file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

Абай Құнанбаев ( ЕСЕК)

 Абай Құнанбаев ( ЕСЕК)

Қырық-елу қос бір жерден
Қайтқан екен керуендер.
Мал айдап барып әр елден
Сауда қылып жүргендер.

Алтын артқан бір есек
Соларменен келеді.
Ол жай жүрсе, жұрт та жай,
Ол желсе, жұрт желеді.

Тамам қостың байлары
Маңайынан кетпейді.
Қошемет қылып бәрлері
Шомын да жөндеп ерттейді.

Ортаға алып әлгіні
Бәрі бірдей сыйлайды.
Бірі сүйіп құлақтан,
Бірі жүнін сыйпайды.

Сылап-сыйпап, қадірлеп,
Беретұғын жем де артық.
Есер шіркін есіріп,
Болып алды тым тантық.

Көш бойы жұрт қасында,
Өзгеменен жұмыс жоқ.
Атты теуіп, адамды
Тістесе де сөгіс жоқ.

"Құдай аман сақта,— деп —
Жарда, суда!"— бата алған.
Еркелетіп ат қойып,
"Жаппарқұл мырза" аталған.

Алтын үсте жүргенде,
Сол қадірмен көп жүрген.
Өз ойында көк есек
Өзгеше тудым деп жүрген.

Алтынды бір күн бай алды,
Есектен жұрт та түңілді.
"Жаппарқұл" аты жоғалды,
Боқ тасуға жегілді.
Қарасаңшы бойыңа,
Ұзын құлақ қалпың ғой.
Жұрт ергені соңыңа —
Үстіндегі алтын ғой

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Қазақстандықтар шетелге қай мезгілде жиірек шығады
» Freedom bank-те керемет акция! 1000 ₸ кэшбек сыйлайды
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?