Күләш Ахметова (Зерде)

 Күләш Ахметова (Зерде)

Сағындырады табалдырығы таудай үй әлі,
Гүл жарған кезі қыр мінез қыздың қиялы.
Кісі танитын ғұламалардың сондағы,
Сөздері қандай, өздері қандай зиялы.
Зиялы қауым қауырсындарды шыңдаған,
Біз үшін сонда күй кешті ме екен күнде алаң.
Ұлы Мұхаңа үлгермей қалған ұрпақ біз,
Мұхаң таныған Зейнолла ағаларды тыңдаған.
Тереңдігіңе табынатындар көп бүгін.
Ұста мен ұстаз түбірі бірге текті ұғым.
Қасиетті ұя — қарлығаштарымен әлемге
Таныта білген қазақтың биік шоқтығын.
Дос түгіл, дұшпан кемітер қалай енді осы?
Кемелдігіне табыла бермес теңдесі.
Керегесі алтын қара шаңырағы халықтың
Кеудесіндегі парасаты мен зердесі.
* * *
Мойнымызға бір қырсық мініп алмай,
Қуанар-ау деп едім бірі қалмай.
Көнбіс халқым жатыр-ау көп себептен
Бостандықтың бағасын ұғына алмай.
Бір-бірімен сыйыспау жалғанда азап.
Бірін-бірі қиыспау — арман ғажап.
Бірін-бірі сақтағай Ай астында
Апыл-тапыл азаттық алған қазақ!
Қамсыздықтан туады тексіз қоғам,
Халқым менің кеудесі көп сыздаған.
Мұны ұмытпа: барың да, бақытың да,
Қамалың да, қаупің де — шексіз далаң!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?