Cалымшылардың жиған-терген ақшасының біраз бөлігі жоғалып кетуі мүмкін

Cалымшылардың жиған-терген ақшасының біраз бөлігі жоғалып кетуі мүмкін

Зейнетақы қорлары бір қолға шоғырланса, салымшылардың жиған-терген ақшасының біраз бөлігі жоғалып кетуі мүмкін. Еліміздің Зейнетақы қорлары қауымдастығының басшысы Айдар Әлібаев осыған алаңдаулы.

Оның пайымынша, жеке қорлардың құнды қағаздарын арзанға өткізу - осыған әкеп соғады. Ал, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры өкілдері ешкімнің есесі кетпейтінін айтады. Активтер мен қор міндеттерін тапсыру кезең кезеңімен өтетінін айтып, сабырға шақыруда.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын құру - салымшыларды шығынға батырады. Айдар Әлібаевтың айтуынша, бүгінде жекеменшік зейнетақы қорлары құнды қағаздарды номиналды бағамен ұстап отыр. Оны БЖЗҚ- на нарықтағы бағамен өткізеді. Ал, үңірейіп қалған жинақтағы ақшаның орынын салымшылар өз қалтасынан толтыруға мәжбүр болмақ.

"Барлығын бір ортаға біріктіретін кезде құнды қағаздар құнсызданып қалады. Яки, номиналды бағасы мың теңге деп жарияланған құнды қағаз нарықта 500 теңгеге бағаланады. Мұны біз қалайық-қаламайық, активтер жарты бағасын жоғалтатыны анық", - дейді Қазақстандық зейнетақы қорлары қауымдастығының жетекшісі Айдар Әлібаев.

Ал, БЖЗҚ-ын құруға жауапты Мемлекеттік зейнетақы жинақтаушы қорындағылар салымшылар бір тиынын да жоғалтпайтынын айтады.

Жинақ туралы ақпарат бірден бірнеше құрылымға түседі. Оның ішінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық және Ұлттық банк бар. Аталған құрылымдар аударымдарды жіті қадағалайды, сондықтан салымшының есеп-шотында сәйкессіздік болуы мүмкін емес дейді.

"Мекемелер арасындағы салыстыру жұмыстары зейнетақы қорларынан бірыңғай қорға ауысатын жеке-шоттардың сәйкестігін қамтамасыз етеді. Сондықтан жеке қорлардан ауысатын активтердің орта жолда жоғалып кетуі мүмкін емес", - дейді МЗЖҚ қаржы директоры Асан Шанимов.

Айта кетейік, жыл басынан бері қызу талқыланған зейнетақы активтерін бір қорға өткізу қыркүйектен бастап іске аспақшы. Жекеменшік қорлар жинақтағы қаржыны мемлекеттік қорға бір мезгілде емес, кезең кезеңімен өткізеді.

"Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорына активтерді өткізу графигі бектілді. Бұл операцияға қатысы бар құрылымдардың іс әрекеті егжей-тегжейлі жазылған. Жұмыс реті жіті жоспарланған. Сондықтан, бей-беркетсіздік болады деу бекер", - деген пікірде экономист Жаннұр Әшірғали.

Жекеменшік жинақтардағы қаражатты Мемлекеттік қорға тапсыру қыркүйектің соңы мен қараша айында өтеді. Мемлекет тарапынан бәрі сақадай-сай есептелгенімен, зейнетақы қорлары қаржылық құйтырқылықтарға баруы бек мүмкін.

Сарапшылар салымшыларға жылдар бойы тірнектеп жиған қаражат талан-таражға түспей дұрыс аударылғанына көз жеткізуге кеңес береді. Есептегі қаржының жетіспейтіні анықталған жағдайда қаржылық бақылау комитетіне хабарлау керек.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?