Жамбыл Жабаев (Алынбас қамал)

 Жамбыл Жабаев (Алынбас қамал)

Тыныштық күнде сөйлесем
Төгілген тілден шекер-бал.
Хатерлі күнде тебренсем,
Сөзімде менің қаһар бар.
Түндерде тыныш жата алман,
Құлағым түріп хабарға:
Сталинград шаһардан.
Ұмтылған дұшпан Еділге,
Еділді сауып, емуге...
Еділім үшін жан қыймас,
Жігіттер бар ма елімде?!
Қорғаған соны ерлерім,
Ту етіп намыс, ел кегін,
Егесіп келген жерлерде,
Қорқытқан емес ерді өлім!
Кешегі қыйын күндерде,
Жауыздар төніп бүргенде,
Қаһарман батыр Сталин,
Қасына ертіп достарын,
Ертегі болар ерлікпен
Қыйратып жаудың қыспағын,
Царицын шенін бастырмай,
Білемін жауды жеңгенін.
Дауылды күнде жаралған,
Ержүрек батыр ұлдарым, -
Қадалса жаудан қан алған!
Дарытпас уын жыланның
Көремін қамал араңнан!
Жалын мен түтін ішінде,
Алынбас қамал пішінде,
Сталинград қалаң тұр,
Жартастай берік күшінде.
Қазақтың батыр ұлдары
Жан үшін жаудан жан алған,
Сендерді көріп тұр кәрі,
Жанары талмай қараудан:
Қыймаңдар жауға бұрауды
Қолымен елдің қаланған!
Соқтығып соған дүлей жау,
Жосадай қанға боялған.
Сендерде болып тұр әне,
Халайық көзі ғаламнан.
Ежелден елдің енесі,
Елдің қыдыр, маңы бай.
Қорыйтын елдің кәдесі
Тамшысын қасық қанындай.
Татам деп соны төнсе жау,
Шыдар ма жаның ауырмай?!
Қомағай жауды телмірген,
Шарпыңдар, ерлер, жалындай.
Қаһардың селі қаптасын,
Еділдің тасқын шағындай.
Сталин көріп мақтасын
Сендердей сабаз ерлерін,
Жапырған жауды шалғындай.
Жібердім сонда баламды:
Сталинград қалаңды
Қорғас деп жүрек, жанындай!
—Алғадай, дедім, аянба!
Әкеден тудың Жамбылдай.
Жырымды жеткіз ерлерге
Майданға қаққан дабылдай.
Толқыны жойқын Еділге
Қосылсын үнім дауылдай

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?