Қалижан Бекқожин (Есілге)

 Қалижан Бекқожин (Есілге)

Көкше мұзды суық сұр
Құрсап қатқан Есілге,
Мұңмен қарап сұлу тұр,
Кім түсті екен есіне?
Сүйенгені — сары ағаш.
Солқылдайды суылдап,
Сүймек боран есуас
Құшағына сұлуды ап.
Боранды күн бұл жерде
Неге, сәулем, мұңайдың?
Боран соны білер ме,
Айтшы маған, не қайғың?
Қалдың ба осы арада
Жан жарыңнан айрылып?
Жүрсің неге далада,
Тұрсың неге қайғырып?
Аққан толқын секілді
Арманың бар, білемін,
Сол жігітті, сол күнді
Ойлап жанды жүрегің.
Ұқсап соққан дауылға
Арман кетер, ой қалар.
Ертең біздің ауылда
Таң-тамаша той болар.
Сонда, қалқам, өзің біл,
Жаздың сұлу кешінде
Мейлің шомыл, мейлің жүз
Екеулерің Есілге.
Соған дейін бұл жерде
Қайғырмашы, тұрмашы,
Мұң шақпа өзенге,
Шалқыта бір жырлашы!
Жүректегі жалынды
Шаттық әні көтерер,
Келеді деп жарыңды
Күлім қағып күте бер!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?