Махаббат туралы әсерлі өлеңдер жинағы
Құрметті оқырмандар! Осы мақалада танымал ақындардың жүректен жазыған махаббат, ғашықтық сезім, сезім, сүйіспеншілдік, ынтызарлық туралы әсерлі өлеңдер жарияланған. Ұнаған өлеңнің авторын тағы да басқа өлеңдерін оқу үшін автор аты сілтемесін баса аласыз. Сізге махаббат туралы өлеңдеріміз ұнайды деп ойлаймыз.
ҚЫЗДАРДЫҢ МАХАББАТЫ
Қыздардың махаббаты
Ыраңды сайдағы ыза суындай
Өз көзiн өзi аша алмайтын,
Арнасынан ауытқып аса алмайтын,
Қыздардың махаббаты тамшы тектес
Қолдан жасалмайтын.
Қыздар, қыздар!
Тамшыдай мөлдiрейсiңдер,
Бақыттың терезесiнен телмiресiңдер.
Өз махаббаттарыңды ешкiмге
сездiрместен
Өз кеуделерiңде сөндiресiңдер.
Қыздардың махаббатын ұғу үшiн
Жаз болып жайнап,
Қыс болып суу керек;
Қыздардың махаббатын ұғу үшiн
Қыз болып туу керек!
Автор: Ұлықбек Есдәулет
Махаббат па?
Махаббат па?
Ол енді болған, болар.
Жан емеспін жабығып жолдан қалар.
Базарында баян жоқ дүниеден,
Көріп тағы тұрғам жоқ, оңған базар!..
Сенің сәулем жүріппін шуағыңмен,
Сен жоқ жерде көңіл пәс, қуану кем...
Шешімі оңай жұмбақты тез табамын,
Шешімі жоқ сен ғана сұрағым ең?!..
Сұрағым ең – мәңгілік басымдағы,
Әлемімнің ақ айдын, жасыл бағы.
Астананың кеш келер көктеміндей,
Көңілдің бұл аспаны ашылмады...
Жиі-жиі оқ тиіп сертімізге,
Күз сыйладым көктемдей көркіңізге!
Қоштаса сап қайтадан сағынатын,
Ем таба алмай отырмын дертімізге!..
Ұшқан құстан сұратып дерегіңді,
Хат күтумен өлтірдім, төре – күнді...
Сары қызды күздей боп сағынамын,
Сағынышқа тоғытып өлеңімді...
Автор: Ербол Бейілхан
Қаракөз бұлақ, қамықпа, жаным...
Қаракөз бұлақ, қамықпа, жаным,
Қасыңда мәңгі қалып барамын.
Жалғанның шерлі қарашығынан
Ап-ащы жас боп тамып барамын.
Қаракөз бұлақ, киелім менің,
Құрақтан көйлек киемін дедім.
Өзіңдей мөлдір өзге біреуді
Өзегім жанып, сүйе білгемін.
Сұрқия тірлік сұғын қадады,
Жұбым жығылып, жүгім қалады.
Сұмдықтың оты жайратар бір күн –
Уақыт бірақ құнымды алады.
Қаракөз бұлақ, қайғырма көкем!
Ілесіп саған айдынға кетем...
Айкезбе қылмай ақымақ қызды
Тәңірім неге ай қылмады екен...
Тағдырым оқшау, табамын кімді,
Шалады келіп шанағым мұңды.
Қаракөз бұлақ – күрсінген өлең,
Қаракөз бұлақ – жанарым мұңлы.
Махаббат келді маған да...
Махаббат келді маған да,
Қарсы тұрмадым, себебі
Мендегі ерке жүректі
Сезімдер ғана жеңеді.
Күмбір де күмбір даламда
Махаббат жайлы бар аңыз.
Сол аңыздардың жалына
Жабысып алдық жаңа біз.
Көктемедегі нөсермін,
Жыр болып жерге тамамын.
Өмірді өле сүюші ем
Сені де сүйе аламын.
Сағыныштармын сап-сары...
Лүпілдеп тұрған жүрекпін.
Білемін саған қымбатпын,
Білемін саған керекпін!
Автор: Мақпал Жұмабай
МАХАББАТ І3І
Терезенің алдында тұрған кесе,
Көрді жұрт сырттан оны əлденеше,
Ай тұрды ол, жыл да тұрды сол орнында,
Емес тек бүгін ғана, əлде кеше.
Үңіліп ішіне оның тұрдым қарап,
Кесе ме əуелде бал құйған шарап,
Қағаздың жанған ескі күлі жатыр,
Ол емес таңдандырған мені бірақ.
Таңдандым бір ғажапты мен көрдім де,
Тұр тізіліп кесенің ернеуінде
Жалтыраған əріптер əп-əдемі
Ескерткіштей арналған бір өмірге.
Сонда менің көзіме келді елесі,
Күнəдан пəк сұлудың жас бейнесі.
Кесеге сап, хаттарды өртеп жатқан
Қалтыраған бір қолдың көлеңкесі.
Қағаз жанып, орнында күлі қапты,
Жанбапты əріп, баяндап махаббатты.
Оттан басым бір күштің құдіреті,
Жазуларды жалыннан қорғап қапты.
Əлдебіреу тозды – деп, – жас өмірім,
Жан қартайып, тоқталар жетті күнім, –
Деп өртеуге бекінді жардың хатын,
Өртенбепті ол, жарқырап, қағып күлім.
Тұр əлі сол бұрынғы жас шағындай,
Əріптері жаһұттың тастарындай.
Бір қара көз əлі тұр ішінде оның
Сыры түпсіз дүниенің аспанындай.
Автор: Ғафу Қайырбеков
МАХАББАТТЫҢ СОҢҒЫ СӨЗІ
ЖІГІТ СӨЗІ
(Ə н м е н)
– Əлде сор, бағым ба,
Ұнап ең жаныма,
Сағындым атыңды
Жан сəулем, М-на.
«Шығар деп бір ойдан»,
Тілеп ем құдайдан.
Мен үшін ақ жүзің
Артық ед күн, айдан.
Ауырдым, сырқадым,
Мəлім ғой бұл халім.
Тез жанып, тез сөніп
Басылмады іңкəрім.
Кімге айттым мұңымды,
Кім білер сырымды,
Қос құшақ айқасқан
Күн қайда бұрынғы?
Ғашықтың бір əні,
Жанымның құмары.
Сен салған «Ақ қайың»
Құлақта тұр əлі.
Кіресің түсіме,
Құлпырған пішінде,
Отырам сенімен
Той-думан ішінде.
Ұмытам деймін де,
Бармаймын мен мүлде
Өзің кеп тұрғандай
Боласың кей күнде.
Тағдырға не шара,
Көңіл бір бейшара.
Жазылмай кеткені-ау
Жүректен сол жара.
Болмасын жолың тар,
Ақырғы тілекті ал –
Мендей боп, менен де
Тіпті артық сүйсін жар!
Бұзбайын сертімді.
Билейін еркімді,
Соңғы рет бір бұршы,
Сүйейін бетіңді.
Енді сөз созбаспын,
Енді жан мұздасын,
Өшпейтін бетінде
Ернімнен із қалсын.
Қартайып-нұр түсер,
Соларда гүл түсер,
Сен деген жүрегім
Көрге де бір түсер.
Əр тарап біздің жол,
Бұйырған дəм-тұз сол.
Қош, жаным, мəңгіге,
Қош, сəулем, есен бол!
ҚЫЗ СӨЗІ
(Б ұ л д а ə н м е н)
Не дейін, жан жарым,
Ауыр ғой арманым,
Ұға алмай, майыстым,
Достықтың бар мəнін.
Кешір, сен, барлығын,
Кешір, сен, жан күнім,
Аз емес, білесің
Менің де зар-мұңым.
Сүймеймін ешкімді,
Яки көз, кескінді.
Сенен соң сұм жүрек
Кірленді, ескірді.
Құр өлік денемді
Жат біреу иеленді.
Бұрынғы М-на
Жоқ енді, жоқ енді!
Атыңды тұмар ғып,
Тағармын қуанып.
Қай жерде жүрсем де
От жағып, күл алып.
Тілеймін тірлігің,
Біткенше бұл күнім,
Күліп өт өмірден
Болмасын бір мұңың.
Құшағым ұмтылған
Аһ ұрып, құр тынған.
Көлеңкең сан рет
Оятар ұйқымнан.
Келгенде қара күн
Дүниеден көшетін,
Сонда да сен ғана
Аузыма түсетін.
Өмір бір – дос артық.
Қалар қол шошайып.
Кетермін атыңды
Иманмен қоса айтып.
Дірілдеп, сөніп тез
Басылсын соңғы сөз.
Қалайын бір ұстап.
Кел, ғашық қолың соз!..
Автор: Ғафу Қайырбеков
Жерге деген махаббат
Ыстық демім суынғанша кеудемнен,
Қалай жырақ кете алармын елден мен.
Ата жұрттың Қарауылда қабыры,
Абай атам Жидебайда жерленген.
Қалай жырақ кете алармын елден мен.
Асфальт жолмен зымырайды теп-тегіс,
Машиналар керуені; көкте – құс.
Менен гөрі бақыттырақ секілді,
Абай жаққа жиі жүрген автобус!
Автор: Мерғали Ыбыраев
МАХАББАТ ПЕН ҚАРА ТАС
Махаббат деп бастасаң – елең қағып құлағы
Жұрттың бәрі қыз жайлы жыр екен деп ұғады.
Бояу да көп бұл сөзде,
Мағына бар әр басқа
Кемпір қосақ секілді сан құбылған, арбасқан.
Махаббаты Цезарьдің – биігі екен даңқтың;
Құлагерді Ақанның махаббаты деп ұқтым.
Сенбеуші едім кәдімгі ағашқа – сол еменге
Ғұмыр бойы Толстой ғашық бопты дегенге.
Екі зәулім емен тұр.
Екі еменге сол ұлы,
Ұлы қария күн сайын жүреді екен жолығып;
Солқылдатып жүрегін қайғы емгенде бір арда,
ақыл-ойдың не бір тың шыңдарына шығарда,
Келген екен сол жерге сақалынан жас парлап
Анна жайлы ғажайып романын бастарда;
Тұрмыс тартып етектен,
Қиял шырқап аспанға, –
ақыл-ой мен ақшаның басын зорлап қосқанда;
Келеді екен сол жерге;
Мейірім тілеп тастан да,
Үй-ішінің бітпейтін дау-шарынан қашқанда.
Кей ағамыз жеңгейге өкпе артқанда балаша
«Жас иісі» секілді қауышатын оңаша,
Сол бір екі еменмен сыбдырға бай, сырға нық
Толстой да, деседі, жолығыпты ұрланып.
Мәңгі тозбас сезімге – тозбайтұғын зат шыдар –
Ең тұрақты махаббат, бәлкім, табиғат шығар?!
Қос кәрі емен тұр әлі.
Сол қос емен түбінде
Төңкерілген астаудай қабыр жатыр бүгінде.
Емендер тұр асқақтап!
Мылқау топырақ-қабыры,
Табиғаттың өзіндей әрі қатал, әрі ұлы –
ескерткіш жоқ,
Қорған жоқ,
Үйілген тек топырақ,
Құстар сайрап алыста, судырар тек жапырақ...
Сенбеуші едім кәдімгі ағашқа – сол еменге
Ғұмыр бойы Толстой ғашық бопты дегенге:
Қос еменнің ұлы жан атын жайып әлемге
Ғашықтығын, кетіпті ол, қабірімен дәлелдеп.
Сүю үшін еменді – туу керек емен боп,
емендерге мен бір сәт қарап тұрдым елеңдеп:
Қос қара емен құпия жыр айтатын сықылды,
Сәл тыңдасаң жаныңды мұңайтатын сықылды,
Орыс төрі – осы жер!
Қалғандардың барлығы босағада сықылды,
№2-ші күзет осы арада сықылды...
Уа, ұлы жар – табиғат!
Ұлы анам да сен едің,
бояуын бер шыршаңның –
Сәл сарғайып келемін;
рухын бер бұл жердің,
Жұпарын бер гүлдердің –
бір шырқайын Тау әнін!
Саусағымен ауаның
Қара бұлтты ақ шыңға байлап қойып сауамын!
Сонда бурыл тасқынды ақтарармын мен-дағы,
Талқан болар бөгетің – қолдан қойған қорғаның;
Табиғаттың өзіндей,
дәл өзіндей болғалы
пісіп жатыр әзірге ой мен шабыт толғағы.
Ал, бүгінше талаппен «мен де болам» дегенде
Тәуәп етем басқалар егіп кеткен еменге.
Өз еменім – болады!
Қазіргі әнім – қиын ән,
Өзгелерге жете алмай өз көңілімде ұйыған.
Безген шақта һаярдың есебі бар сиынан,
Дала, саған сиынам!
Жерігенде жолдастан – көңілдердің қағынан,
Әділдіктің тағынан,
бұлбұлдардың бағынан;
бір қаталдық көргенде, адам, сенен тағы да
емен түгіл, мұң айтып қара тасқа шағынам...
Автор: Жұмекен Нәжімеденов
Махаббаттың періштесі
Махаббаттың періштесі
өр кеудеме орнаған,
Түйсігімнің тамырларын
өрмекшідей торлаған
ауылымды,
іздеп кетті көңілім,
Сезімімнің сабасына
толмаған.
Шығарып сап,
шалажансар қалғанмын,
Аңқау арман,
аңсарыңда алдандың.
Жыландының
жусанының иісін
Қарттығымның
қаужауына малдандым.
Таста қына,
бұрқыраған жерде мүк
борпылдайды,
буынында жел-кемік.
Әлі тұр ма
Шуылдақтың
бойында,
Сағыныштың
Сар терегі тербеліп?!
Мөлдіреген
қарақатын, мойылын
теріп жемей,
тыншымайтын тойымым.
Әлі жүр ме
базарында балалық,
қандыра алмай
кенже қалған ойынын?!
Ойнағым да
кеп тұр саған қосылып,
Қиялымның
қанатында жосылып...
Қайран, көңіл,
қартаймайды екен ғой,
Сағымдайын
Сарғайтса да бос үміт.
Автор: Серік Ғабдуллаұлы
Осы шығар туған жерге махаббат
Аңсаймын кеп алыстасам ел ішін,
Арма екенсің, айналайын, шат алап.
Бірі - ағайын, бірі-туыс мен үшін,
Осы шығар саған деген махаббат.
Қиыр жердің татсам да бал жемісін,
Қақ - сазыңды сағынамын қаталап.
Қойның - самал, құмың - сая мен үшін,
Осы шығар саған деген махаббат.
Ата - бабам кір шайқаған жерісің,
Аунар ма едім шалғыныңа жата қап.
Тауың - жазық, тасың - мамық, мен үшін,
Осы шығар саған деген махаббат.
Іздемеймін мен жер - ұйық кенісін,
Сен тұрғанда керек емес жат алап.
Қарғаң - бұлбұл, Жабың - дүлдүл мен үшін,
Осы шығар саған деген махаббат!
Автор: Кәкей Жаңжұңұлы
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?