Ашаршылық байларды қудалаудан басталды - Үмбетхан Сәрсенбин


1931-30 жылдары халқымыз ашаршылықтан басқа да саяси оқиғалардың салдарынан еріксіз босқынға айналды. Оның бір себебі — байлар мен діни тұлғалардың институтын күштеп жою еді. 1928 жылы Ақтөбе облысынан 70-ке жуық байдың мал-мүлкі тәркіленіп, олар отбасымен Қарқаралыға жер аударылды.

Сол кездегі байлар мен діни тұлғалар — әлеуметтік қоғамның үлкен бір институты болды. Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің кафедра меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты Үмбетхан Сәрсенбин байларды жоюдың салдары неге әкеліп соққаны жөнінде айтып берді.

Оның айтуынша, қоғамда зиялылардың бірлігі күшті болған сайын, мемлекетшілдік те тереңге тамыр жаяды. Сондықтан Патша Үкіметі, одан кейінгі Кеңес билігі қазақ қоғамының ішкі құрылымын өзгертуге барынша күш салды. Мақсат— ұлт тұлғаларын қудалау арқылы елдің тұрмысы мен мәдениетінің мүмкіндіктерін шектеу еді.

—Бұның барлығының астарында ұлтты жою саясаты жатыр. Қазақ қоғамындағы тұлғалар институты толығымен жойылмаса, халықтың тарихи санасы да жойылмайды. Тарихи сананы өшірмей, ұлттық сананы жою мүмкін емес. Ал тарихи сана сақталған жерде, ұлттық сана қайта қалпына келіп отырады. Халықты бай, кедей деп жікке бөлу де тұлғалар институтын жою мүддесінен шыққан еді, — дейді Үмбетхан Сәрсенбин.

Коммунистік идеологияны жүзеге асыру үшін қоғамды бай мен кедей деп екіге бөлу тәсілі қолданылды.

— Қазақтың байлары ұлттың шаруашылығына ғана емес, өзіне тиесілі жердің сақталуына да жауапты болды. Басты міндеті —жерді дұрыс пайдалану, елдің игілігіне жарату. Байлар Алаш зиялыларының қалыптасуына ықпал етті. Алайда Кеңес үкіметі 1916 жылғы ұлт азаттық көтерілістерді сылтау етіп, оның лидерлері мен елдің бетке ұстар бай-болыстарын, діни адамдарды қысымға ұшырата бастады. Алдымен діни сауатты адамдарды қудалады. "Тіркелмеген" деген желеумен мешіттер жабуды қолға алды. Кейін кезек байларға келді, — дейді кафедра меңгерушісі.

Облыста ең бірінші Торғай, Ырғыз өңіріндегі мешіттер жабылды. Бұған себеп — 1919 жылы Байқабыл байдың баласы Қабылбайдың әкесіне ас беруі еді. Жиынға Қостанай, Шалқар, Ойыл өңіріндегі елдің бетке ұстар азаматтары келді.


Қабылбай сол асқа жергілікті Алаш Орда өкілдерін жинап, кеңес өткізеді
Осы аста көпшілікке Алаш Орданың жасақтары (милиция) таныстырылып, бай оларға жылқы берген дейді жергілікті білетін кісілер. Кейін жиында кеңес құрған кісілердің барлығы да қудаланады,
—дейді Үмбетхан Сәрсенбин.
1928 жылы қазанда Ақтөбе өңірінен 70-ке жуық байдың мал-мүлкі тәркіленіп, олар отбасымен Қарқаралыға жер аударады. Бұлардың барлығы қазақ қоғамында ең ықпалды адамдар болатын.
Олардан кейін бірінші, екінші дәрежедегі байларға қысым жасалды. Олардың айналасындағы адамдар "атқа мінер" қатарына жатқызылып, қудаланды.
Сол жылы солтүстік өңірден, яғни Қарқаралы, Петропавл, Павлодар, Атбасар өңіріндегі байлар Ақтөбеге жер аударған. Кеңес үкіметінің осындай саясаты жергілікті жерде ұлт азаттық көтерілістердің өршуіне себеп болды. Себебі, жергілікті халық басында байлардың мал-мүлкін тартып алуға қарсы болды.
Осыны білген Кеңес үкіметі құйтырқы саясат жүргізген. Мәселен, 1928 жылы Шалқар ауданында байлардың малын тәркілеу үшін коммунист жасақтарына қару берген. Байдың малын тартып, атып алуға рұқсат берген, сөйтіп қызықтырған,
—дейді Үмбетхан Сәрсенбин.
Байлардың бар малын тартып алғаннан кейін елде ашаршылық басталды. Әсіресе аштық ұлт-азаттық көтеріліс болған жерлерде қатты білінді. Осы кезде байлар мен белді кісілер аштан өліп жатқан халықты көріп шыдамай, колхоздың астығын ұрлап, таратқан. Соның кесірінен "қарақшы", "банды" атанып, қудалауға ұшырап кеткендер бар.
Біз ашаршылық туралы әлі күнге дейін ашық айта алмаймыз. Шын мәнінде аштық байларды қудалаудан басталды. Себебі ауылды асырайтын байлардың бәрі ұсталып, малын тартып алды. Олардың ауылдарына көмек көрсетілген жоқ,
—дейді философ.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу