Мұхтар Шаханов (Отан)

 Мұхтар Шаханов (Отан)

Өлімі де өнеге ғой алыптың,
Лұқпан хакім көз жұмғанда
Дөңгелегі тоқтап қалған секілденіп тарихтың,
Қайғысында шек болмапты халықтың.
Қасіретке кім тұрады арашы,
Кім билігін жүргізе алмақ тағдырға?
Осы шақта Лұқпан хакім баласы
Әкесіне арнап жоқтау жыр жазып
Оқып берді қалың жұрттың алдында.
Бірақ жыры ойсыз әрі жалынсыз
Болған соң ба, естілді тым нанымсыз.
Әдет сақтап әрең тыңдап ел тұрды,
Бұл патшаның күрт ызасын келтірді:
- Дүрелеңдер мына арсыз баланы! –
деп ақырды ол жарқ-жұрқ етіп жанары,
- Күнәм қайсы, айтпайсыз ба, әміршім? –
деді бала тас түйіліп қабағы.
- Күнәм қайсы дейсің, ә?
Жүрегіне күннің гүлзар жылылығын жинаған,
Қыран таулы кең даланың ұлылығын жинаған,
Жинағанын адамзатқа жомарттықпен сыйлаған,
Сөйте тұра туған елдің маңдайына сыймаған,
Қасиетті ұлы әкеге өр парасат, ер көңіл
Мұндай жасық жыр жазғанша.
Ақын болмай жерге кір!
Мансұқ еттің ұлы адамның арманын,
Амал нешік, жақсы еді үнсіз қалғаның.
Әкеңді де аямадың,
Өнерді де қорладың,
Екі бірдей қылмыс жасап сорладың.
Мен үшін сен сияқтысың енді мәңгі тірі өлік,
Жазаңды ал да жөніңе тарт - деді патша түнеріп.
Отан!
Қайсар ар-намысым,
Жайсаң іңкәр шапағым.
Перзентте жүктеген қорғанысын,
Сен намыстың ну қалың орманысың.
Сол үшін де шыңнан заңғар атағың.
Тұлғасына табындырған,
Алыс жүрсем сабылтып, сағындырған,
Менің ұлы әкем сенсің, Отаным!
Әкем сенсің - Арман тұлға, Ай тұлға,
Перзенттерің саған деген сағынышын өзінің,
Махаббатын, ең асаси сезімін
Тиісті емес жасық сөзбен, жалған сөзбен айтуға.
Ал, жасықтық — жалынсыздық,
Жалынсыздық — дәрменсіз дарынсыздық,
Жүрген сол ар ақын атын қор қылып.
Және солар қанаттыға тор құрар.
Жалынсыздық - о бастан-ақ сорлылық,
Жалынсыздың барлығы да сорлылар.
Жамылғанмен махаббатты қалқан ғып,
Жалынсыздың түп атасы жалғандық.
Сол жалғандық жаншымағай сананы,
Өнердің де ең негізгі талабы –
Жалындыны мадақтау,
Жалынсызбен күресу боп қалады!
Ісім аздау болса да әлі маңдытқан,
Жел өтіне егілген ерен талдай,
Гүлді ызғардан қалқалап келем талмай,
Қаншама рет жалын жасты қорғап қалдым зорлықтан.
Сенің қансыз ұлдарыңның кей кезде,
Маған тісін қайрайтыны сондықтан.
Көк майсалы өнер тауын шаңғытқан,
Күрес аштым жалынсызға, қулықпенен жанды ұтқан.
Білем, содан кедергім көп алдымда,
Жиі жолым болмайтыны сондықтан.
Жылтырағын гауһар деуге тым шебер,
Сүйікті Отан,аз ба бізде дүмшелер,
Оттан қашып піспей қалған күлшелер!
Әркез сені жалғандықтан қорғауға
Бақыттымын, күшім жетіп тұрса егер!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?