Ораза айт намазы 21 cәуірде мешіттерде оқылады. Оған қандай дайындық қажет?


21 сәуір – Рамазаннан кейінгі Шәууәл айының бірінші күні.

21 сәуірде үш күндік Ораза айт мұсылман мерекесі басталады. Ораза айт – қасиетті Рамазан айының аяқталғанын білдіретін мейірімділіктің, игіліктің, бірліктің, қайырымдылықтың мерекесі саналады. 

Ораза айт мерекесін мұсылмандар алғаш рет хижраның екінші жылы – 624 жылы атап өткен. "Айт" сөзі – жыл сайын қайта келетін мейрам, мерекелеу, хал сұрасу, бір-бірін қуанту деген мағынаны білдіреді. "Отыз күн оразаның бір айты бар, әр қылған жақсылықтың бір қайтымы бар" деген сөз бекер айтылмаса керек.


Ораза Айт намазы

Шариғи мейрамдар жамағатпен оқылатын арнайы намазбен басталады. Бұл намаз "айт намазы" деп аталады. Ораза айт намазы күн найза бойы көтерілгенде, яғни күн шыққаннан кейін 45 минут өткен соң мешіттерде оқылады.

Айт намазына ғұсыл алып, әтір себініп, киімнің ең жақсысын киіп, үйден құрма жеп шығады. Мешітке жаяу барып, жаяу қайтады. Үйге басқа жолмен оралады. 

Намаз біткен соң мұсылмандар қол алысып, төс қағысып, бір-бірін Айт мерекесімен құттықтайды, жақсы тілектерін айтады.

2023 жылғы Айт намазының уақыты: 

Айттау

Ханафи мазхабын ұстанатын мұсылмандар Ораза айт мерекесіне бір күн бұрын дайындалады. Қазақ халқында айт күндері қырық немесе жетпіс үйге айттап кіріп шығу деген дәстүр бар. Осыншама үйге айттау міндеттелмейді. Дегенмен Ораза айтта мұсылмандар бір-бірінің үйіне айттап, хал сұрасып, "Айттарыңмен", "Ораза айт қабыл болсын" деп құттықтайды. Айт күні үй иесі дастархан жайып, айттап келген адамдарға бар дәмдісін ұсынады. Ренжісіп қалған ағайын-туыс, жора-жолдас бір-бірінен кешірім сұрап жарасады.


Айт күні орындалатын амалдар

Айттың өзіне лайық жарасымды да сауабы мол амалдары жетерлік. Олар: 

  • Айт болатын түнді ғибадат, зікір, намаз, Құран оқып, дұға, истиғфар тілепн өткізу;
  • Айт күні ғұсыл алу, әтір себіну;
  • Айт намазына киімнің ең жақсысын киіп шығу;
  • Көңілді болу, құттықтау сөздерін айту;
  • Ораза айтының намазына үйден құрма жеп шығу;
  • Намазға жаяу барып, жаяу қайту және үйге басқа жолмен оралу;
  • Ораза айт күні тәкбір айту;
  • Жақындарына сый-сияпат үлестіру;
  • Араздасқан адамдарды татуластыру;
  • Науқастардың көңілін сұрау.


Пітір садақасын Рамазан айы басталғаннан бастап айт намазына дейін беру қажет. Биыл пітір садақаның мөлшері – 535 теңге.

Ораза ұстау

Ораза айт күні мешітке барудан бұрын дәм ауыз тию – ұнамды іс. Шариғат бойынша айт күні ораза ұстауға рұқсат етілмейді. Сондықтан Ораза айт күні мұсылмандар ораза күні сияқты сәресін ішпейді, күндіз ауызы ашық болады.

Ораза айт мерекесі Шəууәл айының алғашқы үш күнінде тойланады. Хадистерде Шәууәл айында алты күн ораза ұстаса, жыл бойы ораза ұстағанмен бірдей делінген. Шәууәл айының оразасын сол айдың ішінде кез келген күні ұстауға болады. Айттың алғашқы күні ораза ұстамайды. Екінші күнінен бастап ауыз бекітуге болады.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу