Кенен Әзірбаев (Патшаның тойында)

 Кенен Әзірбаев (Патшаның тойында)

Жамбылдың бір ниеті Алматыда.
Болмайды үйде қарап шал жатуға.
Жәмшіктер ұлықтасып күн-түн демей,
Тынымсыз қара жолды шаңдатуда.
Үй тігіп, би болыстар бекет сайын,
Керекті салтанаттың бәрі дайын.
Жасауыл жарқылдатып сары қылыш,
Салады ел басына сары уәйім.
Знакты болыстардың омырауы,
ЬІзғарлы қыратындай елдің жауы,
Пәуеске құйындатып үш ат жеккен,
Қорқыныш хабаршысы — қоңырауы.
Көрінер ондағы ұлық бура түсті,
Немесе қабан қияқ, қасқыр тісті.
Солардан шекпен киген бай, болыстар,
Жазықсыз қыл мойыннан бас қырқысты.
Солардың әмірімен ел жиылды,
Төменгі ой, жоғарғы төс, бел жиылды.
Ортасы жеті ояздың Алматыға,
Халықтың қазнасынан сел құйылды.
Патшалық үш жүз жылға толыпты деп,
Ұран салып ұйтқытты жел - құйынды.
Бұл тойға ақындарды тегіс жиған,
Болыстар қалмай қол деп бұйрық қылған.
Баяғы Еркебайым жүр деген соң,
Қордайдан сол думанға бірге барғам.
Ұясын ұлықтардың көргенім сол.
Көз тұнған көп жиынға әкелді жол.
Таңқалдым біреулердің пейіліне,
Ақылсыз арақ ішіп, жегенге мол.
Шауып жүр болыс - билер ақ ту байлап,
Пристав, ояз деген одағайлап,
Старшын, стражник, жасауылдар
Қорқытар бұқараны қойдай айдап.
Талтаңбайлар таңдаулы үйге қонды,
Қазан асқан, от жаққан кедей сорлы.
Қатар тіккен ақ үйлер дөдегелі,
Қолы жеткен ұлыққа құмар болды.
Тоқашты сонда көрдім өткір шоттай,
Жайнаған екі көзі жанған шоқтай,
Аққұба, орта бойлы ширақ жігіт,
Мазасыз мамадағы аттай жүйрік,
Ертіп жүр жандаралдың
қатын - қызын,
Татқызып қазақ үйдің дәм мен тұзын.
Аралап ақ үйлерді тамашалап,
Орысша судай ағып айтар сөзін.
Тоқашты бай-манаптар, би-болыстар,
Байқасаң көзқарасы сырттап ұстар.
Шаруа кедейлер мен мұжықтарың —
Тоқашты төңіректеп жүр байғұстар

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?