Мұқағали Мақатаев (Бір ән бар бүгінгі ұрпақ естімеген)

 Мұқағали Мақатаев (Бір ән бар бүгінгі ұрпақ естімеген)

Бір ән бар бүгінгі ұрпақ естімеген,
(Сонау бір соғыс жылы естіген ем)
Әредік, елдеқалай есіме алсам,
Қос басы, қою қара кешті көрем.
Шар тастар, шалғынды сай «Қарағайлы»,
Шулы өзен шомылдырған шағала - Айды.
Жөтеліп бұлттар көшіп өтетұғын,
Жетектеп жетегінде қара қайғы.
Жел тынған, жапырақ та сілкінбеген,
Тауға кеп түн ұйитын кілкілдеген.
Әр жүректі сол бір ән мазалайтын,
Әр көмейде сол бір ән бүлкілдеген.
Қос басында қауымның бәрісі де,
Қосылатын жасы да, кәрісі де,
Сіңір тірсек біздер де шырқаушы едік,
Түсінбестен сол әннің мәнісіне.
Күндізгі зор бейнеттің түні келіп,
Әр кеш сайын ән тыңдап жүріп едік.
Көз ұйқыға кеткенше сол бір әннен
Сай-сала тұратұғын күңіреніп.
Жүректің шыдырауында қоздайтұғын,
Шыбыны бар кеудені қозғайтұғын.
Қауым айтқан сол әнді естігенде,
Боталы інген борықта боздайтұғын.
Бір ән бар бүгінгі ұрпақ естімеген,
(Сонау бір соғыс жылы естіген ем).
Сол бір ән көмейіме кептелгенде,
Өмір дейтін керуен, көшті көрем.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?