Күләш Ахметова (Қысқы түн)

 Күләш Ахметова (Қысқы түн)

Есімде жоқ ең бірінші таныстық,
Арамызда болмағандай қалыстық.
Саған айтқан сөздерімнің бәрі жөн,
Маған айтқан сөздеріңнің бәрі ыстық.
Ойлануға жылдың апта, айы аз ба?
Ой інжуі жатпас, жаным, таязда.
Сен бар-ау деп ойлауымның өзі де
Өн бойымды жылытады аязда.
Үй тып-тыныш, қуанады жан-жүрек,
Әйнекті ашсаң, соғар салқын қарлы леп.
Ән сап жүріп, әсел қосқан құймақты
Өзің үшін пісіремін дәмдірек.
Бұлт ішінде жүгіріп жүр ай-киік,
Әйнекті жап, ауырмашы қайғы үйіп.
Қысқы түнде жып-жылы үйде нұрланып,
Бергенімнің өзі қандай шай құйып!
Тыныштық пен берекеге жиі мән
Бермейміз-ау, осы емес пе биік ән.
Әйнекті жап, алмау үшін суытып
Сұлулық пен жарастықты ұйыған.
II
Далада аяз, мөлдір ашық кеңістік,
Бөлме күңгірт тыныштыққа сеністік.
Өз үйің ғой географиялық мекен-жай
Планетадағы ең ыстық.
Қолың ыстық.
Ұсынғандай соңғы рет
Дірілдейді, шарпығандай жанды да өрт.
Тыңдашы-а... Біреу жүр-ау далада
Түн ішінде қар күреп.
Ыдыстардың, бұйымдардың үні өшіп,
Бізге қарап ерсі ербиіп түр есік.
Түн ортасы, қар күреп жүр сыртта адам
Үнсіздікпен күресіп.
Аязды түн. Адам ойы ашқарақ.
Қараңғыда көрінбейді қас, қабақ.
Өмір — күрес.
Барлық майдан, күрестен
Жалғыздықпен күресу тек басқарақ...
* * *
Жақтырыспай отырмыз, кінәлі ме ем,
Жаным, саған ескертем мынаны мен:
Кекшіл адам емеспін,
Жылап қалсам,
Жұбанамын Естайдың бір әнімен.
Ақ лақтай ойнаған жар жағалап,
Асыр салам, өзіңді тауға балап.
Жоқ нәрсені іздемей,
Жадыраймын,
Жауып тұрған әдемі қарға қарап.
Сұлық қарап қалмашы,
Сұранамын.
Бұл өмірді ұзатар бір амалым —
Сәл нәрсеге кірпіше жиырылмай,
Бар нәрсеге балаша қуанамын.
Қабағыңды аш,
Аларып қараған кім?
Жадырашы,
Жоғалсын арадан мұң.
Асыл тасқа, әр затқа алданғанмен,
Махаббатына жетпейді бәрі адамның!
* * *
Айналдырып біреуі әңгімемен,
Біреу саған сыр айтып алдыменен,
Біреулері шақырып кездесуге,
Бәрі сені әкетіп қалды менен.
Жұмбақтарға жақын ғой, жалпы, халық,
Жасырынсаң артқандай парқың анық.
Менің жанға қимайтын қызығымды
Кеткісі бар біреулер тартып алып.
Әр тарапқа көндіріп әрбірі әрең,
...Самолеттер, сапарлар... барлық әлем.
Сағынуға, ойлауға мұрсат бермей
Бәрі сені әкетіп қалды менен.
Бәрі сені әкетіп қалды менен,
Көңілімді жұбатам енді немен.
...Жолдар, достар... шақыра берсін сені,
Тек тағдыр әкетпесін мәңгі менен.
Байқамай мүмкін сені сәл кейіттім,
Бір ару кездесті әлде таң кейіпті.
Кешіктің,
мұңдасымдай жұбатады
ғажайып асыл әні Сольвейттің.
* * *
Жеңістер мен жеңілістен тұратын
Тірлік — күрес. Жеткізе ме мұратың.
Сол тірлікте керек екен бір адам
Жүрегіңді жақынырақ ұғатын.
Кездеріңде құлдыраған, құлаған,
Кездеріңде қиянаттан жылаған,
Жұрт аяйды,
Бірақ сенің жаныңда
Қалмайды ешкім: қалатыны бір адам.
Сол адамның жақын болар аты тым,
Бөліседі ол жақсылығын, уақытын.
Сол адаммен жеңілірек жүгің де,
Сол адамға байланысты бақытың.
Болсын сенде дос ондаған, жүз мейлі,
Болсын бәрі мейірімді, ізгі ойлы.
Бір-ақ адам сеніменен бақытты
Бір-ақ адам сені ойлайды, іздейді.
Сені ешқашан шығармас ол санадан,
Қасіреттен, қайғы, мұңнан, наладан,
Жауыздықтан, жамандықтан, жаладан
Құтқармайды одан басқа жан адам.
Түсінбеске түсіңді де жорытпа,
Жүрсең-дағы жол үстінде, жорықта,
Сені жақсы көретұғын жан барда
Басқаларға басыңды име, қорықпа!
Тастамайды ол төпесе де ақпан қар,
Сол адаммен арайлырақ ақ таңдар.
Сондай адал жар кездессін сендерге,
Сондай жарды аялаңдар, сақтаңдар.
* * *
Жетпейтіндей бір нәрсе көркем ойға,
Ақындардың теңеуі келте, майда.
Беатриче бар, бірақ
оның сұлу
Образын жасайтын Данте қайда?
Арулар бар, аз емес күшті ұлдар да,
Көзден ұшқан бағынған ұшқындарға.
Сұлу әйел сүрінген тасты сүйіп
Өлмес өлең туғызған Пушкин бар ма?
Орын берді ойынан жаһан оған,
Адам бар ма есімін атамаған.
Балқадиша кеткенде гимн жазған
Бар ма бүгін баяғы Ақан ағам?!
Сол жігіттер жоқ бүгін сүйе алатын,
Сүйгені үшін өмірін қия алатын!
Қорланамын көргенде кей жігіттің
Қорландарға жасаған қиянатын!
Біздің ару сіңлілер бейнелері,
Ұлы жүрек тілінде сөйлемейді,
Ләйлалар бар, Жұматай жоқ бірақ та,
Жыр оқысам, осындай ой келеді.
Жас ақындар
Білдірмей құр құмарын,
Жүректерге аударып бұлбұл әнін,
Әрбір ғасыр аялап өтетіндей
Жырласа ғой құрметтеп құрбыларын.
* * *
Көп нәрсені болады кешіруге:
Кеткенді дүниеге есі мүлде,
Қулыққа үйренгенді бесігінде.
Елемеген дұрыс қой көп нәрсені,
Өкпешілдік не керек осы күнде.
Кешіруге болады, таласпа әлгі,
Сыпайылық шегінен әрі асқанды,
Атағыңа, даңқыңа таласқанды,
Ұмытшақты, қорқақты, тәкаппарды,
Қателесіп кеткенді, адасқанды...
Қамаса да қайғы мен қапа сізді,
Жайласа да жәбір мен жапа сізді,
Түсінуге тырысу керек болар,
Жақсы нәрсе — кешіру, атасы ізгі.
Білмейтінім — біреу-ақ өзің айтшы,
Кешіруге бола ма опасызды?!
* * *
Қатарласып кең даланың құсымен
Қанат қағып,
Бір-біріне ұласты ой.
Саған қайғы болғанымды түсінем,
Қуанышың болғаным да рас қой.
Бірге жүріп қиылысқан жолдармен,
Соқпағына соқпадық па өзгенің?
Аласартқан шақтарым да болғанмен,
Аз емес қой өрге тартқан кездерім.
Қатарласып кең даланың құсымен,
Қанат қағып,
Бір-біріне ұласты ой.
Маған бақыт екеніңді түсінем,
Бірақ азап бергенің де рас қой.
Бірге жүріп қиылысқан жолдармен,
Соқпағына соқпадық па өзгенің?
Асқақтатқан шақтарың да болғанмен,
Жоқ емес қой аямаған кездерің ...
Болашақты жүрдік солай қарсы алып,
Ойдан гөрі сезімге еріп көбірек.
Сен қуантсаң, қуаныппын жар салып,
Сен жылатсаң, жылаппын мен еңіреп.
Сен болған соң, мазамды алын тұрасың.
Қалдым талай күмән деген тұманда.
Сен болмасаң, мойындаймын расын,
Қиын болар еді өмірім бұдан да.
* * *
Өзіңсіз сүю заңын осы өмірдің
Білер ме ем?
Ойым мынау неше күнгі.
Сен мені жақсы көрмей қалар болсаң,
Білмеймін нендей бір күй кешерімді.
Сүймеймін десең маған бірақ егер,
Селт етпес қуанышқа куәгер ел.
Ешкімнің ештеңкесі кете қоймас,
Таң да атып, Күн де қайта шыға берер.
Түк сезбей тұра берер гүл қалалар,
Тәуелсіз баяғыдан тұрған олар.
Дүние сәулеттенер бұрынғыша,
Бұлт көшіп, бұрынғыдай сулар ағар.
Ештеңе сезбес ешкім, ағылса күн,
Сандуғаш төге бере, сағынса әнін.
Бар әлем әсем қалпы қала берер,
Тек сенсіз қалмас жалғыз менің сәнім.
Бүршіктер жапырақ боп өніп демде,
Аппақ гүл төгілгенмен өріктен де.
Болмаса сенің адал махаббатың,
Білемін қалмайтынын көрік менде.
Тапсырып тағдырымды сенгем, күткем,
Өлеңге ойып қосқам зергерлікпен.
Бақытты әйел сияқты өмір кешсем —
Сен мені сонша жақсы көргендіктен!
* * *
Мезгіл — өзен ақырын ақпайтыны қинайды,
Менің қайғым басқаға батпайтыны қинайды.
Бізді жұрттың білмей-ақ мақтайтыны қинайды,
Бір көгершін кеудемде таппай тыным қинайды.
Жыр әкелмей жастықтың неге түні қинайды,
Жылдардың да күттірмей келетіні қинайды.
Мазамды алған осы ойдың бәрінен де, сүйіктім,
Сенің маған алаңсыз сенетінің қинайды.
* * *
Әлі айнымай келесің. Төзімді-ақсың,
Қой көзіндей момақан көзің жақсы.
Сүймесең де, сүйсең де — қадірлейсің,
Өмір бойы сол сезім созылмақшы.
Кездерің жоқ дұшпанға таба қылған,
Мінезіңнен табиғи табамын мән.
Бір ауыз сөз айтпай-ақ жан күйімді
Сен түсініп тұрасың қабағымнан.
Інжу-маржан теңізден сүзіп маған,
Беретін — Сен, некелі жүзік тағам.
Сен жанымда жүргенде айдай болып,
Адам бар ма сүйсініп қызықпаған?!
Басқаларға өр басын имеді шың.
Жүрегімді бір шаттық биледі шын.
Тәуба-тәуба деп келем
Дүниеде
Сендей жігіт мені адал сүйгені үшін!
* * *
Қандай бақыт тағы да таң атқаны,
Тамылжытып құс әнін таратқаны.
Қандай бақыт жанымда сен тұрғанда,
Бөлмемізді махаббат толтырғаны.
Қандай бақыт өріктер гүлдегені,
Қамығуды, ойлауды білмегені.
Қандай бақыт жылда жаз келетіні,
Қандай бақыт өзіңе сенетінім.
Қандай бақыт жапырақ билегені,
Қандай бақыт басқаны сүймегенім!
* * *
Анар түсті барқытпенен тысталған
Жұмсақ диван, арқалығы өрнекті
Ұнаса да,
болған емес күшті арман,
арманыңыз одан гөрі көрнекті —
екеуімізді басқа кәусар шөлдетті.
Кресло, сырты таза былғары,
Тақтан биік орындықтар сонша көп
Үйде тұрса, рахат қой бұл бәрі,
Бірақ соны тілемеппіз болса деп,
Бармақтай бір бақ берсе деп аңсап ек.
Ұстамадық ұлы ұсталар зерлеген
Патшалардың тұтынатын ыдысын.
Жиһаз бұйым көретұғын көрмеден
Тар бөлменің тарылтқан жоқ тынысын,
Түпнұсқасы — туындының дарынды
Қайдан түссін біздейлердің қолына?
Қуған жоқпыз алтын деген сағымды,
Түскен жоқпыз дүниенің жолына,
Тиген жоқпыз қазынаның қорына,
Өліп-өшіп, жанталасып іздеген
Шын емес пе қалағанын табары.
Бардың парқын түсінсек те,
Біз деген
Қаштық содан саналы,
Көзімізде қанағат бар шамалы.
Хрустальдар шақырса да сыңғырап,
Қызықпадық. (Таң қалдырар бұл сізді.)
Ажырата білмеу емес бұл бірақ —
Бағалы мен құнсызды.
Көрген жоқпыз байлардан да мұңсызды.
Жан байлығы — шын байлық деп шірендік,
Кедей болу — мақсат деу де далбаса!
Байлық деген жақсы-ау,
Егер түгелдік
Жақсыларға жақпайтыны болмаса.
Бәрі-бәрі тұрмаса да жарқырап,
Қарапайым отауыңның өзінде —
Бақытты өмір сүре аласың еркін-ақ
Еңсең биік, өмірге іңкәр кезіңде,
Махаббат пен мейірім болса көзіңде!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?