Күләш Ахметова (Ене сөзі)

 Күләш Ахметова (Ене сөзі)

Келінжан, тілегін ал мына көптің,
Ойлама ақыл айтып тұр-ау деп тым.
Естілікпен ескергін,
Келген жерің —
Жақсысы бір ауылдың, бір әулеттің.
Қос өзен қосыла ма, қоса аға ма,
Қуаныш соның бәрі осы анаңа.
Шаттық боп келші, жаным, шаңыраққа,
Бақыт боп келші, жаным, босағама.
Мүмкін мұнда көп ғұмыр өткізбегің,
Өткізерсің күндердің көп тізбегін.
Жақсылығын асырып бір әулеттің,
Жетпей жатқан жерлерін жеткіз, келін
Адам бардың қадірін қашан білген,
Үлесіңді ала біл осы әр күннен.
Анаң берген сендегі қасиетке
Мейірім мен тәрбиемді қосармын мен.
Айтқан сөзді ақылды келін ұғар,
Өмір деген керуен,
Көбі — мұнар.
Жақсы әкенің атағы жақсы-ау,
бірақ,
Әр адамның өзінің өмірі бар.
Ата-анаң — саялы теректерің,
Болар әлі ұрпағың — бөбектерің.
Үлкеніңнен үлгі алып бұдан былай,
Өз көшіңді бастауың керек, келін!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?