Махаббат туралы әдемі өлеңдер
Құрметті оқырмандар! Осы мақалада ақындардың жүректен жазыған махаббат, ғашықтық сезім, сезім туралы әсерлі өлеңдер жарияланған. Ұнаған өлеңнің авторын тағы да басқа өлеңдерін оқу үшін автор аты сілтемесін баса аласыз. Сізге шың махаббат туралы өлеңдеріміз ұнайды деп ойлаймыз.
Нағыз махаббат
Мереке алдында
Бір шоқ гүл алдым да,
Сыйламақ болдым «шүйкебасыма».
Сәл иіліп,
Жымиып, ұсына бердім...
Ол болса,
Бұртиып шыға келді,
– Мен сенен гүл сұрадым ба,
Сондай-ақ ол қымбат тұрады ма?!
Гүл деген
Қалада да өседі,
Далада да өседі,
Шөп сияқты есебі.
Қандай жігіт қыз үшін
Шөп жинайды?
Наоборот,
Алтын сырға сыйлайды!
Сен сияқты сүмелектер
Мыстың өзін қимайды.
Ал кейбір жүрек жұтқандар
Импортный зат апарад!
Міне, нағыз махаббат!
Саған қарап қор болған
Мына мен тіптен ақымақ.
Прощай, дорақ! –
Деп гүлді
Асфальтқа атып кетті...
* * *
Қысқасы, махаббатты
Дүниеге сатып кетті.
Автор: Марат Нұрқалиев
Махаббаты мақсаты қосылу ма?
Махаббаттың мақсаты қосылу ма?!
Айтшы сәулем, сен мағаң айтшы сәулем.
Әр жүрек жауап таппай тосылуда,
О, махаббат көп екен сенің де әурең.
Сен сүйдің, мен де ұнаттым жүрек қалап,
Қос жүрек сағынып жүр бірін-бірі.
Бастадым жыр шумағын жаңашалап,
Сел болды өзіңді аңсап көңіл жыры.
Махаббат ештеңеден тосылмаған,
Керегі не қайғыға-қайғы құрап.
ІІІын ғашықтар жалғанда қосылмаған,
Жылап келіп өмірге, өткен жылап.
Өзіңмен қимай-қимай қоштасқанда,
Қалдым ғой кең дүниеде жалғыз болып.
Өзіңмен алғашқы рет достасқанда,
Басыма қалғандай еді, бақыт қонып.
Өзіңмен өткен күндер естен кетпей,
Дастан болып жазылған жүрегіме.
Қашқан озып, соңынан қуған жетпей,
Кім біледі, солай өмір сүремін бе?
Өмір сырын үғыну қиын екен,
Ей, өмір жүрмін сенің жетегіңде.
Сүю деген өмірдің сыйы ма екен,
Бар жүректі ұнатып өтемін бе?
Тек өзіңсің арманым, сағынышым,
Ұнатқаным өзіңсің, аңсағаным.
Басатын жүрегімнің сағынышын,
Сағындым сенімен өткен таң самалын.
Мен разы болар едім бұл өмірге,
Арманың орындалып, жанса бағың.
Автор: Абдулмахмуд Пошатаев
Махаббат мұңы
Беу, менің шағала құсым,
Сен әлі жағадамысың?..
Дерт екен сағыныш деген,
Жанымды жаралады шын.
Біреудің кер мінезіне,
Біреудің шелді көзіне
Болмысым үйлеспегесін,
Асығып келдім өзіңе.
Жақтырмай мына паң қала,
Қарайды құбақандана.
Барамын күрсінген сайын
Жат болып бұла таңға да.
Теңіздің толқыны сынды
Жүрегім толқып ұшынды:
Сол қызға ғашық болғасын,
Қоштасу – қорқынышым-ды.
Беу, менің шағала құсым,
Сен аппақ самаламысың?
...Бұл жалған өтер-ау бастан,
Зулатып сараң ағысын.
Автор: Асылбек Жаңбырбай
Махаббатты ұғыну
Ай қалқып, жұлдыз біткен жымыңдайды,
Махаббатты кей жандар ұғынбайды.
Қос жүрек дрс болады алғашқы рет,
Достықтан махаббат кеп туындайды.
Көкке қарап жұлдызға телміресің,
Дейсің бе әлде жүрегім елжіресін.
Бүгін шашың тегілсе иығыңа,
Ал ертең орамалың желбіресін.
Мөлдірейді жанарың сырын бүгіп,
Жүрсің ғой жүрегіңмен жанымды ұғып.
Ақтадың сенімімді саған деген,
Кетпедің өзгелердей жарға жығып.
Мұңын айтқан жұлдызға талай ғашық,
Мұңайып та, қуанып, жылап, жасып.
Жымыңдаған жұлдызды медеу санап,
Жүреміз кейде жүрек дертін басып.
Көкке мен де телмірем сағынғанда,
Сыр сезімге жүрегім бағынғанда.
Мендей сені ұнатып өзге жандар,
Мендей сені өзгелер сағынған ба?
Автор: Абдулмахмуд Пошатаев
О, махаббат, ал қызыл...
О, махаббат, ал қызыл,
Жайшы оған гүл құшақ.
Әлпештеген жалғыз ұл
Алдында тұр құлға ұсап!
Жарылқаушы тәңірі
Бұ сәттегі өзіңсің.
Татпаған бір өмірі
Ләззат нәрін сезінсін.
Балаң жігіт ойы аппақ,
Ұшқын атқан көздері,
Қырандай бір тояттап,
Ұмытсыншы өзгені.
Өмір сұру – мықтылық,
Сенде жатыр қайнары,
Сұлулығын ұқтырып
Жіберсең ғой, жайнады!
О, махаббат, ал қызыл,
Ашты оған гүл құшақ.
Әлпештеген жалғыз ұл
Алдында тұр құлға ұсап
Автор: Бекен Әбдіразақов
Махаббатты аңсау
Бәрі тастап кетердей мені алысқа,
Мен ұнатқан жүректер қош айтысып.
Жүрміз ғой мен де алыста, сен де алыста,
Егіліп керегі не, босай түсіп.
Аққу көрсем айдында жүрген қалқып,
Ол аққудың сыңары табылады.
Жүзе алмаған сұңқарды суда малытып,
Кербез аққу шынында не қылады.
Суңқарды қайтсын аққу көкке өрлеген,
Тәкаппар сыңары бар бірге бірге жүзген.
Бұл сұңқар, махаббатты жек көрмеген,
Таңдайды мыңнан бірін, бірін жүзден.
Тапқанда іздеп жүріп жан сұлуын,
Қуанғандай, арманың орындалып.
Сезбейді арман ару ән жылуын,
Қалса да жүрегіңнен орын алып.
Ұмыта алмай, қиналып, жаның жылап,
Сенделесің, өкініп, сенделесің.
Қайғы үстіне тұратын, қайғы құрап,
Қасіретті бір жола жеңбегесін.
Жүрегінде бәрінің ұмыт болып,
Жүрегенім бе жалған-ай егіліп бір.
Махабатсыз жүрекке суық толып,
Жанардан тамшы болып төгіліп тұр.
Түсінбейді мені ешкім, түсінбейді,
Жүректі таптап етіп жүр ғой бәрі.
Сені ұнатқан жүрегім үшін мейлі,
Сезіледі, сел болған өмір нәрі.
Бәрі тастап кетердей мәңгілікке,
Кетпейді- ау махабаттан көңіл суып.
Сенемін бұл жалғанда, мәңгі үмітке,
Бір күндер қалар мүмкін бақыт туып.
Автор: Абдулмахмуд Пошатаев
Бала махаббат
Бақыт тағы ілінбеді қармаққа,
Бағыттадық кемемізді әр жаққа.
Күдер үздім.
Қайтып маған, Махаббат!
Аласұртар
ащы уыңды талматпа.
Қош бол, жаным,
кездеспейміз енді біз.
Жүрегіме салып кеттің теңбіл із.
Жасыл бағым
бір-ақ күнде сарғайды,
Амал қанша, көктем де өтті,
келді күз.
Қалай өмір сүрем десең
еркіңде,
Алаңдатпас азабың да,
дертің де.
Өзіңді ойлап,
мазам қашып, ұйқысыз,
Жұлдыз санап
отырмаспын мен түнде.
Жанарыңды
қайғы-тұман торласа,
Жабырқатпас
бұрынғыдай ол да аса.
...Оқта-текте альбомдағы бейнеңе
Сәл тұнжырап
қарайтыным болмаса...
Автор: Сәндiбек Жұбаниязов
О, махаббат
Айым-ау, саған деген әнім басқа,
Бола ма сендей жанды сағынбасқа.
Айтатын бір таусылмайтын сырларым бар,
Өзіңдей жайраңдаған қарындасқа.
Күнім-ау, бұрын қалай жолықпадың,
Татпаппын сағыныштың анық дәмін.
Қалайша мен сенсіз жүріп қуанғанмын,
Қалайша менсіз жүріп қорықпадың.
Қайырмасы:
Сағындырған, о махаббат,
Жанымды жүрсің нұрға бөлеп.
Табындырған, о махаббат,
Қасиетің бар-ау бір керемет!
Бола алама мен сияқты әркім ғашық,
Ойлаймын кейде өзіңді ұйқым қашып.
Сен маған сенсең деп ем, көрсем деп ем,
Жасырын жүрегіңнің құлпын ашып.
Қайырмасы:
Қинамашы о махаббат,
Төзімім бар ғой өзің берген.
Ойнамашы, о махаббат,
Мендегі әсем сезімдермен.
Автор: Ибрагим Иса
Махаббат маусымы
Бес күндігім құбылған соң бес түрлі,
Жылап туған бақ-жұлдызым кеш күлді.
Толқымалы тағдыр кешіп жүр едім,
Өзің жақтан лүпіл-сезім естілді.
Жүрегіңмен сипай салсаң жұбантып,
Маңдайымнан шалықтайды нұр аңқып.
Бар болмысым құшағыңа сыйып тұр,
Сенсіз дүние кең демедім құмартып...
Жанарыңда құдірет бар мөп-мөлдір,
Жамалыңда жайнап жатыр көктем гүл.
Пәктігіңде періштелер шалқуда,
Хақ тілінде олар маған төккен дүр.
Құдай сені жазмышыма бұйырған,
Кеудемізге шексіз ғарыш құйылған.
Мына мезгіл бесінші бір маусымдай,
Ал махаббат қиысып тұр қиыннан!..
Автор: Асылбек Жаңбырбай
Өмір және махаббат
Асқақ ару –
азаматқа бас қайғы,
Ана-бала –
дүниенің кіндігі.
Түсінбесе
тірлік әлі таптайды,
Тиімді емес
түсінсе де кім мұны.
Түнек сезім
тілгілеме сен мені,
Тіршілікке шашқан сәулем
желікпе.
Өгей ғұмыр
өлексе еткен пендені,
Тірілуге құштар емес өлік те.
Бақыттылар
барлығына бойсұнды,
Бақытсыздың
қорқынышты тілегі –
Махаббатты
ойлап тапқан ойшылды
Мадақтады,
сосын қарғап сіледі.
Ұнамдылық –
көздегені тірінің,
Сол мақсаттан
Махаббаты бас алды.
Қалай ұнау?..
Жұмысы жоқ бірінің,
Ал, бірінің
ұмтылғаны жасанды.
Дүниенің – санап жүрген –
кілті өзін,
Дүрлерім де
дүбәраға бөленген.
Маған оңай соқпай қойды
бұл сезім
Көз салған ем
мүлдем басқа әлемнен.
Содан кейін
сансыз азап кештім мен,
Саған бұдан
тимейді еш кесірім.
Қарау пиғыл күтпей-ақ қой
ешкімнен,
Мен де ешкімнің
жаза қойман есімін.
Бағыңды күт
қара жердің астынан,
Қатып қалмай
кейбір жансыз мүсіндей.
...Қан-қан болған
жүрегімді лақтырам,
Қағып алсаң
бір тамшысын түсірмей.
Автор: Сәндiбек Жұбаниязов
Махаббат түні
Махаббат түнін,
Сақтайық бүгін,
Болайық күнім,
кешірімді.
Күтпейік таңды,
Жақпайық шамды,
Сақтайық мәңгі жүректе
осы түнді.
Қайырмасы:
Бақыт бүгін,
Шашып күнін,
Бүгінгі түн,
Ғашық түні.
Жанып, ұшып,
Өртенейік,
Сағынысып,
Еркелейік.
Жүрсем де жолда,
Сен менсіз болма,
Шаттық қой маған
сағынғаның.
Махаббат Күн бе,
Қорғайық күнде,
Жадырап жүрген, жаным-ау,
Жаныңдамын.
Қайырмасы:
Сол ғашық түн жанымызда,
Қайталансын қашанда.
Жүрем саған жүректегі,
Шуағымды шашам да.
Көңіліңде көктеймін ғой,
Өшпейді ғой жалын.
Армандаған, алданбаған, жаным!
Автор: Ибрагим Иса
Махаббат күні
Сен он алты жасыңда,
Он жетіге жетер-жетпес кезіңде.
Ақ жүрегің таныстықтың басында
Əніменен баурап еді от сезімге.
Сол сезімнің серт боларын кім білген.
Білетінмін бірақ, бірақ... дəл емес.
Сол дауысты тең көруші ем бұлбұлмен
Ал, қазіргі... ол кезгідей əн емес.
Үмітіңді үніңменен үкілеп,
Махаббатты мəңгі мас қып тастап ең.
Күдігімнен күдер үзіп, үһілеп,
Содан кейін өмір жолын бастап ем.
Балаң көңіл басылмаған аптығың,
Ғашықтықты ыммен ғана сездіріп,
Жанарыңнан төгілетін шаттығың,
Көркің де бар алатұғын көз құнын!
Сен мен үшін мəңгі мекен – жыр елім.
Жырда ақындар періште деп бағалар.
Жүрегімнің ішіндегі жүрегім,
Ондай жүрек тек біздерде ғана бар.
Өкпелетсем өз жүрегім ауырар,
Ішіндегі жүрегім сəл шым етіп.
Шаттандырсам, бар бақытым табылар
Баяғы əнің қайта туып шыр етіп.
Əуелесін сол махаббат – əніміз,
Сиқырына еш құдірет жетпейтін.
Сен мен үшін мəңгі күзсің, Сары қыз,
Тек құстары жылы жаққа кетпейтін.
Автор: Бақыт Беделханұлы
Сендерсіңдер - махаббатың жыр әні
Аналар, қыз-келіншек, қарындастар,
Құпия, тіршілікпен тамырластар!
Сендер мәңгі көктемді көктем етіп,
Жалғастырып жүрсіңдер жаңылмастан.
Сендер барда өмірдің қызуы бар,
Сендер барда жүректің жылуы бар.
Сендерсіңдер байлығы Алашымның,
Баяны бар, Жібектей сұлуы бар.
Талай ару арамызда ән айтып,
Ақ бастардың ақ шаштарын азайтып,
Қандай жақсы жүргендері қыздардың,
Еркелеп кеп, мына бізге наз айтып.
Сендер мәңгі махаббаттың бұлағы,
Өмір бойы нәрлендіріп тұрады.
Көңілімді алуан күйге тербеткен,
Сендер салған махаббаттың жыр-әні.
Автор: Ошақбай Суханберлин
Махаббат ұлы сезім
О, махаббат,
Бар ма өшің ала-алмаған,
Жүректі мазалайсың қайта-қайта.
Білемін, сенсіз адам жаралмаған,
Махаббатсыз бұл адам жай таба ма.
О, махаббат, көтеріп мазағыңды,
Жүрмін ғой мұңға батып, кейде күліп.
Көтермесем мен егер азабыңды,
Неге жүрмін, жігіт боп, өмір сүріп.
О, махаббат сен неге қарамадың,
Қол жетпейтін биік боп кеткенің бе.
Қуантуға сен мені жарамадың,
Алып-ұшып өзіңе жеткенімде.
Ұмытайын десем де, жанды қинап,
Жүректі жаулап алып маза бермей.
Жүретін мәңгілікке қайғы сыйлап,
Қайтемін, махаббатты жаза бермей.
Өмірдің мәні достар, сүйе білу,
Махаббаттың мазағын талқан етіп.
Ойыңа, адал ойды түйе білу,
Адамшылық қасиетті қалқан етіп.
Достарым махаббаттан жеңілмеңдер,
Бойыңда күш қайратың, ақылың бар.
Қапа болып кетпесін жеңілгендер,
Күресуге мәңгілік шақырыңдар.
Қыздар-ай, сұлу қыздар, ару қыздар,
Сендерсіз бұл өмірдің қызығы жоқ.
Жүрегіңді өтсе де қарып ызғар,
Жүрсіңдер көп жігіттің арманы боп.
Сендерді жігіт сорлы құлай сүйсе,
Таптайсыңдар жалынды жүректерін.
Біреуді ұнатып қап, жаның күйсе,
Байқайсыңдар жүректің дір еткенін.
Жүрген дұрыс жүректің әмірімен,
Бірақ, сүйген жүректі таптамайық.
Әзілдесіп махаббат тәңірімен,
Көңілде басқа ойды сақтамайық.
Жан сұлулық көмкерсе тән сұлуын,
Өмірдің кереметі осы емес пе.
Таңдайық, о жігіттер жан сұлуын,
Махабатсыз бұл өмір бос емес пе.
Автор: Абдулмахмуд Пошатаев
Сен жоқ жерде,махаббатты білмеспін...
Сен жоқ жерде,махаббатты білмеспін,
Сен жоқ жерде,шалқып жаным күлмеспін.
Сен жоқ жерде,басқа жанды аймалап,
Өзіңді алдап бақытты өмір сүрмеспін.
Сен жоқ жерде,бақытымды білмеспін
Сен жоқ жерде,түңілумен күн кештім.
Сен жоқ жерде,елестетіп көркіңді,
Көктегі жұлдыздармен тілдестім.
Сен жоқ жерде,өзімдіде білмеспін,
Сен жоқ жерде,жарығымды көрмеспін.
Сен жоқ жерде,арманы боп шабыттың,
Саған арнап жыр жазбайды түнде ешкім.
Сен жоқ жерде,ғашықтықты білмеспін,
Өзгені ойлап уақытымды бөлмеспін.
Сен жоқ жерде сынарынан айырлған,
Аққудай боп теңіздерде жүзбеспін.
Қайырмасы:
Сен жоқ жерде,өзімді де білмеспін,
Сен жоқ жерде,түн жамылып жүрмеспін.
Сүйем дейсің,сүйсең егер күнім-ау,
Мен жоқ жерде қалай өмір сүрмексің?.
Автор: Ерлан Рымбек
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?