Қасым Аманжолов (Қытай қызы)

 Қасым Аманжолов (Қытай қызы)

Отырып құрыш қанат самолетке,
Старт, aп шың басынан шықтым көкке,
Бір шолып ұлы Отанның кең алабын,
Көз салдым күндей күліп төңірекке.
Кенеттен кетті денем тітіркеніп,
Түсіп ең көз жанарым қиыр шетке:
Қиыр шет — Қытай жері астан-кестең,
Сықылды аспан қирап жерге түскен,
Бейне бір ақыр заман болғандай - ақ,
Адамзат белуардан қан-сел кешкен.
Күп - күңгірт, көрінбейді кекшіл аспан,
Жер үстін, аспан астын түнек басқан.
Кеткендей үркер үркіп, шолпан шошып,
Айрылып нұрлы күннен ай адасқан.
Аранын аждаһа ажал ашқандайын,
Өлімнен өмір шошып қашқандайын,
Еркі бар, еншісі бар ереуілді
Үркітіп бір пәле.кеп басқандайын.
Бұршақтап бомбы жауған самолеттен,
Бұрқырап оқ бораған пулеметтен,
Жер шары доп боп ұша жаздағандай
Түскенде снаряд кеп зеңбіректен.
Қираған күл - талқан боп қала жатыр,
Қайғырып,қан құсқандай, дала жатыр,
Аспанда қаптап ұшқан қара құсқа
Жемтік боп ана менен бала жатыр.
Әр жерде: біреу қуған, біреу қашқан,
Біреулер қатты сасқан, жан таласқан,
Алысқан, арпалысқан, найзаласқан...
Айрылған біреу қолдан, біреу бастан...
Тау өрлеп, өзен бойлап, құмды кешіп,
Барады лек-лек әскер жер қайысқан...
«Кім бұлар, шұбырысқан, қырылысқан.
Тағы да тыныштық бұзған қандай дұшпан?
Дедім де қиялыммен қиыр кезіп,
Барладым Қытай жерін әрбір тұстан.
Өттім де «Ұлы Қытай Қорғанынан».
Шанхайдың шықтым барып ар жағынан.
Елде азап, жерде тозақ төнгендігін
Байқадым бір сұлу қыз қабағынан.
Кәдімгі қиғаш қасты қытай қызы
Сықылды кек жұлдызы,жер құндызы,
Мезгілсіз суық сорған алмадайын
Бозарып солған екен қызыл жүзі.
Будырап тарқатылып кеткен шашы,
Көл болған көзден аққан қанды жасы,
Қабағы, қан жауғандай қатуланған,
Көңіліне кек толғандай көз қарасы.
Жапан түз, құба құмда жоқ еш керік,
Әр жерде сұлап - сұлап жатыр өлік;
Елсізде еркіндеген ессіз құйын
Кетеді еліктерді кұммен көміп,
Үйілген таудай кұмның ық жағында
Басына бір өліктің келіп төніп,
Қыз отыр ескен желге мұң шаққандай
Егілтіп иен даланы күңіреніп:
Шығыстан шыққан сұм дұшпан!
Айырдың мені анамнан
Құлын-тайдай айқасқан
Айырдың туған ағамнан,
Зарлатып жастық шағымнан,
Айырдың сүйген жарымнан!
Енді бізге не етпексің?
Тағы да қан төкпексің!
Жұтпақпысың жерімді,
Ұлтымды, ата-тегімді.
Қытай ұлын күл қылып,
Қытай қызын күң қылып,
Жатпақпысың шалжиып?!
Дәулет құрап, мал жиып?!
Жоқ, жоқ, болмас тілегің!
Қытай түрді білегін,
Кеп қорқытар, біз кеппіз,
Көп жеңерін білемін!
Қытай ұлы құл болмас,
Отан үшін, ел үшін,
Дәулет үшін, жер үшін,
Ерік үшін жан пида!
Қимылда, Қытай, қимылда!!!
Орынынан тұрды атып қытай қызы,
Ызадан оттай жанған екі кезі,
Ентігіп біраз алға жүгірді де,
Тоқтады билей алмай өзін-өзі,
Қиратты ақыл-ойды қайғы жеңді,
Елестеп көз алдына өлім келді,
Қайрылып қайта келіп әлгі орнына
Құшақтап, зар жылады, өлген ерді:
«Жастық алтын шағымда
Ғашық болған жарым ең,
Қуатыңның барында,
Жүрегім ең, жаным ең,
Жүрегім, жаным сен өлдің,
Қалды менің құр денем,
Мен де елікке теңелдім,
Әйтеуір құр күңіренем.
Құр денемді сүйретіп,
Енді қайда барармын,
Иен даланы күңірентіп
Жылармын мен зарлармын,
Сені тастап мен кетіп,
Кандай рахат табармын.
Жаудың атқан оғы өтіп,
Бір жырада қалармын.
Одан - дағы сүйгенім,
Арулап сені көмейін,
Қабырыңды құшақтап,
Өз жаныңда өлейін».
Тигенде құлағына қыздың зары,
Қайнамас кімнің, сірә, зығырданы!
Ұшқан құс, жортқан аң да қайтіп шыдар,
Бар болса кеудесінде ыстық қаны.
Япырм - ай, жаны ашымас жауыз жапон
Жексұрын болды-ау, сірә, аңнан - дағы!
Елсізде еңіреген есіл сұлу,
Панасыз жетім сұлу, жесір сұлу.
Қуғындап қыр соңынан бір қалмастай
Алды екен сұм тағдырдың несін сұлу?!
Өмірден бар күдерін үзген сұлу,
Жібектей жас жанынан безген сұлу,
Жапанда жалған күшке жалбарынып,
Жылайды өлім күтіп тезден сұлу.
Болғандай қыз ойынша, «заман ақыр»,
Бейне бір көз алдында «жаһаннам» тұр
Өмірден есеп сұрай келгендей - ақ
Көтеріп «күрзілерін» «мүңкір-нәңкір»,
Сұлудың өмірінің алуан сыры
Елестеп көз алдынан етіп жатыр.
Елестейд: алтын өмір — жастық шағы.
Ойнаған, ермек еткен қуыршағы...
Мақтанып өзі құрбы балаларға
Маржандай көріп таққан тас моншағы...
Елестейд: есі кіріп, бойын түзеп,
Жамылып жүрген кезі жібек шәлі...
Адам боп анасына көмектесіп,
От жағып, су таситын келгенше әлі.
Елестейд: әкесінің көрген күні,
Құлы боп бір мырзаның жүрген түрі,
Еңбек — еш, жігер — құм боп өтетұғын
Аз ғана өмірінің күні-түні,
Ақыры азап шегіп қаза тапты
Ел шұбырған, қырылған аштық жылы.
Қаңғырды қайыр сұрап сорлы анасы,
Дел-сал боп, кәсіп таппай жүрді ағасы...
Сары өзен тасып бір жыл, сел басқанда
Ақыры, қалған құлап баспанасы.
Үшеуі содан шұбап Шанхай барған,
Ағасы балық аулап, қармақ салған,
Анасы көрінгеннің кірін жуып,
Күн көрген, су тасыған, отық жарған,
Мінеки, содан бері көп жыл өтті,
Ағарып ана шашы, қыз ержетті...
Келгенде осы араға қыздың ойын
Кенеттен тосын бір ой бөліп кетті:
Күлімдеп көз алдына келді жары,
Жиналды бірі қалмай құрбылары,
Өмірде кетер емес құлағынан
Қосылып құрбылардың, салған әні, .
Елестейд: жар сүйгені, тойлағаны,
Қызыққа ерте-кеш бір тоймағаны,
Достары: бірі күліп, бірі билеп,
Бірі цин , бір хуцин ойнағаны...
Елестейд: жүргені де, тұрғаны да,
Қай жерле каняай кеңес құрғаны да,
Ақыры елестейді байқаусызда
Қолынан түскен кесе сынғаны да,
Бір кезде жоқ нәрсеге жанжалдасып,
Анасын әкесінің ұрғаны да...
Тізбектеп айта берсек мұның бәрін,
Кешікпей кетірерміз сөздің дәмін,
Одан да ортасынан ойып алып,
Айтайық мән-жайын бір уақиғаның:
Ауғанда түн ортасы жатты Шанхай,
Маужырап тәтті ұйқыға батты Шанхай..-
Бір мезет: ойда жоқта ойран болып,
«Жау тиді!» деп дабылды қақты Шанхай, Ги ,
Сеннің ашы даусы құлақ жарып,
Жан-жақтан фабрик - завод салды айқай...
У да шу, қала іші азан-қазан,
Үрпиіп, үрей қашып кетті мазаң.
Жүгіріп асып-сасып, топ-тобымен
Әскерлер жатты шығып казармадан,
Тік тұрды түн ішінде бүкіл Шанхай,
Көшені кетті кернеп толған адам,
Асығыс жүгірісіп шықты сыртқа
Басқасы бесіктегі жас баладан,
Ақыры аурулар да шыдай алмай,
Сүйеніп, қарап тұрды босағадан...
Күрс еткен шықты даусы зеңбіректің,
Болғанын сезді халық бір бүліктің,
«Белгілі тиген бізге сұм самурай»
Деген сөз ауызында бүкіл жұрттың...
Қарысып қарсы жауға шықты Шанхай,
Шықпаса бос өлерін ұқты Шанхай,
Шанхайдың жау жеңуге сенімі мол,
Алып күш — пролетарлы мықты Шанхай
Жалмауыз самурайлар жан таласып,
Аптығып ұмтылса да аузын ашып,
Шанхайды жұта алмады, кұрта алмады,
Желігін жаудың Шанхай қойды басып,.
Аптықты, алас ұрды жау долданып,
Шанхайды ала алмасы болды анық,
Ойлады ең болмаса мақтануға
Кемпір, шал, жас баладан өшін алып,
Шанхайға жан-жағынан жаудырды оқ,
Бықсыды қала іші кек түтін боп,
Снаряд келіп түскен гаубицадан
Көз қимас қазынаны барады өртеп,
Аспаннан жұмырықтай жауған бомбы
Жүгірген жас балаға тиеді дөп,
Аңырап анасы кеп бас салады. —
Жалғызым, балапаным, құлыным,— деп,
Сол жерде анасы да жан тапсырад,
Жанына жарылғанда бір бомба кеп..,.
Осындай кереметке кез боп қалып
Анасы біздің қыздың ол да өлед...
Мінеки, содан бастап азап - қайғы
Басына жас сұлудың келіп төнед,
Айрылып әлпештеген анасынан
Жетім қыз күн-түні күңіренед...
Жан жары кеткен еді жауға қарсы,
Теңізде балық аулап жүрді ағасы,
Жалғыз қыз жан ұшырып жүгіруде,
Құлазып тұрды аңырып баспанасы...
Көк теңіз көз ұшында жатқан көлкіп,
Лепіріп толқыған кез тулап, мөңкіп,
Өкірген таудай толқын арасында
Бір кеме келе жатыр қалт-құлт етіп,
Ышқынып соқты шторм дауылдатып,
Қара бұлт тұрды төніп жауындатып,
Кім білед жай түсті ме, жау тиді ме,
Кемені өртеп барад лауылдатып...
Сол кезде кек теңіздің жағасында,
Жиылған топ адамның арасында,
Телміріп тұңғиыққа тұрған сұлу,
Еске алып жан жарын да, ағасын да;
Көргенде кенет кеме өртенгенін,
Әлде не алды шымшып жас жүрегін,
Билеп ап өне бойын бір жат сезім,
Қорқытып, сұрландырып, қашырды өңін,
Жан-жүйе сезеді екен жаманатты,
Жат сезім ақырында болмад тегін,
Жапонның, теңіздегі пираттары,
Қайтсе де мұқатпақ боп Қытай елін,
Кемені балық салған кетіпті өртеп,
Келтіріп команданың әбігерін.
Кеменің командасы елу адам,
Өртпенен арпалысқан бағанадан,
Ақыры айла таппай суға кеткен,
Қалмапты ең болмаса біреуі аман,
Елудің бірі — қыздың ағасы еді,
Өмірі оның - дағы болды тамам,
Қыз сорлы енді қайтер, қайда барар,
Көзінен енді қанша жасы ағар?
Жалғыз-ақ жанға медеу сүйген жары,
Одан да көптен бері жоқ еш хабар.
Жүгіріп, жан ұшырып іздегенмен,
Жас сұлу жол білмейтін қайдан табар,
Кім тыңдар оның зарын, кім есіркер,
Ол сорлы көңіл мұңын кімге шағар,
Ажал кеп алқымынан ала қалса,
Кім оны арашалап алып қалар?.. ...
Біле алмай көпке дейін не қыларын...
Ақыры шықса керек іздеп жарын.
Білмеймін қалай жүрді, қалай тапты,
Кенеттен кезім шаяды естіп зарын...
Манағы көрген жерде отыр әлі,
Әйтеуір кеудесінен шықпай жаны.
Кеп елес жатыр өтіп кез алдынан,
Дәл қазір елестеп түр сүйген жары,
Майданға аттанарда құшақтасып,
Сұлудың қоштасарда жылағаны...
Ақырда жапан түзде жатқан жансыз
Жан жарын тауып, талып құлағаны...
Қыз ойын бөлмейін деп ойласам да,
Елжіреп жүрек шіркін шыдамады,
Ұмтылдым тез жанына барайын деп,
Өлімнен арашалап алайын деп,
Бойында қозғаларлық дәрмен болса,
Көңілінде жігер отын жағайын деп.
Сол кезде бұрқыратып соқты құйын,
Ойпырм - ай қыз сорлыға болды-ау қиын!
Азынап ескен желі сол өлкенің
Арудың ойнағандай аза күйін,
Құм боран соқты келіп алай-түлей,
Ұшқан.құс, жортқан аңда қалмады үрей,-
Басынып алды әбден иен даланы
Долысы табиғаттың тағы дүлей,
Бет түзеп ешкім тіке бара алмайды,
Адасып жүрер жолын таба алмайды,
Жатқандай құмды таулар көшіп - қонып...
Қыз байғұс көз ұшында қараңдайды.
Құйыннан, құм бораннан оқтай өтіп,
Өлкені екпінімен дүрілдетіп,
Жансыздай жатқан сұлап жас сұлудың
Жанына жылдамырақ келдім жетіп,
Көтеріп, қызыл құмнан алдым аршып.
Аздан соң жиды есін, көзін ашып.
Білмеймін қуанды ма, қиналды ма,
Көзінен кетті жасы ыршып-ыршып.
—Жас сұлу, жылама сен, жасыңды ти,
Жігерлен, қайрат шақыр, күшіңді жи,
Қолқалап мен сұраймын, құрбым, сенен,"
Сен көпсін, көп жеңерін білуші ен ғой,
Кәнеки, қарындасым, енді уан,
Қытайдың Отан сүйер қызы болсаң,
Бойыңды «ин» билемей, билесін «ян»
—Ағатай, кімсіз, мұнша махаббатты, •
Елжіреп сөз айтасыз тым ләззәтті,
Есіркер әлде менің иембісіз,
Сөзіңіз, сымбатыңыз таңырқатты,
Япыр-ай, әлде менің түсім бе 'екен...—
Деп сұлу ұшан-теңіз ойға батты...
Сол кезде кернейлетіп, сырнайлатып,
Қалың қол көз ұшында келе жатты...
—Сұлуым, кім екенім келсе білгін,—
Деп жай басып, жанына жақын келдім,
Бір сипап маңдайына,— жасың сүрт деп,
Қалтамнан орамалым алып бердім.
Ол да түр аң-таң болып.
Мен де тұрмын.
Аздан соң шаштан сипап, жүзін бұрдым.
Төңкеріп қара көзін қарағанда,
Дедім мен:—Ұланымын СССР-дың.
—СССР!—дегенімде кезі жайнап,
Қолымнан ұстай алды ағатайлап
Жалт беріп бұлт астынан шыққан күндей,
Жүзінде қуаныштың сәулесі ойнап,
Құлпырып кірпігінен тарады нұр,
Елестеп кез алдында тур тәтті өмір...
Көңілін махаббаттың желі үрлеп,
От болып кайта жанды сөнген өмір,
Қайғыдан қайтқан көңіл кайта жібіп,
Жас жүрек жылыған соң қан жүгіріп,
Сұлуым болды өліп — тірілгендей,
Өмірдің тәттілігін енді біліп.
Уа, шіркін, өмір деген қандай тәтті,
Кім табар одан артық рақатты?
Өмірден өлім артық болса егер
Жан қылып мені анам неге тапты,
Дариға - ай, енді біраз жасасам деп,
Талай жан өлерінде неге айтты,
Жапонның жемтігі боп жата бермей,
Майданға қытай неге дабыл қақты,
Бәрі де сол өмірдің тәттілігі,
Осы өмір қыз көңілін де жадыратты,
Өлуге серт байлаған аруымыз
Қия алмай өмір дәмін кайта татты.
Әйтсе де естен кетпес ауыр азап
Жанына жас сұлудың қатты батты...
Азапты арқалаған сорлы сұлу
Менің де сай-сүйегім сырқыратты,
Жапонның жауызына тіс қайратып,
Көңілімде ыза отын лапылдатты.
Жауызды тастағандай қан жайратып;
Құлшынып қайратымды сақылдатты,
Жалғыз-ақ ер сабырлық ара түсіп,
Ашуға ақыл айтып, мақұлдатты.
Сұлудың сыр-сипаты ішке кіріп,
Жүректің түкпірінен сыр ақтартты.
—Балауса балдырғандай қарындасым,
Ағаңның қайыстырма қабырғасын,
Бауырым, бойыңды жи, жасыңды тый,
Сұм тағдыр енді сені басынбасын.
Зарлатқан с.ені мұнша жауыз дұшпан
Алдында әділ соттың иер басын,
Әділ сот — бүкіл әлем еңбекшісі,
Жауыздың бөгеп әлі шын жазасын,
Kөр қазған капиталға ер еңбекші,
Шығарар жауыздықтың жаназасын!
Сол күнде елің үшін нұр боп жанар
Бүгінгі көзден аққан тамшы жасын
Қорлықтан. қайғыдан да құтыларсың,
Сонда сен біздің елдің қыздарындай,
Түлеген тан нұрымен сандуғаштай
Бақыттың бақшасында құлпырарсың.
Шыңынан алтын өмір ән шырқатып,
Қызықты құмарыңнан бір қанарсың.
Армансыз адамзаттың аруы боп,
Айды арбап, көкте күннен сыр аларсын.
Бүл кәміл, бұған дәлел менің елім,
Ондағы бақытты өңшең замандасын.
Үміт қып сол өмірден өрге ұмтылсаң,
Ешбір жау білем сені ала алмасын!
Кәнеки, қарындасым, шақыр қайрат,
Жаныңа жігеріңді алшы қайрап,
Әнеки, көтерілді халқың қаптай,
Тоз-тоз боп қашты жауың тырағайлап,
Сен - дағы қосыл барып қалың колға,
Мылтық ап, қылыш асып, қанжар байлап,
Жалаңған жай отындай жас жігермен,
Жандырып, жанын өртеп, жауды жайрат!
Дегенде сұлу бойы кетті сергіп,
Нұр шашып екі көзі оттай жайнап,
Кеудесін әлде бір күш кернегендей,
Дүрсілдеп жүрегі ойнап, қаны қайнап,
Актарып ақтық сырын, көңіл мұңын,
Алдымда жас сандуғаш тұрды сайрап:
— Жапан түзде жалғыз өзім
Пана таппай сарнағанда,
Жаспен бітіп екі көзім,
Күңіренгенде, зарлағанда,—
Аждаһа ажал аузын ашып,
Төгіл маған келген кезде,
Бірте-бірте нұры қашып,
Тірлік шамы сөнген кезде,
Есіркейтін ием болып,
Сіздің мені тапқаныңыз,
Өмір отын қалған сөніп,
Қайта үрлеп жаққаныңыз.
Аулақтатып сұм ажалды,
Арашалап қалғаныңыз,
Жас жүректі, шыбын жанды,
Қайта орнына салғаныңыз.
Қайта өршітіп жас өмірді
Бойға қуат құйғаныңыз,
Шын қуантып қам көңілді,
Мені мұнша сыйлауыңыз.
Амалым жоқ, егер өлсем,
Ұмытылмас өмірімде,
Жатсам-тұрсам, жүрсем, күлсем,
Сіз боласыз көңілімде.
Алғыс айтам жүрегімнен,
Ризамын, аға, сізге
Ризамын сізді өсірген —
Халқыңызға, еліңізге!
— Қытайдың шын қамқоршысы
Болар ұлы Совет елі! —
Деп, Қытайдың жолбасшысы
Сун-Ят-сен де айтқан еді.
Тірлік болса бір барармын
Арман болған СССР-ға,-
Сонда сізбен табысармын,
Мәскеуде,
Үлкен театрда.
Таныстырып. сомда көпке:
«Бұл... қытайдың... қызы» дерсіз,
Отырғызып самолетке,
Сайрандатып жүргізерсіз.
Көрсетерсіз көрмегенді,
Білдірерсіз білмегенді,—
Бақыт жүзген шалқар көлді,
Ырыс қонған асқар белді.
Көрсетерсіз Кремльдің
Мың құлпырған нұр жұлдызы
Көрсетерсіз көсемдердің
Ұлы тұлға, ұлы жүзін.
Керсем дана Ленинді
Табынар ем тауап етіп,
Көрсем ұлы Москваны!
Сонда төбем көкке жетіп,—
Шаттық толса жүрегіме,
Жайса қайғы, шер зардабын,
Жетсем мұрат — тілегіме,
Болмас еді-ау еш арманым!
Толқыған орман, тоғай, піскен егін,
Қара жер қайысқандай қалың малы.
Сәулетті, салтанатты, колхоз, қала,
Жұлдыздай электрдің жанған шамы,
Екпіні тау жыққандай экспресс —
Болдырмас замананың арғымағы,
Самғаған сан самолет, суда кеме,
Сынғандай бір көргенде - ақ дұшпан сағы
Күзетіп отан шегін жауынгер түр,
Бойына батпан қару асынғаны.
Оның да кез алдына елестейді
Бір кезде жаудың талай басынғаны...
Аспанның айы туып, күні күлген,
Сорғалап жерге алтын нұр төгілген,
Айбынмен шағылысып күн нұрына
Отанда шымқай қызыл ту тігілген,
Астында қызыл тудың бүкіл Қытай,
Азат боп, армансыз боп өмір сүрген,
Күндіз - түн сайраңдасқан, араласқан
Бақыттың ұлы ордасы — СССР мен,
Шаттықтың дариясы шалқып тасар,
Көрінсе көсем жүзі Кремльден
Тұрғанда сұлуымыз осыны ойлап,
Қалың қол келе жатқан өзен бойлап,—
Атақты Чжу-Дэнің армиясы .
«Ура!» лап жауға қарсы шапты атойлап...
Сұлу қыз тура алмады мұны көріп,
Әкетті өне бойын күш меңгеріп,
Сақылдап кегі қайнап жүрегінде
Құлшынып қаршығадай, жігерленіп.
«Қош, аға, бақытыма тілеулес бол,
Жүргейсіз әрқашан да мені ескеріп,
Соғуы жүрегімнің сізге арналар,
Қалмаса қапылыста ажал келіп,
Ризамын, жаным жәрдем етсе
Отанға, Ызалы жүрегіме бердім ерік».
Деп сұлу қан майданға кетті кіріп,
Жұлдыз ап, ескерткішке жүзік беріп...
Жауыз жау жар астында жатқан бұғып,
Аттан сап, аждаһадай аласұрып,
Дәндеген қойға шауып өңшең қасқыр
Лап берді атакаға қарсы ұмтылып.
Сиреннің зәрлі даусы естілгенде
Жіберді жер уһлеп, көк күрсініп,
Ажалдың машинасы аран ашты
У қысып, жалын шашып, оқ түкіріп,
Тау тулап, орман шулап, жел ысқырып,
Жіберді бар әлемді түршіктіріп,
Ілезде қара түнек кетті қаптап,
Ұшқан құс, жортқан аңның есі шығып,
Жұлдыздар қалса керек жасырынып,
Сескеніп, ұясына күн тығылып,
Сұрапыл астан-кестең, ойран-топыр,
Әйтеуір бір ғажайып болды бүлік...
Екі дәу бірін-бірі жатыр шайнап,
Я сәт, шықса дейді досым жығып!
Қан тамған қынабынан қылыш, қанжар
Майрылып, опырылып жатыр сынып,
Төрт қырлы, түсі суық, сом найзалар
Бүйірден қадалады кіріш - кіріш кіріп,
Бомбыдан будақтаған улы газдар
Барады буындырып, тұншықтырып,
Ауыздықпен арпалысқан арғымақтар
Жығылып, өліп жатыр бір осқырып,
Ес кетіп жауынгерлер жанталасқан
Бір тұрып, бір жығылып, бір сүрініп,
Жармасқан жағаларға күшті қолдар
Суырып кеңірдекті,қылқындырып.
Саусақтың саласынан қан сорғалап,
Опырған отыз тісті нән жұмырық...
Доп болып домалайды сорлы бастар,
Сұм қанжар қақ шекеден кеткен тіліп,
Жаралы жауынгерлер жатыр сұлап,
Өкініп өміріне,жан ұшырып...
Қайтерсің!
Бұл қырсыққа амал бар ма,
Сұм тағдыр қойғаннан соң қырылыстырып,
Әй, сұмырай жиһангер жауыздар - ай
Сор болдың-ау, өмірге ел бүлдіріп,
Басыңа атақ,
Аузыңа ас бола ма.
Ел қанына боялған дүние-мүлік.
Күндерде күн көріңді бір құшарсың,
Қалар мүлкің өзіңдей іріп-шіріп!
Жауыздықты әділдік жеңбей қоймас,
Жауыз жаулар жеңілді демі құрып,
«Жауды аяған жеңілер»,
Дұшпандарды
Қиратып,
Қынадай ғып салды қырып,
Қытайдың халқын сақтар ұландары
Түнекті төніп тұрған шықты түріп,
Қуанды қайраттана бүкіл Қытай,
Жан-жақтан жау жеңуге дабыл ұрып,
Жеңімпаз жауынгерлер арасында
Манағы қарындасым тұрды күліп...
Бас алға! Ұлы Қытай ұландарын
Жапонның жаннан безіп жыландары,
Осыны өсиет қып кеткен айтып,
Қытайдың қаза тапқан құрбандары,
Көп қорқытар! Жеңуге бөгет болмас,
Дұшпанның көпке шашқан топырағы,
Түн артынан күн шықпай тура ала ма,
Шығыстың шымқай қызыл атар таңы.
Сонда жаудың жігері болар да құм,
Қытайдың айға шабар арғымағы,
Сонда қызыл ту болар,ерлеріңнің
Жазықсыздан бүгін де аққан қаны,
Сонда халық алдында жан тапсырар —
Жапонның өңшең жауыз Ганнибалы!
Қытай халқы шат күліп тойлар тойын,
Сұлумен сырласамыз сонда тағы,
Әзірше осымен - ақ тоқтатайық,
Дарияның тарауындай поэманы

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?