file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

Қадыр Мырза Али (Өзіміз туралы ода)

 Қадыр Мырза Али (Өзіміз туралы ода)

Тарғындарға жүкті болып анамыз,
Туған жерде айтылады көп аңыз.
Түмен-түмен тұяқтардан кейін де
Қызғалдаққа толып кеткен даламыз.
Жүз қырылдық,
Мың қырылдық,
Тіріміз.
Тірлікті сол мадақтайды жырымыз.
Жұттан соң да
Дүбірлетіп даланы
Төрт түлікке толған қайта қырымыз.
Тазшаңыздың өзі қандай ақылды-ақ!
Тыңдаған ел сөзін оның мақұлдап.
Талай талқан болған қазан-ошақтың
Тұтаныпты оты қайта лапылдап.
Болдырмауға тырысқанмен бар дұшпан,
Бүгінгі ұрпақ зымыранды көрді ұшқан.
Күні кеше басқыншының батыры
Қызымыздың жебесінен жер құшқан.
Әлі күнге кірсіз таза арымыз.
Белін буып, жауға шапқан кәріміз.
Құлақшындай құлағанша өркеші
Жүгін жолда қалдырмаған нарымыз.
Талай ғасыр,
Талай заман ауғанша
Біз шекпедік, шөкті бірақ тау қанша!
Тұлпарымыз мыңқ етпеген
Етектей
Ерінінен екі елісі қалғанша!
Жырлап жүріп ерлік әнін,
Осы әнді,
Қалай келсең,
Солай сені тоса алды.
Айналайын,—
О заман да,
Бұ заман,—
Бұл даладан таба алмайсың осалды!
Енді, міне,
Тетіктерін нық бұрап
Трактор боп гүрілдейді құт-қырат...
Ата-баба мықты еді ғой!
Мықты еді!
Ұрпағы одан болу керек мықтырақ!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Қазақстандықтар шетелге қай мезгілде жиірек шығады
» Freedom bank-те керемет акция! 1000 ₸ кэшбек сыйлайды
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?