Күләш Ахметова ("Айнакөл" "Ақкөл" "Билікөл")

 Күләш Ахметова ("Айнакөл" "Ақкөл" "Билікөл")

Маздақ от маңдайымды сүйді менің,
Басымды қасиетіңе идім, елім.
Басылмай сағынышым келгенімде,
Алдымнан шықты мұңлы Билікөлім.
Айдының мейрам еді, сайран еді,
Әдемі аймалаған майда лебің...
Алдымда жатты тағы жаутаң қағып,
Айрылған айнасынан Айнакөлім.
Бұлбұл жоқ.
Үні жетті торғайлардың,
Дәл менше сұлулықты қорғай ма әркім.
Асығып Ақкөлді іздеп қарап едім,
Ол да жоқ.
Сор жазықты зорға айналдым.
Күн енді бұрынғыдан күйді керім,
Күн емес,
қызыл оттан күйді ме ерін...
Сендер де жанып жатыр екенсіңдер,
Ақкөлім, Айнакөлім, Билікөлім.
Сақтаудың таппадық та тіпті амалын,
Басыпты-ау құмырсқалар, құтты алабын.
Үш көлім Үшаралдың жолындағы,
Сендерді шөлден қалай құтқарамын.
Қаз кетті қайта оралмай ақырғы әнмен,
Айырылып жағалауың жатыр мәннен.
Аққулар аңсап менше келер ме екен,
Айқайлап не жалынып шақырғанмен.
Жапырақ топырақтай жұтаң бәрі,
Қалыпты нар қамыстың тұтамдары.
Кетті де басқа көлге бауыр басып,
Көлдердің қаз, үйрегі, құтандары.
Бұл жерге бұдан былай жаңбыр арман,
Қылтиып қыз беліндей жол бұралған.
Көршілес көлдерімен тағдыры бір
Ақкөлдің алақандай орны қалған.
Мөлдіреп, толықсыған көл қайдасың,
Көктемде тасынатын сел қайдасың?
Сұлуға суға келіп шашын жуған
Айнакөл ұсына алмас енді айнасын,
Желкілдек құрақ көру — енді қиын,
Жел тұрып, үйірді бір көлді құйын.
Бишідей сахнамен қоштасатын
Билікөл билеп жатты соңғы биін

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?