Кенен Әзірбаев (Кенжеқожа мен Кенен айтысы)

 Кенен Әзірбаев (Кенжеқожа мен Кенен айтысы)

К е н ж е қ о ж а:
Арғы атам Мәделі мен Майлы қожа,
Ғылым мен өнерге асқан сайлы қожа.
Қазыны, қарта менен сары қымызды,
Қонаққа соятұғын тайды қожа.
Сүйеніп құс жастыққа, мамық төсек,
Ішпейтін қаймақ қатпай шайды қожа.
Патша менен бай-манап заманында,
Санаған жұлдыздама айды қожа.
Дін ислам күшті болып тұрған шақта,
Халыққа әділ болған жайлы қожа.
Сен болсаң кедейлерді жиып алып,
Бермедің бай, болысқа ешбір маза.
Бай-манапқа тілектес қожалар деп,
Біздей асыл тұқымға бердің жаза,
Бай-құлақ, қожа менен болыс, билер,
Көбісі қорлықпенен болды қаза.
Кенендей жарымаған жарлыларды,
Москваға шақырды неңе бола?
Петроград, патшаның ордасына
Жамбылды анарды ма салуға аза.
Есек мініп жүретін, ел жағалап,
Тоқсандағы тобырға беріп баға.
Сапырылған көжедей араласып,
Кедей, жалшы бой бермес арашаға,
Тұғыр озып, тұлпардан баға кетіп,
Төрт аяғы тірелді «тамашаға».
Ал, Кенен, ақын болсаң, бердім кезек,
Мен жоқ жерде ақынсың оңашада.
Мен қожа, сен қарасың, арадағы
Тұлпарға көк шолағың жанаса ма?
К е н е н:
Ау, Қожа, кедейлерге тіл тигізбе!
Келтірді ие жақсылық дінің бізге?
Жарығы күллі әлемге бірдей түскен,
Теңеймін Ильич шамын ай мен күнге.
Халықтың ғасыр бойы қанын сорған,
Патша, бай, қожа, молда болдың бірге.
Оқытпай түрлі ғылым, өнер жолын,
Қамаған ер, әйелді қара түнге.
Күрескен Жетісуда байға қарсы,
Ұялмай сын тағасың адал ерге.
«Қара сүйек», «ақ сүйек» ауылы деп,
Кесірің талай тиген еңбекші елге.
Адамды арбап - алдап айналдырған
Сиқыршы молда, қожа жаңын келме.
«Көпке жазған көмусіз қалар» деген,
Шындық жол мен әділет орнап бізге.
Еліме бақыт берген Ленин жолы,
Кедей тапты шығарды асқар белге.
Есек мінсе, Жамбылды кім керіп ед?
Бүкіл халық шығарды сыйлап төрге.
Абай менен Жамбылды кім білмейді,
Құрманғазы күйлері күмбірлейді.
Балуан Шолақ, Шөже мен Сүйінбайдың,
Ақан, Біржан, Сарыбас, Орынбайдың
Ән-жырына құлағын кім түрмейді?!
Көкшолағы Кененнің дүлдүл болды,
Өзі совет халқына бұлбұл болды.
Патша менен байларға жолдас болған,
Қожа, молда сүйкімсіз құзғын болды.
Талай байлар халықты қан қақсатқан,
Қойға тиген қасқырдай қуғын көрді.
Бай, манапқа тіс қайрап жүрген жалшы
Өшін алын, еліме тұлға болды.
Большевиктік адалдық, әділ жолы,
Езілген еңбекші елге нұрлы болды.
Жер жүзі кедей тақтың мұңын жоқтан,
Партия салған жолы үлгі болды.
Қараңғы елге күн шығып, тұман кетіп,
Кәрі, жас, әйел, еркек сыйлы болды.
Жер, суға жеті атасы жарымаған
Құнарлы құтты жерге кедей қонды.
Колхоз, совхоз ұйым боп, дала гүлдеп,
Бас пен малы өркендеп көңілі толды.
Ішің күйсе түз жала, Кенжеқожа,
Армансыз айтшы тағы, бердім жолды.
К е н ж е қ о ж а:
Елшісі пайғамбардың қожа, молда,
Бастайтын мұсылманды ұжмақ жолға.
Патшалар, бай-манаптар мешіт салып,
Талайды әжі қылған Меке жолда.
Жамбыл менен мақтансың Абайыңды,
Ата тілін алмаған жабайыңды.
Ақан сері, Біржан сал, Құрманғазы
Дәріптейсің арғын мен адайыңды.
Балуан Шолақ, Орымбай, Сүйімбайлар,
Шөже, Түбек, Сарыбас талайыңды.
Ишан, төре, қожамен салыстырма,
Алтын емес, жеңілтек қалайыңды.
Мәделі, Майлықожа сегіз қырлы,
Ән, күйге қақтырайын таңдайыңды.
Дәулеткерей бал тамған бармағынан,
Ақ пен қара болмайды ағайынды.
Айт десең, Кенен ақын, тағы айтайын,
Білемін, өңкей кедей жақындарың,
Еркекпен қатар жүріп қатындарың,
Арақ пенен шошқаны арамсынбай,
Адал, арам аралас сапырғаның.
Ақтық жолдап адасып, жүрсің байғұс,
Жеті тозақ отына жақындадың.
Өмірі жарымаған, Кенен ақын,
Сілеңді осы емес пе қатырғаным!
Тауықтай тал - тал жүнің жұлынады,
Мезгілсіз таң атты,— деп шақырғаның.
К е н е н:
Кезекті бердің маған, Кенжеқожа,
Кесір айтпа, сен - дағы пенде қожа.
Сәлдеңді орап, аллалап, «таң атқанда
Азан айтып» әлек боп мойып соза.
Қара құстай үймелеп қан сонарда,
Олжа алам деп бір адам болса қаза.
Ештеме алмай жүрмейді ишандарың,
Қанағатшыл ақ ниет болса таза.
Өлім шықса молдалар қуанады
Қаралы үйге бермейсің ешбір маза.
Түрлі салық өлгенге саласыңдар,
Бермесе боласыңдар тағы нарза.
Төлемеген тозаққа күйеді деп,
Жалғыз атын кедейдің ап жаназа.
Қатім құран шығарып пидия алдың,
Жұрт алдында тарттырам саған саза.
«Жылдығын», «жетілігін»
«қырқын» бер деп
Қаралыға ас бер деп салдың аза.
Бейсенбі, жұма сайын бір тоясың,
Бұл қылығың бөріден кем бе, қожа?
Құраныңды жерге ұрып, кісі өлмесе,
Қасқырдай боп шабасың елге, қожа.
Патша, байға тілектес боламын деп,
Ағын кеткен ақ сәлдең селге, қожа.
Халық сүйген ақынға соқтығам деп,
Қақпанға түстің келіп
демде, қожа.
Сөзіме, Кенжеқожа, құлақ салшы,
Сен өлең үйреткендей мақтанасың,
Шеті атамнан кетпеген ақын - жыршы.
Ерегіссең екеуміз жарысалы,
Екіленін санаңа ұршы қамшы.
Қалың қазаң халқының бұлбұлымын,
Таудан аққан мен бұлақ, сен бір тамшы.
К е н ж е қ о ж а:
Ау, Кенен, атың дарқан кен екенсің,
Ән-жырға, әңгімеге тең екенсің.
Әншейін сырттан өсек айтын жүрген,
Ақындар күндеп жүрген, ер екенсің.
Өнерге жан - жасыңнан талаптанған,
Қордайдың саулап тұрған желі екенсің

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?