрсенің Құдайда екен.

Үйіне даяшы қыз қайтып келді,
Қалайша уатқанын айтып келді.
Тағы да ертең түсте жылаған соң,
Қайысты қыз қолына қайтып берді.

Базарға даяшы қыз тағы барды,
Біреуді бала уатқан тауып алды.
Баланың бетін ашып көрсетсе де,
Шырқырап онан жаман ойбай салды.

Сол кезде кешегі қыз келді тағы,
Баласы зар қағып жүр қолындағы.
Қайысқа бетін ашып көрсетеді,
«Жылауын қоя ма екен» деді-дағы.

Жүрген соң бірін-бірі жақындасып,
Уанды екі бала мауқын басып.
Күн сайын сол арада жолықпаққа,
Екі қыз уағда қылды сөз байласып.

«Ата мен жөн сұрастық анамыздан,
Көтерген таныс болдық баламыздан.
Бала кім қолыңдағы?»—деп сұрады,
Қайысты көтерген қыз ана қыздан.

«Бұл бала бір төренің жалғызы еді,
Демесең айыбы әйел хан қызы еді.
Өзіммен осы бала туған бөле,
Төренің менің шешем балдызы еді.

Қырық күнге туғанына жаңа толды,
Шешесі сіздің тойда үш күн қонды.
Жылаған емес еді одан бұрын,
Келген соң тойдан қайтып былай болды:

Бұл қыздың, сұрасаңыз, аты – Ләйлә,
Біз таптық жылағанға мұндай айла.
Далада күнде бүйтіп отырмалық,
Бір үйден күндіз кірер пәтер сайла».

Бір кемпір есітіп тұрды сөздің бәрін,
Шақырды «мұнда кел,— деп, – балаларым,
Балам жоқ, байым өлген, үйім иесіз,
Отырсаң қалай кіріп, ықтиярың.

Үйімде алағызып тұра алмаймын,
Мен байғұс үй қыдырып жүре алмаймын.
Күн сайын жас баланы бір иіскет,
Сендерден одан басқа түк алмаймын».

Қайысты кемпір алып сүйіп еді,
Тал бойы жас балаға иіп еді.
Жіберді сүт сорғалап емшегінен,
Баланың қолы барып тиіп еді.

Іс болды таң қаларлық мұның өзі,
Мінеки сондағы айтқан кемпір сөзі:
«Жан берген қара тасқа, құдайым-ай!
Жетеді құдіретіңе кімнің көзі!

Елуге кемпір едім жасым жеткен,
Сорлы едім бала көрмей зарлап өткен.
Тамыры құрып қалған тас желіннен
Сүт ақса мұнан бұрын қайда кеткен?

Сәлем айт бұл баланың анасына,
Болайын мен күтуші баласына.
Емшектен босағанша маған берсін,
Тапсырып бір Алланың панасына.

Таптым ғой, таппасам да Қайысты мен,
Қоймай ма мұны көрсе өзі де ден.
Көзімнен осы бала таса болса,
Маған жоқ бұл тіршілік, сөзіме сен.

Қайысты маған берсін, асырайын,
Жалынып аяғына бас ұрайын.
Пұшпағым қанамаған бір сорлы едім,
Сырымды енді қайтып жасырайын.

Сөзімді ұмытпай айт бара сала,
Көрсетті құдіретін Хақ тағала.
Көзіме жас, кеудеме сүт толтырып,
Жібіткен тас емшегім осы бала.

Баладан мені айырып зарлатпасын,
Көзімнен қанды жасты парлатпасын.
Тағдырдың жазуына қарсы келіп,
Біреудің қанын жүктеп қарғатпасын».

Ләйләні көтерген қыз қайран қалып,
Құлағын осы сөзге тұрды салып.
«Мұны да бір емізіп беріңіз» деп,
Кемпірге жақын келді баланы алып.

Ләйләні кемпір қолға алған шақта,
Көңілі тағы емізіп байқамақта.
Емшектің сүті түгіл өзі құрып,
Қайтадан бұрынғыдай болды тақта.

Қайысқа және емізсе, сүті дайын,
Кетеді бұлақ болып сорған сайын.
Дегенде қыз емейін, дәнеме жоқ,
Қайран боп біле алмады мұның жайын.

Бұл кемпір ұрғашыдан туған зерек,
Кісі екен оқымысты жөні бөлек:
«Екеуін бір емшектен емізбеске
Алланың бір хикметі болса керек».

Ойлады осылай деп кемпір ғарып,
Тағдырды шеше алады кім басқарып.
Екі қыз көргенінің бәрін айтты,
Баланы үйді-үйіне алып барып.

Мұны есітіп ата-анасы ақылдасты,
Кемпірге бермек болды Қайыс жасты:
«Кешегі біз сықылды бейшара екен,
Зарлатып қойғанымыз жарамас-ты».

Қайысты ата-анасы қасына алды,
Кемпірдің қақпасына қарай салды.
Зарлының зарлы жайын біледі екен,
«Құдайға тапсырдым» деп алып барды.

Қолынан әкеп берді өз баласын,
Бұлардың ақылына таң қаласың:
«Мал аяр деп ойлама, тартынбай айт,
Бәйбіше, сүтақыңа қанша аласың?»

«Емеспін бас болмаса, дүниеге зар,
Бес жүз қой, осы күнде жүз түйем бар.
Қайысқа менің сүтім қарыз емес,
Сол малды қайта сіздер алыңыздар.

Жоқ еді бұрын менің мирасқорым,
Басымнан Қайысты алып кетті сорым.
Оллаһи, маған малдың керегі жоқ,
Ол малға ие болмақ сіздерге орын.

Сөзіме куә болсын қауымым да,
Білемін бұл сіздерге ауырын да.
Малменен енді менің жұмысым жоқ,
Болады Қайыс болса бауырымда».

Десе де «мал алмаймыз», болмайды бір,
Қазыға есептетіп жазғызып жүр.
Қойыпты тамам малын Қайысқа арнап,
Ал енді Ләйлә жайын тыңда да отыр.

Жылады Ләйлә тағы ертең түсте,
Жолыққан ол бала да мұндай іске.
Кемпірге даяшы қыз алып келіп,
Уатты сол арада азар күшке.

Қайыстан бір тынбайды кетсе жылап,
Байқады анасы да әбден сынап.
Оны да сол үйге әкеп асыратты,
Әкесі шешесі мен қабат ұнап.

Ер жетті екі бала сонда тұрып,
Жасынан тату болды бірге жүріп.
Балалар тоғыз жасқа толғаннан соң,
Апарды үйлеріне киіндіріп.

Мектепке оқысын деп берді екеуін,
Молда да баласындай көрді екеуін.
Бірі бай, бірі төре жалғызы деп,
Қадірлеп ардақтайды ел де екеуін.

Барады екі уақыт сабағына,
Қайтады мезгілімен тамағына.
«Бұларда махаббаттың нұры бар» деп,
Қарайды жанның бәрі қабағына.

Отырса сабақ оқып өңкей бала,
Қайысқа Ләйлә келер тұра сала.
«Мына бір сабағыңды ұмыттың»— деп,
Өтірік бір оқуға жабар жала.

Сондайды сылтау қылып сөз қатады,
Іштегі ғашық неге тек жатады.
Хат жазса, «мына жазу дұрыс па» деп,
Біріне-бірі апарып сынатады.

Теріс деп таласқансып шындасады,
Бірі оқып, кейде бірі тыңдасады.
Қапыда балалардың көзін алдап,
Сөйлесіп қабағымен ымдасады.

Тесіліп оңашада қарасады,
Есінен, көп қараса, адасады.
Бір болса іші қандай, тысы да бір,
Сықылды егіз бала жарасады.

Кітабын ұмытқансып тастап кетіп,
Келеді іздеген боп қайта жетіп.
Көріспек, сөйлеспекпен бар ынтығы,
Нәрсені неше түрлі сылтау етіп.

«Ау» дейді, «Қайыс» десе Ләйлә келіп,
Жауапты Ләйлә үшін Қайыс беріп.
Жұмысы күні бойы — осындай іс,
Айтайын қайсы бірін түгел теріп.

Ғашықтық өсе берді барған сайын,
Бүлардың әркім білді осындайын.
Ләйләні жібермеді сабағына,
Шешесі естіген соң қыздың жайын.

«Он үшке жаңа келдің, балам,— деді,
Сөзім бар айтатұғын саған, — деді.
Біреуге жас басыңнан болдың ғашық,
Анықтап айтты біреу маған, — деді.

Сабаққа жібермеймін енді сені,
Халқыма қарамастай қылдың мені.
Сен түгіл үлкендерге лайық емес,
Шығардың ойымда жоқ неменені?

Түсіп ең әлдекімнің алдауына,
Сабаққа себеп болды бармауыңа.
Егерде бұл мінезді тастамасаң,
Кесемін, қолыңды әкел, байлауыма».

«Әжеке-ау, ғашық деген қандай жұмыс,
Білмеймін мағынасын, айтшы дұрыс.
Оқуды ғашық деген оқығам жоқ,
Ұқтырып бұл сөзіңді байқап ұрыс».

«Білмесең онан арман тіпті білме.
Білсең де білгізбеспін саған мүлде.
Сөзімнің ғашық деген мағынасы —
Еркекпен жас басыңнан ойнап-күлме».

Шошыды сонда Ләйлә есі шығып,
Айтқанын шешесінің әбден ұғып.
«Мұнан да жерге кірген жақсы ғой» деп,
Ұялып сырт айналып кетті бұғып:

«Ұядан жаңа шыққан қаз едім ғой,
Ұға алмай бағанадан наз едім ғой.
Сөз еді бұ не деген, сұбхан алла!
Ондайдан құдайға хақ, таза едім ғой.

Әжеке-ай, көп емеспін, жалғыз едім,
Болсам да жақсы-жаман хан қызы едім.
Қойғандай көзің көріп сөз айтасың,
Артымнан мені қашан аңдып едің?

Әжеке-ай, ашуланып, налып айттың,
Зар-күйің біржолата салып айттың.
Құдайдан сұрап алған жалғызыңа
Бұл сөзді қайтып аузың барып айттың?

«Қарағым, бұл сөзіңе мен не дейін,
Демеймін жалғыз сені кемітейін.
Әншейін үйде отырып ісіңді қыл,
Сабаққа бармай-ақ қой мұнан кейін.

Серт қылдым енді сені шығармасқа,
Балам жоқ ермек қылар сенен басқа.
Емессің еркек бала молда болар,
Жетеді осы оқу да сендей жасқа».

Соны айтып шығармады қызын үйден,
Ләйләге осы жұмыс қатты тиген.
Қыз жиып күндіз алаң болса-дағы,
Түн болса ұйқы көрмей жанып-күйген.

Сабаққа қиын болды бармағаны,
Көрмекке Қайыс еді арнағаны.
Ләйләнің ғашық оты ішін өртеп,
Бір үйде жалғыз жатып зарлағаны:

Ай нұры да азаяр,
Айнала шеті толған соң.
Ақ жүзіңнен нұр таяр,
Арманда болып оңған соң.
Оңбасыңа амал жоқ,
Қызыл гүлің солған соң.
Махаббаттан жаман жоқ,
Бір айрылмақ болған соң.
Кешегі біздің күн қайда,
Күнде жайнап жүретін?
Ойлағанмен не пайда,
Медресе қалды кіретін.
Қас пен ғана қабақтан
Ымдағанды білетін.
Хайла қылып сабақтан,
Қайыс жоқ ойнап-күлетін.
Өшірілмей түнде шам,
Өз үйім болды абақты.
Қайысты көріп отырсам,
Оқымай-ақ сабақты.
Ғашықтық оты алдыма
Жасымнан тартты табақты.
Жайнаған өмір қалды ма,
Қақтырмай-ақ қабақты.
Мен зарладым бұл жерде,
Қайысқа үнім жетер ме?
Жалынсам соққан желдерге,
Сәлемімді алып кетер ме?
Біз сықылды зарлыға
Алласы рахым етер ме?
Көзім жетпес алдыма,
Осымен өмір өтер ме?
Қайысым, саған не қылдым,
Жан, жүрегім сенде тұр.
Сен не сездің, не білдің,
Сенің жаның менде тұр.
Менің жаным өзіңде,
Менде құры кеуде тұр.
Екі көзім көзіңде,
«Бір көрейін» деуде тұр.
Көзімді жұмып жатайын,
Түсші келіп ойыма.
Жанымды алшы, сатайын,
Тал шыбықтай бойыңа.
Көңіліме нұрың келгенде,
Кіргендейсің қойныма.
Тілегімді бергенде,
Тойдым қашан ойныңа.
Қосылмадым, қосылдым,
Айта алмайсың бекер деп.
Қосылуға шошындым,
Жалыным өртеп кетер деп.
Жанымды аяп қалмадым,
Өзіме залал етер деп.
Аузыңнан сүйіп алғамын,
Осыным да жетер деп.
Мен тартайын уайымды,
Мұнымды Қайыс білмесін.
Осы көрген жайымды,
Ол есітіп жүрмесін.
Қабағын шытып қамығып,
Қайғылы өмір сүрмесін.
Мен сорлыны сағынып,
Медіресеге кірмесін.
Кіріп барса Ләйлә жоқ,
Қайысым қайтіп шыдасын.
Ләйләсіз жерде пайда жоқ,
Осыған не амал қыласың!
Суретімді сонда қыл,
Құдіреті күшті құдасың.
Суретке бер және тіл,
Мен екен деп ұнасын.
Соған тұрса жұбанып,
Жалынға жанып жатайын.
Қайысым жүрсе қуанып,
Қайғысын мен-ақ татайын.
Ғашықтықтың дертіне
Күн сайын әрі батайын.
Жетпек болсам сертіме,
Ол үшін жанды сатайын.
Қиындық па, қызық па,
Білемісің сырымды;
Алла жазған сызық па,
Көремісің түрімді.
Бағасын ешкім біле алмас,
Рахатқа бермен мұнымды.
Жан переуат қыла алмас,
Осы көрген күнімді.

***
Мектепке ертең ерте Қайыс барды,
Жан-жаққа Ләйләні іздеп көзін салды.
Сабаққа келмегенін есіткен соң,
Ғашыққа шыдай алмай талып қалды.

Молда да, балалар да қайран қалып,
Үйіне науқас па деп қойды апарып.
Су бүркіп, гүлмен желпіп ата-анасы,
Отырды Қайыс есін жиып алып.

Айналды ата-анасы баладан кеп,
Ғарыптар зарланып жүр уайым жеп.
Табипқа жібергелі жатыр еді,
Баласы безек болды «жіберме» деп:

«Дәрігерге қаратпаймын жын қақса да,
Дертімді ойымдағы шын тапса да.
Құдайдан басқа менің дәрігерім жоқ,
Бұл дерттен жазылмаймын кім бақса да.

Байқайын серуендеп тауға шығып,
Сабаққа ішім пысты тым қыстығып.
Осыдан Құдай оңдап жазылмасам,
Сіздерден науқасымды қойман тығып».

Жалма-жан жабдық-сайман жиып жатыр,
Құрбысы, құлы қайда — бәрін шақыр.
Елсізге шығып алып Қайыс жатты,
Бір сайға тігіп алып алтын шатыр.

«Ләйлә» деп зарланады ұзақ түнге,
Жүдеді қайғысы асып күннен күнге.
Ғашықтық ішін өртеп диуана боп,
Қор болып адамдықтан шықты мүлде.

Бір күні әкесіне берді хабар,
Жиылды өңкей құрбы байбатшалар.
Ата-ана, елі-жұрты — бәрі барып,
Қайыстан «қалайсың?» деп сұрайды олар.

«Демеңіз, халқым, мені құдайға шет,
Ата-анам хақыңды кеш, мархамат ет.
Дауасы науқасымның сіздер емес,
Аман бол, үмітіңді үз, қасымнан кет.

Дертіме табылмайды сізден айла,
Кісендеп, жынды десең, мені байла».
Аузынан «аһ» дегенде жалын шығып,
Деді де талып кетті «Ләйлә! Ләйлә!»

Ел білді науқасының не екендігін,
Байқады дерті қатты, бекемдігін.
Ләйләні сұрай барды жұрт жиылып,
Білген соң шыны ғашық екендігін:

«Болыпты Қайыс ғашық балаңызға,
Көз көрмей өтірікке нанамыз ба?
Жасында көріспесе жылаушы еді,
Ойлаңыз соны салып санаңызға.

Ләйләні жынды болды көрмеген соң,
Жаны бар кеудесінде өлмеген соң.
Құдайым іштен туа қылды ғашық,
Екеуі қабат өлер, бермеген соң».

Бұл сөзге әкесі айтты: «Көнбеймін, – деп,
Өлсе де жалғыз қызым, өлмеймін, – деп.
Бұл үшін, халқым, маған өкпелеме,
Қызымды бір жындыға бермеймін», – деп.

Ләйләні бермегенін Қайыс білді,
Өткізді жылауменен күндіз-түнді.
Сауыққа, ұйқы, тамақ бір қарамай,
Айрылып ақылынан болды жынды.

Жалындап ғашық оты өртеді ішін,
Сол қайғы ақылы мен алды күшін.
Ғарапша «мәжнүн» деген — жынды демек,
«Мәжнүн» деп ат қойылды соның үшін.

Бұл дертке ем ойлайды жұрттың бәрі,
Бар екен бір қария адамдары:
«Құшақтап Байтолланы тілек қылса,
Көңілінен шығар, – дейді, – ғашық жары».

Мәжнүнге елі-жұрты түгел барды,
«Мекеге жүріңіз» деп көп жалбарды.
Халқы мен ата-анасы зарласа да,
Олардың тілін алып бармай қалды.

Көнбеді Байтоллаға апармаққа,
Бұл хабар жайылыпты шартарапқа,
Баяғы асыраған сорлы кемпір,
Сол естіп іздеп келді Мәжнүн жаққа.

«Көзіңнен айналайын, Қайысым-ай,
Қарлыққан сені жоқтап дауысым-ай!
Жібіткен қара тасты, қарашығым,
Дүниенің көз жұмғанша ауысуы-ай!

Жатыр ем науқастанып есім жимай,
Кеудеме кетті есітіп қайғым сыймай.
Қарағым, тілегімді беремісің,
Көзімнің қоямысың жасын тыймай.

Мекеге тілімді алып барамысың,
Анаңды көрнеу отқа саламысың?
Ләйләмен бірге өсірген қарызым бар,
Қақымды мойныңа алып қаламысың?»

Зарлады осылай деп кемпір ғарып,
Сүйегін соның сөзі кетті жарып.
«Жылама, сорлы анам,— деп айтты Мәжнүн, –
Хақыңнан құтылайын Меке барып».

Мекеге алып барды ата-анасы,
Көзінен тия алмайды аққан жасын.
Мәжнүннің зарлап айтқан сөзі мынау,
Құшақтап Байтолланың босағасын:

«Арғы атам — Адам Ата, хақ пайғамбар,
Айрылып Хауа Анадан болыпты зар.
Дұғасын осы арада қабыл қылдың,
Бере көр тілегімді паруардігар!

Шығарма Ләйлә дертін жүрегімнен,
Айырма ғашық отын сүйегімнен.
Зарлатып өмірімде күйіп-жанғыз,
Өзімнің болды дейін тілегімнен.

Ләйләнің мен алмасам құрметті атын,
Көңіліме қатты бекіт махаббатын.
Жолдасым — бейнет болсын, жауым — рахат,
Көп тартқыз ғашықтықтың михнатын.

Күн сайын рахатымды қашыра бер,
Дертімді жалындатып асыра бер.
Көп жүргіз, бейнет көргіз, жасымда алма,
Қайғының ең ауырын басыма бер!

Қорықпаймын жас күнімде өлемін деп,
Айтамын бір Ләйлә үшін көнемін деп.
Бір Алла, рахметіңмен уағда қылдың,
«Пендеме, шын тілесе, беремін» деп.

Жалғанда жануменен өткізе көр,
Тыныштық, рахатымды кеткізе көр.
Дүниеде қосылуға жазбасаң да,
Өлген соң мұратыма жеткізе көр!»

Мәжнүннің осы болды бар тілегі,
Ләйләден басқа да емес жан жүрегі.
Ел-жұрты, ата-анасы күдер үзді,
«Бұл дерттен жоқ екен, – деп, – түзелмегі».

Қайтадан елге жүрді қадам басып,
Күн сайын жынды болды қайғысы асып.
«Аң болып айдалада жүремін» деп,
Айрылды халқыменен амандасып.

Жалынған қарамады сөздеріне,
Жабылса бой бермейді өздеріне.
«Ата-ана, елі-жұртым аман бол» деп,
Көрінбей кетті алыста көздеріне.

Қаңғырып шығып кетті елсіз жерге,
Кез болды осындай дерт қайран ерге.
Адамнан аң сықылды көрсе қашып,
Қосылды даладағы киіктерге.

Елсізде аңмен бірге қаңғырыпты,
Тау мен тас дауысына жаңғырықты.
Жартаспен жаңғырыққан жауаптасып,
Лебізі тиген жерді жандырыпты.

«Әй, жартас, мен айтқанды сен де айтасың,
Дертімді мазақ қылып ұлғайтасың.
Ләйләнің менен өзге ғашығы жоқ,
Ұқтыршы, сен Ләйлә деп кімді айтасың?

Сенің де Ләйлә деген жарың бар ма,
Ішінде мен сықылды зарың бар ма?
Атама ғашығымның құрметті атын,
Ынсап қыл, рахым, ұят, арың бар ма?

Жандырма жанып тұрған жүрегімді,
Ерітпе атын айтып сүйегімді.
Ләйләнің атын жалғыз мен атайын,
Зарлатпа, бер жалынған тілегімді?

Сенің де жарың болса Ләйлә аттас,
Қайғылы сорлы болсаң өзім заттас,
Сен неге қанды жасты ағызбайсың,
Болып па ең ғашығыңның дертінен тас?

Көрмеймін көз жасыңның парлағанын,
Кеудеңнің біліп тұрмын жанбағанын.
Қайғылы бір ғарыпты мазақ қылып,
Жарай ма ғашықпын деп алдағаның?»

Соны айтып Мәжнүн жылап зарлағанда,
Көзінен қанды жасы парлағанда,
Ұшқан құс, жүгірген аң шыдай алмай,
Жиылып тұс-тұсынан аңдағанда.

Оларға мұңын айтса зарландырып,
Баршасы жабырқайды тыңдап тұрып.
Аңменен әбден үйір болып алып,
Шөп оттап, су ішеді бірге жүріп.

«Ләйлә» деп зар қағады күндіз-түні,
Жылайды аң шуылдап шыққанда үні.
Аңның да ақылы бар, хал, тілі бар,
Жалған деп ойламаңыз, сірә, мұны.

Сол кезде бір саятшы қақпан құрып,
Бір киік ілініпті оттап жүріп.
Көрген соң киікті үстап алғандығын,
Шыдамай келді Мәжнүн зыр жүгіріп.

Жалынып саятшыға жетіп барды:
«Ағатай, мен де осындай едім зарлы».
Оқалы алтындаған тонын беріп,
«Өзімдей ғарып қой» деп киікті алды.

Аңшыдан алды сатып киім беріп,
Мәжнүннің кетті киік соңына еріп.
Ұстаған бір көгершін және біреу
Жолықты қарсы алдынан кездей келіп.

Қолынан алтын жүзік берді-дағы,
Босатып қоя берді оны тағы.
Киік пен көгершінге бас ұрады,
Зарланып мұңын айтып ойындағы.

«Сендерге сыр айтуға ұяламын,
Адасқан ақылымнан диуанамын.
Залалсыз бір ғарыппын, менен қашпа,
Аңға ерсем, адамға ермей, уанамын», —

Дейді де екеуіне кетеді еріп,
Шөп жейді хайуанша жұлып, теріп.
Мәжнүннің сырын біліп аң қашпайды,
Құдайым оларға да ақыл беріп.

Сонымен жүре тұрсын елсіз сайда,
Баяғы зарлап жатқан Ләйлә қайда?
Азғана сол туралы сөз айталық,
Ол байғұс жатыр екен қандай жәйда.

Мәжнүннің ғашығымен күйіп-жанып,
Көрмейді ұйқы, тамақ мейірі қанып.
Бір түні ай жарықта тысқа шығып,
Білдірмей еш адамға жүр зарланып.

Сөйлесті аспандағы айды көріп:
«Жүресің жердің жүзін сен тексеріп.
Бір түнде дүниені шарқ ұрасың,
Мәжнүннен қуантсаңшы хабар беріп.

Қайда жүр, тірі жүр ме, не қылып жүр,
Ішімді ғашық оты жандырып тұр.
Болсаң да сен де мендей күнге ғашық,
Нұрымен жарқырайсың, жанбайсың құр.

Күн ғашық саған-дағы салды нұрын,
Бар ма еді өзіңде нұр онан бұрын.
От салды жүрегіме менің Мәжнүн,
Аузымнан шықты жалын, көрдің түрін.

Мұнан соң барды аяңдап тоғай жаққа,
Жеміс пен ағаш еккен бау-шарбаққа.
Түндегі жылы желдің лебізімен
Сөйлесті жасыл гүл мен жапыраққа:

«Жылы жел, ғашығымның лебіндейсің,
Сен мені не білесің, не білмейсің.
Желменен сыбырласқан жапырақтар,
Шын ғашық болсаң неге егілмейсің?

Түн болса дымқыл шықпен буланасың,
Өтірік ғашықпын деп қуланасың.
Қан ағыз ғашық болсаң жас орнына,
Егіліп жыламайсың, суланасың.

Жел, сен де ғашықпын деп дау қыласың,
Кей-кейде көзден жаңбыр жауғызасың.
Жасылдың жерге біткен бәрі жарың,
Көңіліңді әркімге бір ауғызасың.

Кейде сен жапырақты ұн қыласың,
Аямай қызыл гүлді сындырасың.
Соғасың кейде жұмсақ, кейде қатты,
Құбылып кімнің көңілін тындырасың».

Сөйлесті онан кейін жұлдыздармен,
«Жаным-ай, көрдің бе, — деп, – Мәжнүнді сен.
Жарымды жаным сүйген бір көре алмай,
Сұрайын бір хабарын көрінгеннен.

Ей, жұлдыз, түнде тудың, күндіз батып,
Қасыңды кімге ымдайсың қимылдатып.
Ғарыппын мен де өзіңдей тұтқындағы,
Зарлаймын күні бойы үйде жатып.

Қаптайсың түн болғанда көктің жүзін,
Сорлымын қатты тартқан қайғы сызын.
Сендерге дүниеде таса жер жоқ,
Мәжнүннің тым болмаса көрсетші ізін!»

Бір жұлдыз ағып еді жерге таман,
Дегендей қуанады «жарың аман».
Жүріпті жұлдыз аққан жаққа қарай,
«Жобасын көрсетті-ау, – деп, – осы маған».

Алдында бір адам тұр қараңдаған,
Сескеніп Ләйлә жақын бара алмаған.
«Досым ба, дұспаным ба, кім біледі,
Байқамай жарамас, – деп, – арандаған».

Ол келген Мәжнүн екен Ләйләні іздеп:
«Ғашығым, ойлап па едің көреміз», – деп.
Ләйлә айтты: «Аманатыңды ал, қарағым,
Мұнан соң тірі көрмен, күдер үз», — деп.

Ойлады қызға жақын барайын деп,
Құшақтап бір сүйдіріп қарайын деп.
Көрем бе, мұнан кейін көрмеймін бе,
Сақтаулы аманатты алайын деп.

Барады, жақындаса, жанып-күйіп,
Денеге болар емес дене тиіп.
Екеуі шыдай алмай талып кетті,
Аузынан алған екен бірер сүйіп.

Көрдің бе шын ғашықтың анық жайын,
Іштегі от дәуірлейді барған сайын.
Бұл жерде екі ғашық жата тұрсын,
Батырдан Науфал деген сөз бастайын.

***
Ғарапта бір батыр бар Науфал атты,
Ұстаған шариғаттың жолын қатты.
Қайдағы қайғысы көп ғарыпты іздеп,
Соларға қылады екен мархаматты.

Жалғыз-ақ шариғатты мықты ұстайды,
Өлсе де оған қарсы іс қылмайды.
Шықпайды адалдықтан қылдай тайып,
Алса да басын кесіп, бұрылмайды.

Мұңлы үшін жанын отқа салады екен,
Қасына әскер ертіп алады екен.
Бір жерде зорлық көрген жан бар десе,
Ерінбей әдейі іздеп барады екен.

Мәжнүннің ата-анасы жүрді зарлап,
Ізденіп ем таба алмай елді шарлап.
Науфалға кемпір бастап алып барды,
Кісідей суға кеткен талды қармап:

«Ей, батыр, атың шыққан жер-жиһанға,
Қайдағы болысушы ең ғарып жанға.
Ісі хақ, шариғатқа түзу болса,
Таяныш болушы едің жығылғанға.

Ғадалат, рахым қонған жүрегіңе,
Ну біткен тумай тұрып сүйегіңе.
Кем-кетік бейшараның әкесіндей,
Жеткізбей қоймаушы едің тілегіне.

Зарланып келіп тұрмыз алдыңызға,
Бір балам ғашық еді хан қызына.
Қайғыдан қаңғып кетті диуана боп,
«Жынды» деп бермей қойды жалғызыма.

Екеуі ғашық болды туа сала,
Көрмесе жылайтұғын болды бала.
Халқымнан сұрасаң да, сөзім рас,
Осындай күйге салды Хақ тағала.

Қаңғырып айдалаға кетті балам,
Өмірі қорлықпенен өтті балам.
Осыған құдай үшін мархамат қыл,
Сарғайып өлер халға жетті балам».

Орнынан Науфал сонда атып түрды:
«Батырлар, қайдасың? — деп бір ақырды,—
Жаны үшін жаным құрбан балаңа» —деп,
Әскерін ертіп алып Науфал жүрді.

«Жалғыз-ақ болсын, — дейді, — сөзің рас,
Жаралған сондай іске бұл ғарып бас.
Жолына шариғаттың ісім түзу,
Құдайым болса жәрдем, ол құтылмас».

Мәжнүнге кешікпей-ақ жетіп барды,
«Жарыңды әперем» деп ертіп алды.
«Қырамын, қыз бермесе, тұқымын» деп,
Ләйләнің әкесіне хабар салды.

О-дағы намыс қылды кызын бермей,
Елшіні қайырыпты сөзге көнбей.
Әскерін жиып алып қарсы шықты,
«Ләйләні бермеймін, – деп, – өзім өлмей».

Соғысып, екі әскер араласты,
Қыз үшін бірін-бірі жараласты.
Қайтпаған жаннан беті өмірінде,
Науфалдың батырлары қайта қашты.

Науфалдың жатқан үйі алтын шатыр,
Сәждеге басын қойып Мәжнүн жатыр.
Бір дүбір естіген соң Науфал шықса,
Алдына келді қашып өңкей батыр:

«Тақсыр-ай! Қашпаушы едік жаудан ығып,
Жеңіп ек жау әскерін жерге тығып.
Шыдатпай, бет қаратпай қайта қуды,
Ғажайып алдымыздан бір өрт шығып.

Білмедік қайдан шықты осы жалын,
Мұндай іс болған емес бұрын мәлім.
Сопыдан кереметті сұраңызшы,
Сол кісі біле ме екен мұның халін?»

Сопы айтты: «Мәжнүн жатыр Хақтан тілеп:
«Әскерін ғашығымның қор қылма», —деп.
Анық-ақ бұл керемет содан болды,
Сұраңыз нанбасаңыз өзін әкеп».

Ол айтты: «Тілегенім рас Хақтан
Бұл әскер келді ғой деп жарым жақтан».
Мәжнүнге Науфал сонда жалыныпты:
«Қарағым, дұға қылма, енді сақтан.

Жатырмын қырылысып жарың үшін,
Ойлаймын жеңейін деп арым үшін.
Осының бәрі жалғыз сенің қамың,
Аянып тұрғаным жоқ жаным үшін», —

Деді де өзі бастап Науфал барды,
Қойдайын қасқыр тиген қырып салды.
Ұрғызбай аңдып жүріп жолдасына,
Тірідей қыз әкесін ұстап алды:

«Бермедің қызды неге сұрағанда,
Зар қылып елі-жұртың жылағанда.
Біреудің жалғызының қанын жүктеп,
Тимей ме қызың байға бұ заманда?»

«Ей, батыр, дәтімді айтқыз, сөзім тыңда
Бермедім намыс ойлап мен басында.
Амалсыз ойнасына қыз берді деп,
Дұспаным табалайтын тұр қасымда.

Қаңғырып кетті Қайыс онан кейін,
Жындыға қыз берем деп мен не дейін.
Жаңада біреу келіп құда түсті,
Халқымнан сұраңыз, мен үндемейін.

Ләйләні айттырды кеп Ебнсалам,
Қалайша жалған айтып тірі қалам.
Әперсең, кісі хақын әпересің,
Өзің біл не қылсаң да енді, балам».

Науфалдың қаны қашты көзі жайнап,
Бармағын ыза болып алды шайнап.
«Сен маған кісі хақын әперме, — деп,
Бір жағынан Мәжнүн тұр ағата

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?