Мағжан Жұмабаев (Қойлыбайдың қобызы)

 Мағжан Жұмабаев (Қойлыбайдың қобызы)

Ертеде ел бар екен калын Найман,
Қытайға қалың Найман қанат жайған.
Қалың Найман ішінде Бағаналы,
Қазақта бақсы асқан жоқ Қойлыбайдан.

Қойлыбай жын жүгендеп, пері мінген,
Алдында жорғалаған шашты шайтан.
Қойлыбай қобыз алса-ақ қалбалаңдап,
Қақаман жалғыз көзді жынның ері,

Ерегіссе тау-тасқа салған ойран.
Дарқанның Нәдір пері - аға жыны,
Ардақтап оған Шолақ деп ат қойған.
Көйлекеңнің үшінші жан жолдасы —

Шайтанның шу асауы батыр Шайлан.
Қойлыбай бақсы болған қазақ асқан,
Жынменен жолдас болған бала жастан.
Азырақ әңгіме үшін сөз қозғайын

Қалың Найман жиылған бір зор астан.
Бір асқа жиылыпты Найман тамам,
Бай, биі, батырлары балпаң басқан.
Ішінде сол жиынның Барақ та бар

Аузынан арыстандай жалын шашқан.
Бәйгеге екі жүздей ат жіберіп,
Күрес сап жиылған жұрт ұрандасқан.
Ерігіп аңғал батыр, маңғаз байлар:

«Бәйгеге қобызың қос», — деп сұрасқан.
Қалқасы қалың Найман қалаған соң,
Қойлыбайың бәйгеге қобыз қосқан.
Найманның ұлы дүбір сол асында,

Әлеумет алқа-қотан дөң басында.
Айнала ығай-сығай, жақсы-жайсаң,
Қойлыбай қобызымен ортасында.
Бас болып батыр Барақ қалаған соң,

Бәйгеге бақсы қобыз қоспасын ба?!
Қойлыбай сонда айтады шақырып ап
Ыңғайлы бір бозбаланы өз қасына:
«Ат шабатын жерде бір сексеуіл бар

Жарып өскен жапанның жартасына.
Қобызды сексеуілге байлап таста,
Мен сенем жын Қақаман жолдасыма».
Қалың Найман бәйгеге қобыз қосып,

Шуласып отырысты дөң басында.
Бір кезде ат келетін мезгіл жетті,
Бозбала ат алдынан шауып кетті.
Сол уакыт жай отырған Қойлыбайды

Аруақ қалшылдатып, дірілдетті.
Аузынан қанды көбік бұрқ-бұрқ етіп,
Жап-жалаңаш қылышты қобыз етті.
Көздері қып-қызыл боп қанға толып,

Сарыны сар даланы күңірентті.
Бір мезгіл екпіндетіп, долдандырып,
Бір мезгіл жыны буып күбірлетті.
Қалың құмды қап-қара бұлтқа қосып,

Қызыл жел құйындатып дүрілдетті.
Жан-жақты ың-жың, у-шу дауыс қаптап,
Шапқылап жын-перілер дүбірлетті.
Осылай ойнап, сарнап бақсы жатты,

Қалжырады, қап-қара терге батты.
Сол кезде ат келетін құба жонды
Түгіндей будақ-будақ бір шаң жапты.
Сол шаңның ортасында бір сексеуіл

Ербеңдеп ойнақ салып келе жатты.
Екі басы жерді ұрып кезек-кезек,
Сабалап қырды жол ғып жаралапты.
Байланған сексеуілге қобыз берік

Көз ашқанша жиынға келіп қапты.
Сексеуілдің қопарып алып келіп,
Қақаман жұбатады ерке қартты.
Қобыз келді, Қойлыбай көзін ашты,
Қалың ел тамашадан тас боп қатты

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?